ЕҚҚДБ Қазақстанға салатын инвестицияны екі есе арттырады

Dalanews 06 июл. 2024 15:05 4057

Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚҚДБ) Орталық Азия мен Моңғолия бойынша директордың міндетін атқарушы Хусейн Озханмен кездесті. Ол ЕҚҚДБ-ның алдағы уақытта Қазақстанға салынатын инвестицияны екі есе көбейтуді жоспарлап отырғанын айтты. Әрі бұл инвестицияның елдің әлеуметтік және экономикалық дамуына аса маңызды екенін атап өтті.   

Еліміздің батыс жағын электрмен жабдықтауды жақсартатын жобаға ерекше назар аударылды. Ол жобаны ЕҚҚДБ KEGOC-пен бірге жүзеге асырып отыр. Сонымен бірге Ақтөбеде тазартуға арналған жаңа құрылыстар жүргізу, жетекші тұз өндіруші «Аралтұзға» қолдау білдіру мәселесі де талқыланды. «Аралтұзға» Еуропа қайта құру және даму банкі наурыздың ортасында 5,5 млрд теңгеге айырбас несие берген еді. 

«2024 жылдың маусымында Алматы әуежайында жаңа жолаушылар терминалы кестедегі уақытынан бұрын ашылған болатын. Оның да құрылысын ЕҚҚДБ қаржыландырған. Банк Air Astana компаниясының ұлттық IPO-сына да қатысты» дейді банк өкілдері.

Нұрлан Байбазаров Қазақстанның жеке секторға, энергетикаға, көлікке және жаңартылатын энергия көздеріне инвестицияларды қолдай отырып, ЕҚДБ-мен ынтымақтастықты елдік және өңірлік деңгейде кеңейтуге ниетті екенін атап өтті. 

Қазақстанмен жұмыс істеп бастағалы банк 324 жоба аясында €10,2 млрд инвестиция құйған. Қазіргі уақытта Қазақстан қоржынында жалпы сомасы €2,9 млрд болатын 121 жоба жүріп жатыр.   

 

 

 


Рекомендовать
Последние новости