Ерекше балаларға қатысты өрескел пікір айтқан блогер көпшіліктен кешірім сұрады

Ақтоты Жапатова 10 сент. 2025 17:55

Әлеуметтік желіде "аутист балаларды өлтіру керек" деп өрескел пікір жазған блогер Райхан Жұмамұратова кешірім сұрады,- деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Мен ешқандай қатыгез адам емеспін! Бұл жерде тек эмоция кінәлі. Ауыр пікір жазғанымды қаншама ата-ана жекеме шығып жатқан соң түсіндім. Аутист диагнозы осындай көп деп ойламаппын. 2 жасар бала өзімнің баламмен жасты болған соң, сол баланың орнына өз баламды лақтырып жібергендей сезім болып, ашуға беріліп айтып қойдым. "Ойланбай сөйлеген аңдымай өледі" деген сөздің мағынасын халық болып түсіндіріп жатырсыздар", – деп ақталды блогер.

Сондай-ақ, ол өзінің ашуға булығып, ойланбай жазған пікірі үшін кінәлі екенін айтып, оқырмандардан сол қателікті қайталамауды сұрады.

"Аутист балалардың ата-аналарынан шын көңілмен кешірім сұраймын! Мен ойланбай жазып қойып күнәға батсам, сіздер мені саналы түрде сынап, ауыр сөз жазбаңыздар. Сау бала болсын, диагнозы бар бала болсын, әр ата-ана өз баласына жауапты. Неге қоғамда аутист балалар көп және оның салдары неден болуы мүмкін?" – деді Райхан Жұмамұратова.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда аутизмі бар балаларға қатысты даулы пікір қалдырған блогерге қылмыстық іс қозғалғанын жазған болатынбыз.


Рекомендовать
Последние новости