Кинофестивальдің ең басты жүлдесін қырғызстандық режиссер Мирлан Әбдіқалықовтың "Көктегі қоныс" фильмі иеленді. "Ең үздік режиссерлік жұмыс" аталымы бойынша "Набат" фильмі үшін әзірбайжандық Эльвир Мусаоглу жеңімпаз атанды. "Жат" фильмінде ойнаған Ерлан Нұрымбетов "Ең үздік ер адам ролі" аталымы бойынша жүлдеге ие болды. Әйел образын үздік сомдағаны үшін "Набат" фильмінің актрисасы Фатима Мотамед-Арья жеңімпаз деп танылды. Қазылар алқасы тағайындаған арнайы жүлдеге "Сүйікті іс" фильмінің режиссері Адитья Викрам Сенгупта (Үндістан) ие болды.

"Еуразияда" халықаралық қазылар алқасымен бірге ФИПРЕССИ және НЕТПАК киносыншылары жұмыс істеді. ФИПРЕССИ қазылар алқасының жүлдесін "Шлагбаум" фильмі үшін қазақстандық режиссер Жасұлан Пошанов иеледі. НЕТПАК қазыларының "Орталық Азиядағы үздік фильм" жүлдесін режиссер Досхан Жолжақсынов "Құнанбай" фильмі үшін жеңіп алды. Сонымен қатар, ең үздік әйел және ең үздік ер адам ролі аталымдарының жеңімпаздары да анықталды. Оларға Еркебұлан Дайыров ("Шлагбаум") және Әлфия Сымбаева ("Сағынтайдың бірінші әйелі") ие болды.

Айта кетейік, "Еуразия" кинофестивалі "Ұлы Жібек жолы: Батыс пен Шығыс мәдениетінің байланысы" ұранымен өткізілді. "Еуразия" аясында биыл алғаш рет "Шәкен Жұлдыздары" өтті. Жаңа кинофестиваль Қазақстан мен Орталық Азия кинематографтарының қолдауымен ұйымдастырылды.