Жетісайдың ауызсу құбырлары шетінен жаңартылуда

Dalanews 13 дек. 2018 11:15 971

Бүгінде жаңадан құрылған Жетісай ауданында ауызсу мәселесі рет-ретімен шешіліп жатыр. Аудандағы су құбырларының басым бөлігі Кеңес заманында салынғандықтан әбден ескірген. Оның көпшілігін әкімдік ағымдағы жөндеуден өткізіп келген-ді. Аудан әкімі алдағы уақытта ауызсу құбырлары толықтай жаңартылатынын алға тартты.

– Бізде қазір ауызсу құбырларын толық ауыстырып, жаңалауды қажет ететін 12 елді мекен бар. Ол құбырлар осыдан 60-70 жыл бұрын жүргізілген. Осыншама жылда ол құбыр әбден шіріген. Судың қысымын арттырсаң, құбырлар жарылып кетеді. Оны кесіп алып, жалғауға келмейді. Оларды толық ауыстыру керек, – дейді аудан басшысы Жамантай Бейсенбаев.

Қазіргі таңда Жетісай қаласындағы су құбырларын ауыстырылуда. Қаланың «Ескі шаһар» аумағындағы 12 көшенің су құбырын ауыстырылған. Қалғандары бойынша жоба жасалынып, сараптауға жіберілгенін білдік. Сараптама бітсе, Жетісай қаласын Абай топтық су жүйесіне қосуға мүмкіндік бар. Жалпы, Абай топтық су жүйесі Жетісай, Мақтаарал ауданын ауызсумен қамтуға арнап құрылған. Қазір енді осы бойынша тиісті жұмыстарды жүргізілуде.

– Біздегі жерасты суларының зерттеу, барлау жұмыстары осыдан 60 жыл бұрын жасалған. Соңғы 5-6 жылда біз ұңғымаларды қазбай қойдық. Себебі бұрынғы барлау жұмыстары бойынша 400-500 метр тереңдікте су бар деп анықталған жерді қазсақ, су жоқ болып шығады. Барының өзі ащы су. 5-6 ауылда осылай болды, – деп аудан әкімі өз ойын айтты.

 

Dalanews.kz

Рекомендовать
Последние новости