Жаңа заманның білікті дәрігері

Dalanews 27 июн. 2015 11:33 799

Дәрігерлік – жауапты мамандық. Сондықтан дәрігерлер үнемі білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде болып, өз саласында ем жүргізудің барлық тәсілдерін жетік меңгеруі тиіс. Осы ретте мен медицинаның ең тапшы мамандықтарының бірі – радиология саласында жемісті еңбек етіп, халық алғысына бөленіп жүрген Нұрила Хамытқызының өнегелі істері төңірегінде сөз қозғағанды жөн санадым.

Бас ауырып, балтыр сыздаса дереу дәрігерге жүгінеміз. Өкінішке орай, мен осыдан біраз бұрын қатерлі ісік ауруына шалдықтым. Өңешімде ісік пайда болды. Осының салдарынан тамақ іше алмай, әл-қуатым әлсіреп, ауруым асқынып кетті. Тіпті, кейбіреулер «бұл аурудың емі жоқ» дегенде одан сайын салым суға кетті. Осыдан кейін Оңтүстік Қазақстан облыстық қатерлі ісік диспансеріне барғанымда, ондағы дәрігерлер маған кеңірдекті стенттеу отасын жасады. Ісіктің салдарынан тамақ ішуім қиындап, жағдайым нашарлап кеткен мен операциядан кейін бір тәуліктен соң жазылып, толыққанды тамақ іше бастадым. Ақырындап түзеліп, қалыпқа келгендеймін. Бір ерекшелігі, менің емдеуші дәрігерім Нұрила Алтынбекова өте мейірімді, өз ісінің нағыз маманы екен. Ол күніне бірнеше науқастарды қабылдап, жандары жабырқау жандарға емімен қатар шуақты лебізін айта отырып, көңілдерге үміт ұялатады.

Емделу үшін аталмыш диспансерге келгенде байқағанымыз, ұжым да бір атаның баласындай тату, ынтымақта әрекет етіп отырғанына көз жеткіздік. Қаншама әлсіреп қалған науқастар осында келіп ота жасатқан соң, небәрі екі-үш күннің ішінде аураларынан сәл де болса тыйылып, ақырындап жақсарып жатқанын көрдік. Аталмыш диспансерде жатқан науқастар бұл мекеменің ем-шара жүргізу істеріне дән риза. Бір байқағанымыз, мұнда қаншама сырқат жандар түсіп, қаншасы сырқаттарына шипа тауып, көз алдымызда шығып жатқанын көрдік. «Негізі ол мекемеден сауығып ем алып қайтқан адамдар ең алдымен Нұриладай асыл азаматшаны тапқан алтын құрсақты анасына алғыс айтуымыз керек. Мұнда кәрі де, жас та емделіп, дертіне шипа тауып жатыр. Осындай біліктілігі мол, мейірімді дәрігерге Жаратқан иеміз дем берсе екен, бала-шағасының рахатын көрсе екен деп тілейміз», – дейді бір топ емделушілер.

Жоғарғы санатты дәрігер-радиолог Нұрила Алтынбекованың емін қабылдаған жандардың барлығы оны өте тәжірибелі, өз ісіне берілген еңбекқор маман деп айтып, ризашылықтарын білдіруде. Тіпті көпшілік оны «алғыс арқалаған азаматша» деп құрметтейді. Өйткені талай сырқаттың сауығуына себепші болған Нұрила осы салада 20 жылға жуық қызмет атқарып келеді.

Нұрила – өз ісінің үздігі ғана емес, өзі мың болғыр, өте қарапайым, кішіпейіл жан. Жас радиолог мамандарды даярлауда өз мектебін қалыптастырып жүрген Нұрила Хамытқызына әріптестері де «бүгінгі заманның жаңа тұрпаттағы жоғары дәрежелі дәрігері» деген баға беріп отыр.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, оншақты күн бойы қас-қабағымызға қарап, сауығып кетуімізге көмектері тиген Нұрила Алтынбекова мен мейірбике қыздарға айтар алғысым шексіз. Адамға өмір сыйлап жүрген дәрігерге Жаратқан ие зор денсаулық, ұзақ ғұмыр берсін. «Алғыс алған арымас» демекші, Нұрила қарындасыма еңбегің жанып, көптің алғысына бөлене бер дегім келеді...

Абдулла Досмұхамедов,

Түркістан қаласы

Рекомендовать
Последние новости