Геройхан, Мұқтар, Серікжанға ашық хат

Dalanews 24 сент. 2016 19:00 769

Саясаткер, қоғам қайраткері Әміржан Қосанов әр жылдары әртүрлі себеппен қабақ шытысып қалған Мұқтар Тайжан, Серікжан Есенғосұлы және Геройхан Қыстаубаевты татуласуға шақырды. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік парақшасында жазды. Қосанов не дейді? 

Айтылмаған сөз жетім!

Соңғы кезде осы ФБ-да бір дау өршіп барады.
Ол мен өз басым біраздан бері білетін үш азаматқа қатысты.
Осы уақыт бойына жағдайды ушықтырмайын деп, араласпадым. Ең басында, осыдан біраз уақыт бұрын Серікжан мен Мұқтар бас жаққа барысып қалғанда, екеуін табыстырмақ болдым. Бірақ ол ойымнан түк шықпады.
Енді қарасам, үшеуара түсінбестік тым тереңге бойлап бара жатқан сияқты.
Сондықтан айтарым.


Геройхан, Мұхтар және Серікжан бауырларым (үшеуің де маған қымбатсыңдар, сондықтан аттарыңды да әліпби бойынша тізіп отырмын)!

Әр азаматтың басқа бір азаматпен түсініспей қалатын, керек болса, керісіп қалатын жағдайлары болады. Мәселен, "сүттен ақ, судан тазамын" деп, оппозицияда жүрген кейбір тұлғалардың да маған жасаған қиянаттары баршылық. Бірақ олар қалай болса да, халықтың сөзін сөйлеп жүр ғой деп, мен оларға кешірім жасап келемін. Өйтпесе, болмайды екен...

Сендер әлі жассыңдар! Болашақтарың, соның ішінде қоғамдық өмірде қол жеткізер жеңістерің де - алда.
"Өсер елдің баласы" туралы мақалды білесіңдер.
Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ!

Ақылға келіңдер, қызбалыққа салынбаңдар!

Бәлкім, араларыңда бір реніштер бар шығар, ортақ мақсат жолында соларды тәрк ететін ірілік көрсетіңдер!
Сендер бірге атқарар елдік, ұлттық шаруалар - шаш етектен!
Сол мақсаттар жолында бірге болмасаңдар да, бір-біріңнің тырнақтарыңның астынан кір іздемей, барлық күш-жігерлеріңді, Құдай берген таланттарыңды сол іске бағыттаңдар!

Бір бағытта қол ұстаспай да жүре беруге болады ғой.

Әйтпесе, сендерді дебатқа салып қойып, өздері іштен күліп, қызық спектакль көргісі келетіндер де жоқ емес сияқты.
Осыған келіссеңдер, үшеуіңнің басыңды қосып, бір шәй беріп, мәмілеге келулеріңе септесуге мен дайын!
Айтарым осы!

Автордың Facebook`тегі парақшасынан алынды




Рекомендовать
Последние новости