Алматыда аутизмі бар балаларға қатысты даулы пікір қалдырған блогерге қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ведомство мәліметінше, блогер әлеуметтік желідегі жазбаларында өшпенділік тудыратын пікір білдірген. Осыған байланысты Autism Kazakhstan кәсіпкерлер қауымдастығы Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға шағым түсірген.
"Аталған азаматтың жеке басы анықталды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады. Естеріңізге саламыз, қорлау, әлеуметтік араздықты қоздыруға бағытталған әрекеттер, сондай-ақ зорлық-зомбылық пен қатыгездікті насихаттау қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Азаматтардың құқықтарын шектейтін немесе қылмысқа итермелейтін кез келген мәлімдеме – заңсыз", – деді департамент өкілдері.
Ұйымның мәліметінше, блогер 23 тамыз күні оңтүстік астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінің ауласында болған оқиғаға қатысты пікір білдірген. Сол күні 13 жастағы жасөспірім екі жасар балаға дене жарақатын салған. Қазіргі уақытта оның психиатриялық диагнозы бар-жоғы белгісіз.