Мұныңыз қалай, Мұтанов мырза?!

Dalanews 17 янв. 2016 10:33 1137

Редакциядан: Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 


ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың жүргізіп отырған саясатына көңіл толмастық білдірген хат келіпті. Хат авторы Нұғыман Аралбай «Ұлттық университеттегі Қазақтың ботаникалық ғылыми мектебінің оты өшпесе екен...» дейді. Ашық хаттың толық нұсқасын назарларыңызға ұсынып отырмыз. Алдағы уақытта аталмыш университеттегі осы және басқада мәселелер туралы арнайы журналистік зерттеу жүргізетін боламыз.


-Г.Мутанов, 19.03.14АШЫҚ ХАТ


 Құрметті Ғалымқайыр Мұтанұлы!

Әңгіменің басын ашып алатын болсақ, мен Сіз жүргізіп отырған реформаларды түсіне алмаймын. Сондықтан да өз басым сіздің бастамаларыңызға қолдау көрсетуді жөн санамаймын.

Әсіресе, өзім айналысатын ботаника ғылымына қажетті кадрлар дайындайтын ботаника кафедрасының жойылып кеткеніне қынжылатынымды жасыра алмаймын.

Иә, рас  биоалуантүрлілік пен биоресурстар кафедрасында «геоботаника» мамандығы бойынша мамандар дайындалады екен деп естіп, іштей «бұған да тәуба» деп жүргенмін.
Осыдан бір жыл бұрын мені магистрант-геоботаниктермен кездесуге шақырған болатын. Әңгімелескенде, оқып жүрген «геоботаник-магистранттардың» басым бөлігіне көңілім толмады. Сөйтсем, олардың көпшілігі ботаниканың «әліппесін» енді ашып жүр екен. Кейін мұны өздері де мойындады, себебі олар бакалавриатты басқа мамандықтар бойынша – биотехнология, балық шаруашылығы және тағы басқа салалар бойынша бітіріпті. Ал бакалавриатта «геоботаника» мамандығы атымен жоқ екен.

Одан бері де біраз уақыт өтті. Сіздің басқаруыңыздағы университетте бакалавриатта «геоботаника» мамандығы әлі де жоқ. Сонымен, «геоботаника» мамандығы бойынша кадрлар дайындауда біртұтастық қамтамасыз етілмейді.

Менің ойымша, факультет басшылығы мен кафедра жетекшілері мәселені терең түсінбей, біліктілікпен қарастыра алмай отырған сыңайлы.
Өсімдік дүниесі – барлық тіршіліктің көзі. Ал өсімдіктер қауымдастығын зерттейтін «геоботаника» – ботаника ғылымының ең биік шыңы.

 Елбасымыз – Президент Н.Ә. Назарбаев міндеттеп отырған заманауи проблемалар – жасыл экономика, жасыл энергетика, Биологиялық қауіпсіздік, азық-түліктік қауіпсіздік және ауыл шаруашылығы, медицина мәселелерін ботаникалық іргелі ғылымсыз шешу мүмкін емес екені белгілі жайт. Ал іргелі ғылыммен айналысатын профессионалды біртұтас, кешенді жүйеде дайындау керектігін Сіз жоққа шығармассыз деп үміттенемін.


АралбайНұғыман АРАЛБАЙ, биология ғылымдарының докторы, профессор

Автор туралы:


Нұғыман Аралбай – ҚазҰУ-дың түлегі. 150-ден астам ғылыми жұмыстың, оның ішінде бірнеше монографияның авторы.

 

 

Рекомендовать
Последние новости