Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов ауылға жұмысқа барған жас дәрігерлердің үстемақы алуын заңға енгізілген түзетулердің оң нәтижесі ретінде атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Депутат жақында ауылға көшіп барған жас дәрігерлермен кездесіп, олардың 100 ең төменгі жалақы, яғни шамамен 9 миллион теңге көлемінде үстемақы алатындарын хабарлады. Айтуынша, бұл қаржылай қолдау ғана емес, дәрігерлер еңбегінің бағаланғанын және олардың таңдауын дұрыс деп санағанын көрсететін маңызды белгі.
“Мәжілісте осы түзетулерді енгізгенде ауылдың білікті мамандарға, әсіресе дәрігерлерге мұқтаж екенін жақсы білдік. Бұрын бұл жерлерде тек тыныштық пен үміт болса, қазір адамдардың өмірін сақтап қалуға дайын дәрігерлердің жұмысы көріне бастады”, — деді Асхат Аймағамбетов.
Депутат ауылды дәрігерлер үшін ғана емес, басқа да мамандар үшін өмір сүруге ыңғайлы әрі жұмыс істеуге ынталандыратын орынға айналдыру мақсатында жұмыс жасалып жатқанын жеткізді. Оның сөзінше, бұл да сайлауалды бағдарлама аясында жүзеге асып жатқан маңызды бастамалардың бірі.