ІТ сынып – цифрлық сауаттылықты арттырады

Dalanews 21 дек. 2018 02:48 1285

Жақынла Шардара қаласында тағы бір елеулі жаңалық болды. М.Горький атындағы жалпы орта мектебінде ІТ сынып ашылып, өз жұмысын бастады. Салтанатты шараға «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасов пен аудан әкімі Болатбек Қыстауов қатысып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа орталықтың ашылуымен құттықтады.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық өңірде ІТ орталығын ашу жобасы қолға алынғанын баршаңыз жақсы білесіздер. 6 мың ІТ сынып ашу жоспарланған болса бүгінге дейін 1 мың осындай орталық ашылып, жұмысын жүргізіп келеді. Бұл орталықты ашудағы мақсат – Елбасы ұсынған «Цифрлық Қазақстан» – цифрлық технологияны терең меңгеру. Елімізді дамыған 30 елдің қатарына қосу үшін қолға алынған осынау бағдарлама қоғамнан жаңа инновациялық дамуды және жедел технологиялық жаңғыруды талап етеді. Ол үшін азаматтардың ІТ-сауаттылығын арттырып, жаңа технологияларды күнделікті өмірде кеңінен қолдану міндеті тұр. «Нұр Отан» партиясы Президент жүктеген осынау тапсырманың зор жауапкершілікпен жүзеге асырып келеді, – деді Нұрмахан Миятұлы.

ІТ сыныбының жетекшісі Бауыржан Биташев жаңа орталықтың жұмыс тәртібімен таныстырып өтті. Балаларға арналған тегін IT сыныбында 3-8 сынып аралығында 15 қазақ және 15 орыс сыныбынан жалпы 30 оқушы еуропалық білім беру стандарты негізінде, факультативті пән ретінде тереңдетілген білім алатынын алға тартты.

Білім беру жүйесін цифрландыру талаптарына бейімдеу қажеттілігін ескерсек, бұл міндетті жүзеге асыруда IT сыныптан үлкен көмек болмақ. Бұл мектепке 2017-2018-оқу жылында робототехника кабинеті берілген болатын. Мұнда оқушылар заманауи компьютерлермен, 3D принтер, жоғары жылдамдықты интернет, қажетті веб-бағдарламалармен қамтылған.

Қазақ және орыс тілінде білім алатын топтар қазірдің өзінде жақсы жетістіктерге қол жеткізіп келеді екен. 2017-2018 оқу жылында «Жас техниктер, натуралистер, станцияларының» ұйымдастыруымен өткен «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» сайысында 7-сынып оқушысы Бахтияр Әбуислам ауданда бас жүлдені жеңіп алып, облыста «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» сайысында жүлделі 2-орынды иеленді. Одан бөлек осы мектеп оқушылары Шымкент қаласында ұйымдастырылған Lego MS EV3 робототехникасынан облыстық чемпионатта бақ сынап, тәжірибе арттырып келді.

Ашылу салтанатына қатысқан қонақтар ІТ сыныпта білім алып жатқан балалардың сабағымен танысып, жұмыс істеу тәсілін көріп шықты.

Нұрмахан Жолдасов мұнан соң мектеп мұғалімдерімен кездесіп, олармен еркін пікір алмасты. Ата-аналармен байланысты күшейте отырып, білім сапасын арттыру, жас ұрпақ тәрбиесін жолға қою, кадрларды жұмысқа қоюда сыбайлас жемқорлықты болдырмау мәселелері бойынша келелі әңгімелер қозғаған Нұрмахан Миятұлы ұстаздардың жұмыстарына сәттілік тіледі.

Шардара аудан әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости