Кәсіпкер Талғат Акуов "Еуразиялық банк" акционерлік қоғамының топ-менеджері Константин Скоробогатовты "Тас бұлақ" демалыс орнын рейдерлік жолмен тартып алуға қатысы бар деп айыптады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“2014 жылы Скоробогатов "Еуразиялық банктің" фирмалық бланкісінде өзін банк директоры деп көрсетіп, қол қойған. Бұл – құжаттарды қолдан жасаудың айқын дәлелі! Шын мәнінде, Скоробогатов ешқашан "Еуразиялық банктің" директоры болмаған. Менің өтінішіме сәйкес, Қарағанды қаласындағы тергеуші бұл мәселе бойынша Скоробогатовты сұраққа алған. Алайда ол өзіне директор лауазымы тағайындалғаны туралы бұйрықты, жалақысы мен зейнетақы қорынан үзінді көшірмелерді ұсына алмаған. Бұл оның жалған құжаттар жасап, өзін директор ретінде көрсетіп, жалған хаттар таратқанын дәлелдейді”, – деді Акуов "КазТАГ" редакциясына берген мәлімдемесінде.
Акуовтың айтуынша, Скоробогатов "Еуразиялық банктің" директоры ретінде жалған хаттар дайындап, оларды Қарағанды облысы әкімдігіне, жүздеген туристік ұйымдарға және "Атамекен" кәсіпкерлер палатасына жіберген. Бұл әрекеттер заңсыз деп танылып, қылмыстық жауапкершілікке жатады.
Аталған мәселеге қатысты "Еуразиялық банктің" баспасөз қызметі түсініктеме берді.
“Скоробогатов "Еуразиялық банкте" атқарушы директор қызметін атқарып келеді. Талғат Жаудович Акуовтың бізге және Скоробогатовқа қатысты "рейдерлік әрекеттер" жайлы айыптаулары 2017 жылдан бері әртүрлі инстанцияға тұрақты түрде жолданып келеді. Осы уақыт аралығында оның арыздары бойынша құқық қорғау органдары, азаматтық соттар және Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты мәселелерді жан-жақты қарастырды. Нәтижесінде, арыздарда келтірілген бірде-бір дерек расталмады”, – деп хабарлады "КазТАГ" агенттігіне банк өкілдері.
Сонымен қатар қаржы мекемесі соттардың Акуовқа қатысты қарыздарды өндіріп алу және мүлікті тәркілеу туралы шешімдерін заңды әрі негізді деп танылғанын атап өтті. Ал Акуовтың шағымдары қанағаттандырылмаған.
“Акуовтың көптеген шағымы бойынша қозғалған қылмыстық істердің нәтижесінде банктің қызметкерлері немесе басқа тұлғалар тарапынан қандай да бір заң бұзушылықтар анықталған жоқ. Сондықтан "Еуразиялық банк" Акуовтың өзіне және Скоробогатовқа қатысты айыптауларын жалған деп есептейді”, – делінген банктің мәлімдемесінде.