«Айтпақшы, жұмыс таптым!..»

Dalanews 17 янв. 2016 10:15 931

Аспан мұнартып, жаңбыр жауғалы бір аптадан асты. Онсыз да жүдеу тартқан көңіл-күйді одан сайын жабырқатып, еңсені езердей зіл тұман ағаш басын орап тұрып алды. Астанадан көшіп келгелі Алматының шетіндегі өткен жылы бастаған баспананың ауы мен бауын толықтап, «екі қолға бір күрек» іздеуге уақыттың ыңғайы болмаған. Күннен күнге құнсызданған ақша, базардағы шарықтаған баға бұлай бос жата берудің қаншалықты ауыр екенін санада салмақтап, жүйкені жүндей түтті.

«Қой, бұлай жұмыссыз жүру жарамас» деп біраз газет-журналдың редакциясы, баспалар орналасқан Абай даңғылы бойындағы көксұры үйге тарттым. Есігін ашқан атағы таудай газет-журналдардың басшылары: «Заман бұлай болар деп кім ойлаған, өзіміз қызметкерлерді қысқартып, далбасалап отырмыз. Баяғыдай заман болғанда жазудың қыр-сырын білетін өзіңдей азаматты шақырып жұмысқа алар едік қой. Реніш болмасын», - деп шығарып салды. Ең соңғы ашқан есігімде аса танымал қаламгер отыратын, ішке ендім.

– Жұмыс іздеп жүрмін де...
– Иә, аға.
– Заман қиын боп кетті ғой. Сонша жыл айтқан өтіріктің «жемісі» бұл. «Ауруыңды жасырсаң, өлімің әшкере» деген осы. Бітті бәрі. Әдебиетіңді тіптен айтпай-ақ қой. Айтпақшы, сен осы Түсіпбектен үлкенсің бе?
– Қай Түсіпбек?
– Жолдасбек ше?
Құдайдай көріп отырған кісімнің өтірік жынды болып отырғаны менің де нәпсімді оятты. Елудің жуан ортасына келген, танымал кісіні «сенен үлкен бе?» деп сүтке тойған мысықтай болып, түк білмегендей сұрап отырғаны кімді болсын ашуландырары анық. Сонда да өзімді ұстап, бетіне қарап сәл жымидым.
– Ол кісілер бізден көп кіші.
– А-а-а... солай ма, – деді кісім тістеніңкіреп.
– Әдебиетті дәріптеп отырған газетіміздің сиқы анау. Бас редакторы Қытайдан келген бе соның?
– Сөйткен бе? (Мен де аңқау бола қалдым)
– Иә, өте ескі жазады ғой, Қытайдан келген-ау сол.
– Мүмкін, келсе келген шығар. Жарайды, аға. Сізге соға кетейін деп сол.
– Жарайды, бауырым, хабарласып тұр.
Көп араластығым жоқ, бірақ сырттай сыйлап жүретін кісімнің бұлайша «ақтарылғаны» жынымды түртті. Сыртқа шыққанда ол ашуды себезгілеп жауған жаңбыр шайып, құлазып сала бердім. Ішімдегі өзіммен бірдей болып «жетілген» пұтымның қолынан жетелеп, баяу ілбідім. Қоржыны тоқ болмаса да, әйтеуір нәпақаны айыруға болатын жекелеген газет-журнал, сайттардың ұсынысын бойыма тоғытпай, келіспегеніме сәл өкінгендей болдым...

***

Телефон шыр ете қалды. Экран қоңырау шалушының кім екенін бірден көрсетті.
– Бауырым, қалайсың?
– Жақсымын, Сапеке.
– Өзіңіз қалайсыз?
– Шүкіршілік. Қолың бос болса бір жерлерге барып қайтсақ. Ары кетсе үш күнде қайтып ораламыз.
– Әрине, болады. Өзі де үйде бос жатқан адаммын ғой, қайта ел көріп, жер көріп келсек, ол да бір ғанибет болар еді.
– Келістік онда. Ертең таңертең жолға шығамыз, дайындала бер.

