Алматыдағы атыс: билік әркез кеш қимылдайды – саясаттанушы

Dalanews 18 июл. 2016 10:18 953

Саясаттанушы Досым Сәтбаев newskaz.ru сайтына Алматыдағы атыстың себебі мен салдырдарына қатысты көзқарасын білдірді деп kaz.365info.kz хабарлайды.

– Алматыдағы атыс лаңкестік шабуылға теңестіріліп отыр. Қазіргі жағдайда Алматы ғана емес, бүкіл республика көлемінде лаңкестіктің қаупі жоғары. Өкінішке қарай, билік мұны кеш аңғарды. 2000-жылдардың ортасынан бастап қамдану керек еді. Соңғы 10 жылда мыңдаған қазақстандық радикалды идеологияның арбауына түсіп қалды. Алматыдағы оқиға соның кезекті көрінісі, – дейді Досым Сәтбаев.

Оның айтуынша, күш құрылымдарының қызметкерлеріне шабуыл жасау радикалдардың «дәстүріне» еніп кеткен.

–  Қазақстанның түрлі өңірінде күш құрылымдарының өкілдеріне оқ отқан оқиғаларға куә болдық. Олар осы арқылы бір оқпен екі қоян атып алуды көздейді. Біріншісі, биліктің шарасыздығы, екіншісі ел арасында полицияға деген сенімсіздік туғызу, – деп санайды сарапшы.

dalanews almaty_terorСәтбаевтың сөзіне қарағанда, полиция мен радикалдар арасындағы қақтығыс Алматыда бұдан бұрын да болған.

– 2000-шы жылдардың басында Алматыда күш құрылымдары мен радикалдар арасында үлкен атыс болды. Террорлық қауіп-қатердің алғашқы белгілері, міне, сол кездері байқалған болатын. Анығында, Алматы қаласы Қазақстан ғана емес, сонымен бірге, басқа да елдерден келген радикалды құрылымдар шоғырланған жер. Ал қазіргі жағдайды қоса қарастырғанда, ахуалдың бұдан әрі де ушыға түсетінін болжаймын, – дейді Сәтбаев.

Сарапшының айтуынша, ендігі жерде барлық Қазақстан тұрғындары «лаңкестік қауіп-қатердің көрініс беретін жағдайында» өмір сүретінін сезінуі керек.

– Тұрғындарға сақ болған жөн және құқық қорғау органдарына барынша көмектесуі қажет. Қоғам мен билік бірікпей, лаңкестікке қарсы тиімді күресе алмаймыз. Өкінішке қарай, билік әркез кеш қимылдайды, себебімен емес, салдарымен күреседі. Лаңкестік қауіп-қатердің алдын-алуға бағытталған жұмыстар атымен жоқ. Тіпті, бар болған күннің өзінде, бұл бағыттағы жұмыс тиімді жүріп жатыр деп айта алмаймын, – дейді Сәтпаев.

Рекомендовать
Последние новости