Huawei төрағасы 5G технологиясына қатысты маңызды мәлімдеме жасады

Dalanews 26 окт. 2022 14:40 811

Бангкокте Global Mobile Broadband кең жолақты мобилді технологиялардың 13-ші дүниежүзілік форумы жұмысын бастады.

Шараның ашулы салтанатында Huawei компаниясының бас директоры Кен Ху мырза сөз алды.

Форумға арнайы келген қадірменді меймандармен 5G төңірегінде ой бөліскен Huawei төрағасы осынау технология өзіне дейін буынға қарағанда әлдеқайда шапшаң дамып жатқанын айтты.

«5G технологиясы ерекше сұранысқа ие. Осы бағытта ауыз толтырып айтарлық жетістікке жеттік. Алайда біздің мүмкіндігіміз шексіз. 5G-дің потенциалын толық пайдалану арқылы бұлтты технологиялар мен жүйелік шешімдерді біріктіруге мүмкіндік аламыз. 5G-дің өрісін кеңейту өз қолымызда, осы арқылы саланың ілгері жылжуына себепкер боламыз», – деді Кен Ху.

Биылғы жылдың қазан айындағы мәлімет бойынша 230-дан аса халықаралық операторлар 5G-ге көшіп, аталған технологияның сервистерін пайдалана бастаған.

Бүгінгі күні әлемде 5G-дің 3 млн станциясы белсенді жұмыс тұр, бұлардың қызметін 700 млн-нан аса абонент ұдайы пайдаланады.


Телекоммуникация саласында тұтынушыларға тиесілі сервис байланыс операторларының негізгі табыс көзі саналады. 5G-дің таралу ауқымы ұлғайған сайын тұтынушылардың талғамы да өсе түседі.

Huawei мамандарының атап өткеніндей 5G технологиясының кеңістігі кеңейген сайын жоғары сапалы видеоконтентке деген сұраныс артқан, тиісінше трафик ұлғаяды.



Жылдам интернеттің нәтижесінде пайда болған жаңа мобильді қосымшалар 5G-дің көмегімен трафикті ұлғайтып, әр абонентке шаққанда орташа табысын 20-40 пайызға арттырған.

Былайша айтқанда 5G байланыс операторларының табысын ұлғайтуға жол ашқан.

5G бұдан бөлек мұнай-газ секторында, өндіріс пен транспорт саласында да қарқынды, белсенді қолданылуда. Осылайша коммерциялық салада өз орнын айқындаған технология аздаған уақыттың ішінде нарықтағы орнын нығайтып үлгерген.

«5G тек инновациялық технология емес, ол күнделікті өмірде кәдеге асып, операторларды табысқа кенелтуде. 2021 жылы осынау өнертабысты 3 мыңнан аса өндіріс орындарына орнатқан қытай операторлары 3,4 млрд юань (шамамен 500 млн доллар) таза табыс тапты.

5G-дің коммерциядағы қолданысы күн өткен сайын құлашын кеңге жайып, байланыс операторларының әмиянын толтыруда. 5G-дің көмегімен жаңа қызмет көрсету түрлерін, жаңа бизнес-жобаларды жүзеге асыруға болады, бұл дамуға бастайтын даңғыл жол», – дейді Huawei төрағасы.

Оның айтуынша тұрғындардың талғамынан шығатын, талабына сай келетін байланыс желілерінің құрылысын жеделдету қажет.

Байланыс операторлары аудиторияның талап-тілегіне бейімделгені жөн. Осыны ескерген қытайлық байланыс компаниялары өздерінің желілерін TikTok және басқа да танымал видеосервистерге бейімдеген.


Бұдан былай аталған мобильді қосымшалардың тұтынушылары уақытын жоғалтпай өзіне ұнаған контентті үзбей көре алады, кадрлардың кідіріп қалу проблемасы 90 пайызға төмендеген.

Бұл өз кезегінде видеоның үзіліссіз көрсетілуіне жол ашып, трафиктің көлемін екі есе ұлғайтқан. Мұның бәрі 5G-дің нәтижесінде мүмкін болған.

5G технологиясы дамудың алғашқы сатысында ғана


Аталған технологияның өрісін кеңейту мақсатында Huawei компаниясы бірнеше байланыс операторлары және осы саладағы сенімді серіктестермен бірлесіп 5G-дің орнын басатын 5,5G технологиясын жүзеге асыруға кірісіп кетті, осы мақсатта 4 концепция әзірленіп, пысықталу үстінде.

 



Ол жүзеге асса: мәлімет қабылдаудың жылдамдығы секундына 10 Гбит-ке жетіп, мәліметті тарату жылдамдығы секундына 1 Гбит-ті құрайтын болады. Бұл технологияға 100 млрд құрылғы қосыла алады әрі жасанды интеллектпен жасақталмақ.

Кен Ху мырза пайымдауынша, осы бағыттағы технологиялық компаниялар бір жұдырыққа жұмылуы қажет, сонда ғана жалпыға ортақ экожүйе құруға болады.

5G-дің құндылығын арттыру: оның жолдары қандай?


Жылдамдығы жоғары болғандықтан 5G-де бұлтты сервистер мен жасанды интеллектінің технологияларын біріктіруге болады. Бұл бизнес пен тұтынушыларға арналған жаңа қызмет түрлерін қалыптастырады.

Операторлар интернеттегі аудиторияға шынайы өмірге ұқсас ойындарды, телефон байланысының қосымша мүмкіндіктерін ұсына алады. Өз кезегінде бизнеске цифрлық трансформацияға бейімделуге жол ашылады.

Операторлар байланыс компаниясы деген шекарадан шығып, бұлтты сервистер мен жүйелердің кеңістігіне көшеді.


Жаһандық экономикалық дамудың келесі сатысы – барлық саланы цифрландыру. Бұған 5G технологиясы арқау болады.

Ақпаратты-коммуникациялық технологиялардың өкілдері де осынау өнертабыстың игілігін көреді.

«5G-ді жетілдіре түсуге бәріміз мүдделі болуға тиіспіз. Технологиялық дамудың келесі кезеңіне өткіміз келсе бірлесіп жұмыс істеу маңызды», – дейді Кен Ху мырза.

Кеңжолақты мобильді технологияның бүгіні мен болашағын талқылаған Global Mobile Broadband форумын ұйымдастыруға Huawei компания, GSM қауымдастығы және GTI платформасы ұйытқы болды.



Жыл сайын өткізілетін технологиялық мәжіліске мобильді операторлардың өкілдері, саладағы көшбасшы компаниялар, IT мамандар және осы экожүйенің әлемнің әр түкпіріндегі серіктестері қатысты.

5G-дің коммерциялық табысы, осы технология мен жасанды интеллектіні тұтастыру, оның экологиялық тазалығы осы форумда егжей-тегжейлі сөз болады.

Шараға қатысты қосымша мәліметті төмендегі веб-сайттан біле аласыздар:

https://www.huawei.com/en/events/mbbf2022.

Рекомендовать
Последние новости