Жаңбыр басылса да, қала мұнартып тұр. Қаланың батыс жақ шыға берісінде оңтүстік облыстарға жүретін таксилердің маңынан уәдеміз бойынша Сапекеңмен жолықтым. Бір-бірімен таласып, ала жөнелуге дайын тұрған жүргізушілерге баратын жерімізді әзер айтып үлгердік, машинасына сүйрелей кеп отырғызды. Соңғы орындарға біз келіп жайғастық, көлік те зулай жөнелді.
– Жол бойы Береке ауылына соға кетеміз. Бір кісілер күтіп отыр. Мен де ол кісілермен әлеуметтік желілерде сөйлескенім болмаса, өмірі көрген емеспін, – деді Сапекең.
– Әрине, енді Сіздің ақ дегеніңіз алғыс, қара дегеніңіз қарғыс болады. Үш күнімізді сіздің еркіңізге бердік, – дедім мен қалжыңға сүйеп.
жумыс1Түс ауа Береке ауылына да жеттік. Аудан орталығынан қырықтар шамасындағы ер адам мен сәл толықшалау келген ақсары әйел күтіп алды. Ақсары әйел сол ауылдың тұрғыны, Тұрманбет біздің аудан орталығына аялдайтынымызды біліп, арнайы облыс орталығынан келген беті екен. Сапекеңнің жолдасы. Үш кісі бір-бірімен қауқылдасып, мәз-майрам. Сапекең бейтаныс кісілірге мені таныстырып, құмалағымды төрттен қойып-ақ жатыр. Аман-сәлем, таныстық, білістіктен соң күтіп алған кісілер бірден мейрамханаға бастай жөнелді. Мейрамханаға кіре берісте тоғыз-он жастар шамасындағы ұл бала ерткен тағы бір әйел қарсы алды. Үстелге отырып, бір-екі кесе шай ұрттаған соң ақсары әйел:
– Таныса отырыңыздар, бұл менің Мейрам деген құрбым. Ұлдың аты – Серік. Сіздер біздің ауылға келеді деген соң баласын ертіп, арнайы келіп отыр.
Құрбысы да «ішімдегіні тап» деп тымсырайғандардың қатарынан емес, ашық-жарқын. Сөзді бірден іліп әкетті:
– Бүгін сіздер осында келеді деп Гауһар айтқан. Бұрыннан аттарыңызды естіп, көру нәсіп болса екен деп жүрген жанның бірімін. Аллаға мың шүкір. Жазып, сызып жүрген дүниелеріңізбен таныспын, – деп төгіле жөнелді. Сапекең де аттың басын жіберді. Ақсары әйел шаруаларымен сыртқа шығып, тірліктерін тындыруды да есінен шығармады. Дәл біз отырған мейрамхананың жанында жиһаз дүкені бар, іздегендер телефон шалып, жиі мазасын алды. Кісіні көп жатырқай бермейтін Мейрам әрнені айтып, бізді жалықтырмады.
– Үйде інім бар, отыз жыл бойы төсек тартып жатыр. Перзентханада алғаш шыр етіп дүние есігін ашқанда, сестра қыз қолынан түсіріп алыпты. Содан бері мүгедек, содан бері ем-домға сүйеніп, күнелтіп келеді. Байғұстың пешенесіне тумай жатып осындай тағдыр жазылыпты. Осы ұлым ішке біткенде жолдасыммен дәм-тұзым жараспай, ажырастым. Кейін мына ұл дүниеге келді. Ауру інісіне қарасын деген шығар, маңдайға сондай тағдыр жазылды. Інім дүниеге келгеннен бері жедел-жәрдем ауламызға жиі келеді. Інімнің қояншығы жиі ұстайды, кейде жүрегі тоқтайды. Қазір ол жедел-жәрдемің де бізден жалыққан. Байғұс баланың жағдайы ауырлағанда телефон шалсақ: «А-а-а... сендер ме?..», – деп трубканы тастай салады. Үйдегілер де жалыққан. Қояншығы ұстаса, ауырса аузына дәрі тығып, оңай құтылуды ойлайды. Байғұстың жанарында өмірге деген еш сүйіспеншілік қалмады, нұрсыз. Өмірден баз кешуді ғана ойлайтын. Адамды өйтіп тірі өлік қылуға менің дәтім шыдамады. Інімнің жанарындағы сөнген нұрды қайта жаққым келді. Адам шын ниет қылса, ол да орындалады. Қазір інім бұрынғысынан мүлде өзгерді. Укол-дәрі бере беруді мақсатты түрде азайттым. Әрине, ол да оңай болған жоқ. Дәрі, уколға бейімделіп кеткен ағза оңай көнбеді. Інім ақырын-ақырын ол тәуелділіктен де арылып келеді. Бәле бір айналдырса, шыр айналдырады деген, төркініме қайтып келген жылы шешем жығылды. Қол-аяғынан тұра алмай, бір жыл төсекке таңылды. Ой, бұл қырсық дегенді қойсаңшы...
– Айтып отырмын ғой, сіздер өте құтты қонақ болдыңыздар. Осы ауданның қайнаған базар жағында шағын асхана бар еді, сонда манты түйетін болдым. Жаңа қожайын звондағанда қуана-қуана баратынымды айтып, келісімімді бердім. Айына қырық мың теңге берем деді. Құдай берекесін берсе, жаман ақша емес. Жұмыс таңнан кешке дейін, еш қиындығы жоқ!..

