Ғарыштан көрінетін – Абылай ханның алып ескерткіші орнатылады

Dalanews 29 февр. 2020 11:18 786

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, қазақ күресі федерациясының бірінші вице-президенті Арман Шораев Абылай хан монументінің эскизіне халықаралық конкурс жарияланатынын айтты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Оның айтуынша, конурс 1 наурыз бен 15 сәуір аралығында өтеді. Оған сәулетші, дизайнер, суретші, инженер, құрылысшы мамандар қатыса алады.

–15 сәуірде халықаралық конкурстың бірінші қорытындысын жариялаймыз. Комиссия 5 жобаны іріктеп алады. Авторларға тиісті қаржыны бөліп, макет жасатамыз. Ал 7 мамырда астанадағы әскери музейде конкурстың қорытындысын шығарамыз, – деді Арман Шораев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.


Оның айтуынша, комиссия мүшелігіне Мәулен Әшімбаев, Абылай ханның тікелей ұрпағы Шота Уәлиханов, Мұрат Әуезов, Тұрсын Жұртбай, Нұртөре Жүсіп, Дархан Мыңбай, Берік Әбдіғали, Досхан Жолжақсынов, Төлеген Қажыбаев, Мұрат Мансұров, Зиябек Кабулдинов кірген.

Сондай-ақ, ол Абылай хан монументін тұрғызу үшін қанша қаражат керегін айтты. Жобаға мемлекеттен қаржы бөлінбейді.

– Менің ойымша, жобаға 5-7 миллион доллар керек. Қаржыны краудфандинг арқылы жинауды көздеп отырмыз, – деді Арман Шораев.

Осы орайда ол монумент Ақмола облысында орналасатынын жеткізді.

– Жарты жыл осы монументтің орнын іздедік. Ұлытау, Семей, Алматы өңірлері ұсынылды. Алайда Абылай хан ордасын тіккен жер Бурабай мен Көкшетаудың ортасындағы Кенесары ауылын таңдап алдық. Онда биіктігі 90 метр болатын жота бар. Монумент осында болады. Ғимарат ғарыштан көрінеді деп ойлаймын, – деді қоғам белсендісі.


Сонымен қатар, Арман Шораев Абылай хан монументі жолдың бойында орналасатынын атап өтті.

– Мемлекеттен 100 гектар жер мен жол салып беруді сұрап отырмыз. Себебі, онда монумент қана емес, этноауыл, қонақүй болуы мүмкін, – деді ол.

Баспасөз мәслихатында Шораев Абылай хан монументінің алғашқы жобасын көрсетті. Онда Абылай ханның тақта отырған келбеті бейнеленген. Жоба бойынша ханның асатаяғына жедел саты орнатылады. Осылайша, кешенге келушілер 20 қабат биікке көтеріліп, айналаны тамашалай алады. Монументтің биіктігі - 54 метр болмақ. Алайда қоғам белсендісі бұл жобаның әлі нақты емес екенін, оның қорытындысы конкурстан кейін белгілі болатынын жеткізді.

Рекомендовать
Последние новости