Елін сүйген Есімханов

Dalanews 17 окт. 2016 10:51 972

 

Біз ұмытшақ халықпыз... Өткенімізді тез ұмытып үлгірместен, бүгінімізді де бағдарлай алмай жатамыз. Кім айтқаны есімде жоқ: «Бәрін кешіруге болады, кемшілік – түзелер, олқылық – толар, дегенмен, кешегісін бүгін, бүгінгісін ертең ұмытатын адамдарды (халықты) өзі кешірсе де, уақыт кешірмейді», – депті. Біздің бойдағы осы ұмытшақтық, өзімізді ұмыта жүріп, өзгені ұлықтауға құмарлық дерті көптеген ісіміздің кері кетуіне себепкер. Әйтпесе, ұмытуға болмайтын оқиғалар, заманалар көз жасы, сондай зұлмат кезеңде өмір сүрген тарихи тұлғалар  бізде жетерлік. Бірін білсек, екіншісін ұмытып, екіншісін танысақ, үшіншісін іздеусіз қалдырып жатамыз. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз, белгілі меценат, талай игілікті істердің ұйымдастырушысы болып жүрген, ел мен жер үшін айғай-шусыз, таза ниетпен еңбек еткен, ең бастысы, халық санасын отарсыздандыруға бар күш-қайратын сарқып жүрген тұлға – Қуат Есімханов.
Біздің анықтама

Қуат Есімханұлы Есімханов

 1952 жылы дүние есігін ашқан.

Әр жылдары Ақсу қаласының әкімі, Петропавл облысы, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болды. «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ-ның вице-президенті, «Қазавтокөлік» АҚ-ның президенті, Қазақстан теміржолы саласында басшылық қызметтерде болды. Қазір Астанада Қазақстан теміржолы «Теміржолжылу» АҚ-ның президенті. ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР «Құрметті теміржолшысы», Ақсу қаласының Құрметті азаматы.

 

0-1Отаршылдық дерті...

Тәуелсіздік бізге тәуелділіктен құтылу үшін берілді. Иә, елдің тәуелсіздігі, жердің қожасының кім екені, шекараның бекітілуі, экономиканың еркіндік алып, нарыққа бейімделуі, дүние-мүліктің жекенің қолына өтуі – бұл мемлекетті нығайтатын негізгі факторлар. Әйткенмен, бір елдің толыққанды тәуелсіз болуы үшін сол ел халқының саяси-экономикалық жақтан ғана емес, рухани тұрғыдан тәуелсіз болуы басты шарт. Онсыз тәуелсіздік – тәуменділіктің екінші атауы ғана болмақ-дүр.

Рухани тәуелсіздік – сананы отарсыздандыру. Оны жүйелі жүргізбеген халықтың кешегі бодандық шекпенін әлі аңсайтыны, өзінің еркіндігін қорғаудан бұрын, өзгенің пәрменімен жүрген кезін көксеп, соған еміреніп, сол үшін қызмет етері бүгінгі көптеген жайттардан белгілі болып отыр.

Тәуелсіздік жылдарын көп адамдар «той тойлаумен» өткізіп жүрміз деп сынап жатады. Меніңше, бұлай деу қате пікір. Тарихи тұлғалар мен оқиғалардың мерейлі немесе атауға тиіс жылдарын еске алу, сол арқылы бүгінгі ұрпақ санасында ұлттық құндылықтар мен ұлы есімдерді жаңғырту күні кеше бодандық қамытын киген әр ел үшін маңызды қадам. Мұндай тәжірибеден біз ғана емес, бір кездері отарлықтың қамытын киген кез келген мемлекет өткен.

Бізде Тәуелсіздік тұсында осы жолмен жүрдік. Бұған келтірер мысал көп. Соның көбі әкімшілік құрылымдардың және мемлекеттің ықпалымен жасалды. Мұндай шараларды қоғамдық белсенділер мен меценаттар бірігіп атқарса, анағұрлым ауқымды әрі мағыналы болары даусыз.

 

Жоқ, ұмытуға болмайды!

Осы салада аянбай еңбек еткен азаматтың бірі һәм бірегейі – Қуат Есімханов. Есімханұлының тынымсыз еңбегін шолып отырып, тасада қалған талай тағдыр иесінің өз биігіне орнауына өлшеусіз үлес қосқанын білер едіңіз.

