Жармахан Тұяқбайдан не күтеміз?

Dalanews 17 янв. 2016 11:19 1185




Бізде жөні түзу оппозиция жоқ, болмаған, болмайтын да сияқты. Кеңестік идеологияның шекпенінен шыққан елдердің әл-әзір дамығандары Балтық жағалауындағы елдер. Олар бірнеше рет Президенттерін ауыстырып үлгерді. Сайлау жүйесі арқылы. Грузия мен Қырғызстан да біраз ілгерлеушілік болды. Төңкеріс жасаса да, бұл елдер демократиялық құндылықтарды қоғамдық өмірге енгізе отырып, тұтас елдік мақсаттарын айқындауға тырысып жүр. Украина... Бітеу жара. Бірақ түптің түбінде олар даңғыл жолға шығады. Қазірдің өзінде өздері сүйенген тұлғалары бар, әділ сайлау өткізуге қауқарлы, жемқорлықпен күресті шынайы түрде жүргізе алады. Тек Ресей, Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Белоруссия секілді аздаған елдерде бұрынғы сең сол күйі тұр... Бұлар тонын бірнеше рет ауыстырып, «оқ өтпейтін» тоталитарлық жүйе жасап үлгерді.

[caption id="attachment_12906" align="alignright" width="513"]Жармахан-Туякбай Бір кездері осылай тұрушы еді топтасып...[/caption]

 «Ақжолдан» кейін...

Бізде оппозиция болған сияқты еді. 2000 жылдардың басындағы Жақиянов, Әблязов бастаған топтың үдерісі, оның алдындағы Әкежан Қажыгелдин бүлігі, Серікболсын Әбділдин мырзаның сан жылдық табанды күресі – бәрі оппозицияның белгілі бір дәрежеде қалыптасуына ықпал етті. Одан беріректе «Ақжол» партиясы жемісті еңбек етті. 2004 жылы өткен Парламенттік сайлау науқаны әлі есімізде. Билік бұл партия серкелерінен кәдімгідей жүрексінетін. Алтынбек Сәрсенбаев, Ораз Жандосов, Әлихан Бәйменов, Болат Әбіловтерге биліктегі биік мінберін тастап Жармахан Тұяқбай қосылған. Дәл осы кезде қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділов те үйінде жұмыссыз жатқан. Оның атышулы мәлімдемелері резонанс тудырды. Билікті де, оппозиция өкілдерін де аяған жоқ. Жаралы арыстан секілді бірінен соң бірін сынап, бетің бар, жүзің бар демей сойып салды. Көп өтпей жұмбақ жағдайда көз жұмды.

Алтынбек Сәрсенбаевтың да тағдыры қандықолдардан үзілді. Содан бері оппозиция ес жия алған жоқ. Шетелге бас сауғалаған Мұхтар Әблязов алыста жүріп, әлденеше рет «кек алуға» тырысқанымен, онысынан түк шыққан жоқ., қазір Франция түрмесінде отыр. Ресейге экстрадациялануы мүмкін. Одан арғы тағдыры тым бұлыңғыр.

 Оппозиция деуге лайық кім бар?

...Сонда оппозиция деуге лайық кім бар? Аузымызға алдымен Жармахан Тұяқбай ілінеді. Өзі де « Бүгінде бір ғана оппозициялық партия бар: ол – ЖСДП», - депті. Билік өкілдерімен байланысы тым терең тамыр жайған бұл серкенің оппозиция күшейер тұста Мәжіліс спикерлігінен бас тартып, бірден қарсы жағаға өтуі сол кездің өзінде көп адамға күдік ұялатқан еді. 2005 жылы Президенттік сайлауға қатысып, елді дүрліктіргені жадымызда қалыпты. Маңына «Нағыз ақжолдың» тізгін ұстарларын жинап, ашық мәлімдемелерін, ойлы пікірлерін ортаға сала отырып, өзінің бүгінгі билікке шынымен де өкпелі екенін сездіруге тырысқан Жармахан мырзаның бір сәт елдің сеніміне азда болса кіргенін жасыруға келмес. Оппозициялық бұқаралық ақпарат құралдары Жармахан Тұяқбайдың шашбауын көтеріп, одан елге жаны ашитын сүйкімді образ жасауға қанша тырысқанымен, бәрібір нақты нәтижеге қол жеткізе алған жоқ. Өзімен қанаттас сайлауға түскен тағы бір «оппозиция өкілі» Әлихан Бәйменов екеуі өзара ырың-жырың болудан арыға ұзай алмады. Арнайы ұйымдастырылған дебатта Жармахан Тұяқбайдан гөрі, Әлихан Бәйменовтің сөздері әлдеқайда сенімді әрі өткірлеу шықты. Онсызда аз дауыс берушілерді екіге жарып, ақыры жеңілгендерін мойындады. Бәйменовтен көп дауыс алғандарына мәз болғандарын да жасырған жоқ...

