Әкімдік талабы – мектептің еденінен бастап, шатырына дейін сапалы материалдар қолданылуы тиіс

Жарбол Кентұлы 01 июл. 2024 10:46 2532

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев Төлеби ауданына арнайы іссапармен барды. Аудандағы бірқатар әлеуметтік нысанды аралап, құрылыс барысын бақылады, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Зертас ауылдық округі, Шомшақты елді мекенінде бой көтерген жаңа фельдшерлік-акушерлік пункті, Көксәйек бастауыш мектебінде жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстарымен танысты. Биыл дәл осы елді мекенде тағы бір ФАП құрылысы басталды.

Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының қолдауымен аймақтағы мектептер күрделі жөндеуден өтуде. Оған Төлеби ауданындағы мектептер де енгізілген. Бейсенбай Тәжібаев Қазақстан және Б.Биболатұлы жалпы орта мектептері, Қостөбе шағын жинақты жалпы орта мектебінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеудің жұмыс сапасын қадағалады.

Қостөбе шағын жинақты жалпы орта мектебі күрделі жөндеуден өткізілуде. Бүгінгі таңда мердігер мекеме «Радуга-СН» ЖШС жобалық-сметалық құжатты негізге алып, жұмыстарды өндірістік кестеге сәйкес атқаруда.  Қазіргі уақытта тиісті жұмыстардың 70 пайызы орындалды.

Ал Б.Биболатұлы жалпы мектебі 500 оқушыға арналған.

Бұл білім ұясын күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжат дайындалып, сараптаманың оң қорытындысы алынған. 2024 жылға 400 млн теңге қаржы қаралды. Жұмыстар жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары ғимараттардың құрылысына жауапты мердігерлермен кездесіп, нысандар талапқа сай болуы және кестеден кешікпеу қажеттігін ескертті.

Нысандардың еденінен бастап, шатырына дейін сапалы материалдармен жаңартылуы тиіс екенін жеткізді. Халықтың денсаулығын жақсарту, балалардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасау бойынша тиісті шаралар жоғары деңгейде атқарылу керектігін ескертті. Бүгінде мектептердің қабырғаларын сылау, едендері ауыстыру, ішкі әрлеу жұмыстары қарқын алған. Пәндік кабинеттер жабдықталуда.

Сапар барысында Кеңесарық елді мекеніндегі «Балауса» балабақшасы мен Керегетас елді мекеніндегі балалар лагеріне табан тіреді. Жазғы сауықтыру лагерінде демалып жүрген балалар, оларға келген ата-аналармер тілдесіп, жай-күйінен хабар алды. Қазіргі таңда лагерде 400 бала жазғы уақытын тиімді өткізіп, демалуда.


Рекомендовать
Последние новости