Бұған күллі Алашқа аты мәлім Кемпірбай, әйгілі «Қорлан» әнінің авторы, қазақ ән өнеріне ерекше мәнермен жаңалық енгізген Естай, Сегіз Сері, Қожаберген жырау, жазушы Сәбит Дөнентаев, Алашшыл тұлға Отыншы Әлжанов, Сәкен Сейфулиннің тұяғы, ауыр азап жолында шетінеген Аян Сәкенұлы секілді оннан астам тарихи есімдердің халық жадында қайта жаңғыруына ықпал етуін атауға болады. Бірінің басына ескерткіш тұрғызса, енді біріне ескерткіш тақта орнатуға мұрындық болды. Бірінің кітабын шығарып, ас беріп, туыс-туғандарын жинап, күллі қазақ зиялыларының басын қосып, ұмытылмас шара өткізсе, тағы біріне ақындар мен жазушыларды ұйымдастырып, сөзден өлмес ескерткіш қойғызды. Бұлардың көбін ел білгенімен, зираты қайда екенін ұмыта бастаған еді. Бірін заманы дауылы жасырса, енді бірін өзіміз ескерусіз қалдырғамыз. Осы олқылықтың орнын толтыру жолына дәл Есімхановтай еңбек еткен азаматтар некен-саяқ.

Күләш пен Қанабек Байсейітовтердің елге бара жатып, демалып, дастарқан жайған жеріне де ескерткіш-тақта орнатып, құран оқытып, дұға бағыштағаны ұлы корифейлер алдындағы ұлттық парыз десек те болатындай. Есімханов әлеміне үңілсеңіз, мұндай игі шаралардың көбіне өзі бастамашы болғанын байқайсыз.

Қазір өзінің ата-бабасын, руласын, жерлесін іздеп, батырларын танытып, өз әлінше еңбек етіп жатыр. Бірінікі оңды іс болса, екіншісінікі өзгеден қалмау, яки өз атын шығару мұғдарындағы іс. Қажет емес демейміз, десе де, кейде осындай шаралардың рух қайрау үшін емес, ру жарыстыру науқанына айналып кететінін несін жасыралық!

Қуат аға Есімханов мұндай даңғазалыққа бой алдырмаған. Мұны туабітті мінезі мен ұлттық құндылыққа рулық шеңберден қарамайтын парасат-пайымы арқылы жүзеге асырып отыр деуге болады. Әйтпесе, Есімханов өскен өңірінен ұзамай-ақ, біз әлі ескермей жүрген талай тұлғаның образы «шаң басқан архивтерден»  аршып алар еді.

Әженің ертегін, түгемес әңгімесін, туып-өскен өлкедегі жыраулар жырын тыңдаған, анасының ізетті, ізгілікті ойларын танымына шегелеген азаматтардың қай-қайсысы да болаттай берік, адуын келетіні осы Қуат Есімханов секілді ағалардың бойынан менмұндалап тұрады.

Есімхановтың мұндай ойлы жұмысына түрткі болған дүние – білімдарлығы, сөз түсінетін әрі сөз сыйлай білетін ерекшелігі десек, қателеспеспіз.

Бала кезінен ән мен жырға, толғамалы, толғамды күйге қанып өскен зерек жастың ержете келе ел ісіне араласқанда ең алдымен Алаш ұранды азаматтарды іздеуі, солардың есімін ұлықтауды қолға алғаны заңдылық.

Өзінің естеліктерінің бірінде анасымен бірге Семейдегі ет комбинатының қасынан өтіп бара жатқан кездегі арадағы әңгіме айтылады. Жастайынан Қуат ұлын ұлтының аймаңдай азаматтарының есімдеріне қанықтырып өсірген аяулы ана көзіне жас алып: «Е, бұл далада қаншама арыстардың тағдыры тәлкекке ұшырамады дейсің. Мына маңда Кемпірбайдың сүйегі жатыр... Талай азамат ескерусіз қалды-ау...» деп күрсініпті. Ана көңілін арыдан болжаған Есімханов кейін нар Кемпірбайға арнап ескерткіш орнатып, елді жиып ас беріп, азаматтық парызын орындады.