Сол Жәкең, Жармахан Тұяқбай содан бері жылына бір рет, онда да саяси науқандар кезінде ғана ел көзіне түсіп, бірдеңелер айтқансиды. Арада 10 шақты жыл өтті. Жармахан Тұяқбай бірнеше партия құрып («Нағыз ақжолдан» соң «Азат» партиясына бас сұғып, кейін ЖСДП партиясына иелік етті), бірнеше қозғалыстардың жетекшісі атанды. Қағаз жүзінде әрі баспасөз мәслихаты арқылы ғана «өнімді жұмыс» атқарды. Анда-санда мүбәрак жүзін телеарналардан көріп қалғанымыз болмаса, шын мәнінде не атқарып жатқанын ел түгіл, өздері де ұмытып кетті.

 ЖармаханЖСДП-ны ел ұмытқалы қашан?

Өткен жылғы Президенттік сайлауға түспейтінін мәлімдеді. «Мұндай сайлаудың немен аяқталарын білеміз. Нәтижесі айқын дүниеге қатысып, бас ауырту ойымда жоқ» деген саясаткер күні кеше егер Парламент сайлауы өтетін болса, қатысуға дайын екендігін айтып қалды. Биылғы ойы қалайда қоғамдық пікір қалыптастыру, егер орайы келсе, өз өкілдерін Парламентке өткізу.

«Азаттық» сайтына берген сұхбатында Жармахан Тұяқбай мырза Парламенттік сайлау өткізу – мемлекеттік ермекке айналды деген сыңайдағы пікірін білдірді. Біздіңше, билікке ғана емес, «оппозиция өкілдеріне» де сайлауға қатысу ермекке айналғандай. Әйтпесе, бүгінгі оппозицияда сайлауға түсерлік қауқар бар ма? Жоқ. Жармахан Тұяқбайдың ЖСДП-сында ел білетін өзінен басқа ешкім көрінбейді. Ал басы біріге қоятындай оппозиция дерліктей тағы да ешкім, ешқандай топ көрінбейді. Ендеше, Жармахан Тұяқбай мырзаның сайлауға қатысқысы келетін себебі неде?

Бріншіден, Жармахан Тұяқбайдың айналасына бірігетіндей тегеуірінді топ көзге шалынбайды. Әміржан Қосанов, Төлеген Жүкеев, Ораз Жандосовтар өз тірліктерімен өздері әуре. Әр тарапта жүр. Ал өткір де өзекті ойларымен көзге түскен саясаттанушылар Айдос Сарым, Расул Жұмалы, Досым Сәтбаев секілді азаматтардың басын біріктіруге ЖСДП қауқарсыз. Олар бұл сайлауды сырттай бақылайды. Бір-біріне сенісуден, сенуден қалған.

Екіншіден, қоғамдық ортада беделі бар Мұхтар Шаханов, Амангелді Айталы секілді ат төбеліндей тұлғалармен де Жармахан Тұяқбайдың басы бір қазанға сыя қоймайды. Олардың өзі көзқарастарымен де, пікір алшақтығымен де бір-біріне жуықтай қоймайтын жандар.