Әйелдің әңгімесі жүректі сыздата бастады, үнсіз тыңдауға көштік. Өте шешен сөйлейді, «қиыншылық көрдім» деп шағынбайды. Жүзіндегі өмірге деген құштарлықты көріп, өзіңнің үстірт ойларыңнан ұяласың. Ол кісі де бізді аузына қаратып, тоқтамай сөйлеп кеткеніне ұялса керек:
– Ойбай, сіздерге тамақ ішкізбей, сөйлеп отыра беріппін ғой, қане, тамақтан алыңыздар, – деп ілтипат жасады. Сапекең:
– Ініңнің қазіргі жағдайы қалай енді, – деп үзілген әңгімені қайта қаузады.
– Ой, інімнің қазіргі жағдайы керемет. Гауһардан сіздер құрастырған кітаптарды алып, күнде оқып берем. Мен жоқта балам оқып береді. Өткенде сайттарыңызда жарияланған «Миғражнаманы» көшіріп алып, ініме тыңдата қояйын десем, көшіре алмадым. Осы ауданда «компьютердің құлағында ойнайды» деген жігіттерді қоймай жүріп тауып, інімнің қолтелефонына сол керемет дүниені көшіртіп бердім. Аллаға шүкір, ол қазір өзгерді, отбасын құрсам деген арманы бар. Інім үйленіп жатса, сіздерді міндетті түрде тойға шақырамын. Келесіздер ғой, ә? Бүгін Құдайдың нұры жауған күн болды, қолтаңбаларыңызбен кітаптарыңызды алып, інімді қуантатын болдым. Айтпақшы, жұмыс таптым. Құтты қонақ екенсіздер. Жаңа осылай келерде телефоныма звондады...
Дәл осы кезде кірпік қағым уақытта көк дөненнен жүйрік көңіл бәрін болжап үлгерді. Ретті киінген, сонша жігерлі әйелдің қандай жұмыстың болсын үдесінен шығатыны сендіретін еді. Аудан әкімшілігінің бір саласы болмаса мектеп төңірегінде оңтайлы шаруа бұйырған шығар. Мүмкін онан да тәуір жұмыс... Солай ойлағаныма Тәңір куә. Бірақ Мейрамның:
– Айтып отырмын ғой, сіздер өте құтты қонақ болдыңыздар. Осы ауданның қайнаған базар жағында шағын асхана бар еді, сонда манты түйетін болдым. Жаңа қожайын звондағанда қуана-қуана баратынымды айтып, келісімімді бердім. Айына қырық мың теңге берем деді. Құдай берекесін берсе, жаман ақша емес. Жұмыс таңнан кешке дейін, еш қиындығы жоқ!..
Мейрамның жұмыс туралы айтқан сөзінің осы тұстарын ғана ести алдым. Қалғанын еститін шама да қалмаған. Ішімдегі өзіммен бірдей, илікпейтін пұтым күл-талқан болып шағылып, тұңғыш рет жалғыз қалдым. Тамағыма өксік тығылып, жанардың жасы сыртқа емес, ішке қарай құйылғандай күй кештім. Жылы үйдің терезесінен ағаш басын ораған тұманға қарап, құлазу сезімін кешетін кейіп-кеспірдің көзіндегі көзілдірік те быт-шыт болып, өмірдің өзін тап қасынан көрдім...
Гауһар мейрамхана даяшыларымен есептесіп, көп желіне қоймаған ас-ауқатты қалтаға салып, Мейрамның қолына ұстатқанда, сүйретіліп орнымнан тұрдым...

Ырысбек ДӘБЕЙ


 

Рекомендовать
Последние новости