Ана демекші, бала кезінде Қуат Есімхановқа абзал жанның айтқан мына бір сөзі әр ана баласына ескертуге тиіс маңызды түйін деуге болады. Тіпті әр шаңырақтың төріне іліп қойса да артықтық етпес дейміз. Жастайынан әкеден айырылып, қамкөңіл өскен балаға: «Әр жігіттің ішінде сырғауыл болады. Сол сырғауыл майысса ешқашан түзелмейді. Сен Алладан өзге ешкімге қарыз емессің! Еңсеңді тік ұста», – деген екен. Бұл – ана сөзі! Ана сөзінен қадірлі сөз болсын ба?!.

 

[caption id="attachment_20794" align="alignright" width="361"]ermak1 Құлатылған Ермак ескерткіші[/caption]

Ермакты тұғырынан тайдыру

Қуат Есімхановтың есімін елге танытқан оқиғаны қазіргі оқырмандардың көбі ескермеуі мүмкін. Әсіресе, 1980 жылдары Ермак қаласында жауапты қызмет атқарып жүрген жылдарында Қуат Есімхановтың есімі ауданнан асып, республикаға жайыла бастады. Ермак қаласындағы ұлтаралық теңсіздікті қоғамдық талқыға салып, бірде бір қазақ балабақшасы жоқ екеніне назар аудартты. Сірескен, қасарысқан жүйемен бетпе-бет келген ол тынбай жүріп, өздерінің тұрғылықты халыққа жасаған қыспағын заң аясында әрі халықты ұйыстыру арқылы дәлелдеп, шовинистік пиғылдарды жеңе білді. Сол арқылы аудан көлемінде қазақтілді балабақшалардың ашылуына ықпал еткен соң, сол өңірдегі тиісті архивтерді көтеріп, қазақ даласына Ермактың қандай қатысы барлығына көз жеткізгісі келеді. Бірақ бұл оңай шаруа емес еді. Академик Манаш Қозыбаевқа арнайы жолығып, Ермактың өмірін, қайда туып, қайда өлгенін анықтауға ұсыныс жасайды. Академик өзінің Ресейдегі достары әрі тынымсыз еңбегі арқылы Ермактың батыр емес, қанішер, баскесер болғанын, оның қазақ тарихына еш қатысы жоқ екенін анықтайды. Оның Омбы маңындағы Тарск қаласында өмірден өткені де көп өтпей белгілі болады. Сол кезде аудан басшылығы қызметінде жүрген Есімханов аудан атын өзгерту ұсынысын жасап, жұртты тағы да өзіне қаратады.1993 жылы Ермак ауданы Ақсу болып өзгертілді. Бұл айтуға оңай, істеуге қиын шаруа еді. Ермактың ескерткішін тағынан тайдырудың қаншалықты шу тудырғанын осы күні аңыз ретінде қабылдайтындар бар. Оны құлатпақ түгіл, маңына жолатуға қарсы болған империяшыл пиғылдар қасарысып бақты. Бірақ Есімханов бастаған топ бар күшін салып, алып ескерткішті балталап тастағаны Тәуелсіздік тарихындағы айрықша оқиғалардың бірі деуге толық құқымыз бар. Есімхановтыәо өңірдегі қазақ ұлтшылдары қолдады әрі осы оқиғада қазақтардың жеңіске жетуін тілеген елде шек болмады.

Егер осы оқиға өзге мемлекеттерде іске асқан болса, Ермак ескерткішін құлату барысы туралы деректі фильмдер түсіріліп, отаршылдықпен күрес тарихындағы бастамалардың бірі ретінде дәріптелер еді. Мұндай оқиғаларды да ұмытуға болмайды. Егер Есімхановтың қайсарлығы әр өңірдегі аудан, аймақ қызметкерлерінде болғанда, біз талай советтік көсемдер мен империяның жүрек сыздатар белгілерінен әлдеқашан азат болған болар едік-ау...

Сол кездері Президент Назарбаевтың өзі Есімхановтарды іштей қолдап, «Азаматтар, мықты болыңдар!» деген деседі.

 

[caption id="attachment_20795" align="alignright" width="488"]%d0%b1%d0%b5%d0%b7-%d0%bd%d0%b0%d0%b7%d0%b2%d0%b0%d0%bd%d0%b8%d1%8f-1 Қазақстан қалалары картасы[/caption]

Қайран да біздің Қызылжар...