Үшіншіден, Жармахан мырзаның тобын қолдайтын сайлаушылар мүлдем жоқ. Оған соңғы оншақты жыл бойғы бұйығы тірлігі, баспасөздерден көрінбей кетуі, нақты жұмыс атқармауы, белсенділігінің төмендігі, қолында өзінің жұмысын дәріптейтін ешқандай БАҚ-тың болмауы, маңына өзімен деңгейлес белгілі тұлғалардың болмауы сайлаудан дауыс ала алмайтындығына кепілдік береді. Аз уақыт ішінде елді өзіне қаратып, сайлаушыларды топырлатып соңына ертерлік қуаты жоқ бола тұра, мұндай сайлауға қатысудан жалықпайтынына таңғалмай тұра алмаймыз.

Сонымен, Жармахан Тұяқбайдың да, оппозицияның да дәрмені шамалы. Олар алда-жалда Парламентке өтіп жатса да, таңырқауға болмайды. Көз үшін де, сөз үшін де билік сарапшылары бірен-саран орын беруі әбден мүмкін.

Біздегі оппозицияның ең басты кемшілігі – өздерінің алдын орап кететін билікті өтірік жамандау, сол арқылы ұпай жинағысы келуден өзге ештеңе емес. Үнемі биліктен қысым көруші, олардан жапа шегушілердің образын сомдаумен келеді. Бұлар өздерінің осы тірліктерінен жалықпайтынына таңданбау мүмкін емес. Бес жыл емес, он жыл бойы жалған оппозицияның рөлін сомдау кімге керек болды екен?! Егер биліктің тапсырмасы болса, өте сәтсіз жоба, сәтсіз сценарий. Халық та ақымақ емес...

Біздіңше, кім не десе де, Бәйменов ақыл тапты. Қауқарсыз байбаламнан ертерек құтылып, өзінің шешімін қабылдады.

Ал шын оппозиция қазір жоқ. Алтынбекпен бірге ыдырап, тоз-тозы шыққан. Олардың орнын басарлық әл-дәрмені бар топ жоқ, жастар шашырап, әр топтың соңында жүр. Әлеуметтік желіде батырсынғандардың көбі «қағаз жолбарыстар». Билік өз дегендеріне жетті. Енді оппозиция шығар болса, ірі кландардың тартысы кезінде ғана көзімізге түсер. Олардан не қайыр? Олар қаржы мен мінбер үшін таласар... Ол күнді де көрерміз. Бірақ сорласа, халық сорлайды... Соны ұмытпаған абзал.

 Басқа партия бар ма?

Бұрынғы «Ақжол» емес, бүгінгі «Ақжол» «Нұр Отанның» шағын көшірмесі. Олардың депутаттық корпусы 4 жыл ішінде елдің есінде қалатындай ешқандай мәлімдеме жасай алған жоқ. Бизнесмендердің мүддесін қолдаймыз дегені болмаса, нақты кімдердің, қандай бизнес өкілдерінің жұмысына септесіп, бюрократиялық ойындарға тосқауыл болғандарын да оқымадық, көрмедік. Одан гөрі Кәсіпкерлер палатасы ауқымдырақ жұмыс атқарды.

Коммунистік партияның көрешегі әлі де бар секілді. Ілініп-салынып, олар да қатардан қаламуға тырысады. Бары да, жоғы да мағынасыз...

«Ауыл» партиясы соңғы уақытта белсене бастады. Олардан оппозициялық бағытты күтудің қажеті жоқ. Бірақ Мәжіліске өткен жағдайда «Нұр Отанмен» бірігіп, ауылдың мәселесіне септесе алса, бұдан қоғам ұтпаса, ұтылмайды. Бір жылдары «Ауыл жылы» деген науқан болып еді. Миллиардтаған қаржы желге ұшып, аздап көшелер жасалып, ауыл үйінің шарбақтары боялған... «Ауыл» партиясы енді нақты жоспар құрып, ауыл шаруашылығының дамуы, ел ауқатының жақсаруына көмектесе алса, қанеки. Өйткені, бұл сайлаудан өзге жаңалық күтудің керегі жоқ.

 

 

 

 

Рекомендовать
Последние новости