Ішкі істер министрлігі Алматыдағы атысқа қатысты түсініктеме берді

Dalanews 18 июл. 2016 10:29 773

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі  Алматыдағы атысқа қатысты түсініктеме берілген ақпаратты таратты.

18-шілдеде таңертеңгі сағат 11-лер кезінде Алматыдағы Алмалы аудандық ішкі істер басқармасына басып кірген қылмыскер алдымен посттағы полиция қызметкерін жарақаттаған, артынша оның автоматты қаруын тартып алып, ізін суытқан.

Қылмыскердің ізіне түскен «Боран» патруль экипажының екі қызметкері  қаскүнемдерді қудалау кезінде жарақат алды.

Кейіннен күдіктінің жүрген жері анықталып, ол полициямен болған атыс кезінде жарақат алды. Полицейлер қаскүнемді «Қазақконцерт» АҚ маңында құрықтады.

Қылмыскерді ұстау барысында 2 полиция қызметкері жарақаттанған.

Өкінішке қарай, бұдан бұрын қылмыскер жолдағы жеңіл көлікті тартып алмақ болып, оның иесіне оқ атқан. Соның салдарынан  жеңіл көліктің  жазықсыз жүргізушісі қайтыс болды. Сонымен қатар, ауыр жарақат алған үш полиция қызметкері көз жұмды.

Алдын-ала мәлімет бойынша, қолға түскен 27 жасар азамат  Қызылорда облысының тұрғыны. Бұрын сотты болған. Бұған қоса, ол өткен демалыс күндері әйел адамды өлтірді деп айыпталуда.

Қазір Алматы қаласында «Дабыл» жедел жоспары енгізілген. Барлық полиция қызметкерлері қылмыскердің сыбайласын іздестіру үстінде.

Рекомендовать
Последние новости