 Солтүстік Қазақстан облысына Қажымұрат Нағманов облыс әкімі болып барғанда жергілікті аузы дуалы кісілердің бірі әкімге бір сұрақ қойыпты деседі. «Бұрынғы әкім бізге келгенде бір вагон командасын ертіп келіп еді. Сіз қанша вагон кадр әкелесіз?».

 Тосыннан қойылған сұраққа еш іркілместен жауап берген әкім: «Мен бір вагонға татитын бір-ақ адам әкелемін. Оны кейін білесіңдер», – деген екен.

Сол бір вагонға татитын азамат біздің кейіпкеріміз Қуат Есімханов екенін жұртшылық кейін біліпті. Осы кезге дейін Нағманов пен Есімханов бірлесіп істеген игі жұмыстар туралы өңір халқы тек қана сағынышпен еске алады.

Петропавль қаласының көркеюі, өңір тұрғындарының әлеуметтік жағдайының жақсаруы, бизнес пен кәсіпкерліктің дамуына қосқан үлестерін айтпағанның өзінде осы өңірдің қазақылануына, байырғы атауларының қайта түлеуіне Есімхановтың қосқан үлесі ұшан-теңіз. Тарихи тұлғалардың есімін мектеп, көшелерге беріп, олардың өмірі туралы зерттетіп, өңірдегі қазақтардың еңсесін көтеруге қолынан келгеннің бәрін жасайды.

Сол кезде Есімханов өзі бас болып бұл жерде Абылай хан ордасының болғанын нақты айғақтармен дәлелдеген. Мәскеудегі Сыртқы істер министрлігінің жер төлесіндегі құпия архивтерді өзі барып ақтарып, Абылай хан ордасының сметалық-жобасын көріп, арнайы елге әкеледі. Одан бөлек, өңірдегі қазақ тарихына белгілі ерен тұлғалардың есімін ұлықтап, оларды насихаттауға да бір кісідей еңбек сіңіреді. Қызылжар деген атауды жиі атап, базарға, ірі сауда орындарына, ең бастысы халық көп жиылатын орындарға Қызылжар есімін бере бастайды. Тіпті, сонау Кеңес кезінде өңірдің атауын Қызылжар деп өзгерту туралы нақты шешім қабылданған құжат барын анықтап, Петропавлды Қызылжар деп өзгерту ұсынысын өзі қолына алады.

Амал нешік, сол кездері саяси дәрменсіздік пен депутаттардың бұлғалақ тірлігі осы іске шектеу қойды. Сондағы депутаттардың айтқан уәжі: «Ана халықтан ұят боладыға» сайыпты. Есімханов бұл байламға күйініп:«Ана халықтың көңілін ойлайтындар көп екен. Мына халықтың көңілін неге ойламайды?!» деп күйінгенін көрген жұрт әлі күнге айтады...

Егер Есімханов бастаған іс жүзеге асса, әлі күнге Солтүстіктегі көршінің уақытымен ұйықтап, сол уақытпен оянатын өңірдің атауы әлдеқашан қазақшаланар еді.

Бұл да бір кем дүние. 
Түйін:

Есімханов туралы айтар әңгіме мұнымен түгесілмейді. Ел үшін айғайсыз-ақ абыройлы іс атқарған тұлғаны жүзбе-жүз көрмесек те, істеген еңбектерін жастайымыздан естіп өстік. Біздің мақсат – ел алдында тік сөйлеп, бүгежектемей, «сырғауылын» майыстырмай жүрген азаматтардың көп болуына ғибраттық тұлғаларды кеңірек таныстыру. Ол бір мақаланың жүгі емес. Қуат Есімханов – бүгінгі жас шенділер мен «креативтілікті ұнататын» шекпенділер үшін үлгі тұтуға әбден лайық тұлға. Қаладағы Ермактардан құтылғанымызбен, санадағы Ермактардан әлі құтыла алмай жүргенімізді кейде амалсыз мойындаймыз. Ендігі лектің – жастардың жұмысы сол болуға тиіс!

Аялдар КҮНТУҒАН


 

 

 

Рекомендовать
Последние новости