Еліміздегі екінші деңгейдегі банктердің меншікті капиталы 10 трлн теңгеге жуықтап қалды

Кәмшат Тілеухан 09 окт. 2025 15:09

2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, банк секторының активтері, негізінен, несие портфелінің 40,9 трлн теңгеге дейін 2,7%-ға өсуі есебінен ағымдағы жылғы тамызда 2,4%-ға ұлғайып, 66,6 трлн теңге құрады (2025 жылдың басынан 8,3%-ға өсу), деп хабарлайды Dalanews.kz Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ұсынған мәліметтерге сүйене отырып.

Экономикаға және жеке тұлғаларға берілген несиелер

Екінші деңгейдегі банктердің өтімділігі жоғары активтері 19,5 трлн теңгені немесе активтердің 29,3%-ын құрады. Бұл банктерге өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Екінші деңгейдегі банктердің экономикаға берген кредиттері 2025 жылғы тамызда 2,4%-ға 38,0 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2025 жылдың басынан 12,7%-ға өсу). Бұл ретте, ұлттық валютада берілген кредиттер 2,6%-ға 34,8 трлн теңгеге дейін, шетел валютасында 1,1%-ға 3,2 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Нәтижесінде теңгемен кредиттердің үлес салмағы 2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 91,6%-ды құрады (01.01.2025 ж. – 91,2%).

Бизнес субъектілеріне берілген кредиттер 2025 жылғы тамызда негізінен инвестицияларға және бағалы қағаздар сатып алуға берілген қарыздардың 1,5%-ға 3,7 трлн теңгеге өсуі есебінен 14,3 трлн теңгеге дейін 1,4%-ға ұлғайды (2025 жылдың басынан 9,4%-ға өсу). Оның ішінде, мерзімінен бұрын өтеулер нәтижесінде ірі бизнеске берілген қарыздар 1,6%-ға 5,1 трлн теңгеге дейін төмендеді, ШОБ субъектілеріне қарыздар - 2,0%-ға 6,3 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Дара кәсіпкерлерге берілген кредиттер бір айда 5,6%-ға 2,9 трлн теңгеге дейін  ұлғайды (2025 жылдың басынан 26,3%-ға өсу).

Салалар бөлінісінде ағымдағы жылғы 8 айда кредиттердің өсуі барлық салаларда дерлік: өнеркәсіпте – 4,7 трлн теңгеге дейін 1,1%-ға, саудада – 3,9 трлн теңгеге дейін 3,4%-ға, ауыл шаруашылығында – 526 млрд теңгеге дейін 5,0%-ға, құрылыста -  756 млрд теңгеге дейін 1,1%-ға, ақпарат және байланыс салаларында - 193 млрд теңгеге дейін 1,5%-ға байқалады.

2025 жылғы тамызда  бизнес субъектілеріне 1,7 трлн теңге сомаға жаңа қарыздар берілді. Бұл ретте, 2025 жылғы 8 айда бұл көрсеткіш 12,1 трлн теңгені құрады, бұл 2024 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 8,8%-ға көп.

Бизнес субъектілеріне ұлттық валютада берілген кредиттер бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі 2025 жылғы тамыздың қорытындысы бойынша 21,5%-ды құрады. Ірі бизнестің теңгемен кредиттері бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі 18,9%-ды, ШОБ субъектілеріне – 19,0%-ды, ДК – 31,3%-ды құрады.

Халыққа берілген кредиттер бір айда 3,1%-ға ұлғайып, 22,7 трлн теңге құрады (2025 жылдың басынан 14,7%-ға өсу). Халыққа берілетін кредиттер құрылымында тұтынушылық қарыздар 2,1%-ға 16,0 трлн теңгеге дейін өсті.

Ипотекалық несие нарығы

Ипотекалық кредиттер нарықтық талаптарда берілген ипотекалық қарыздар портфелінің 3,8%-ға 2,1 трлн теңгеге дейін ұлғаюына байланысты бір ай ішінде 2,5%-ға 6,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2025 жылдың басынан 9,0%-ға өсу).

2025 жылғы тамызда халыққа берілген жаңа қарыздар 1,8 трлн теңгені құрады. Бұл ретте 2025 жылдың 8 айында бұл көрсеткіш 12,9 трлн теңгені құрады, бұл 2024 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 13,1%- ға көп.

2025 жылғы тамызда халыққа ұлттық валютада берілген кредиттер бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі 19,3%-ды құрады. Теңгемен ипотекалық қарыздар бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 8,6%-ды, тұтынушылық қарыздар бойынша 21,5%-ды құрады.

Жұмыс істемейтін несиелер немесе сапасы нашар несиелер

Кредит портфелінің сапасы жоғары деңгейде сақталып отыр. 2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша банк секторы бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздар (NPL90+) деңгейі өткен ай деңгейінде сақталып, несие портфелінің 3,5%-ын немесе 1,4 трлн теңгені құрады.

Бизнеске берілген кредиттерде NPL90+ қарыздардың үлесі 2,2%-ды немесе 364 млрд теңгені құрады (01.01.2025ж. – 2,1% немесе 304 млрд теңге). 2025 жылғы тамыз айында халықтың кредиттері бойынша проблемалық берешектің үлесі 4,5%-ды немесе 1 071 млрд теңгені құрады (01.01.2025ж. – 3,8% немесе 790 млрд теңге).

Жұмыс істемейтін қарыздарды провизиялармен өтеу жоғары деңгейде сақталып отыр және 65,4%-ды құрайды (01.01.2025ж. – 67,0%).

Банк секторының міндеттемелері 2025 жылғы тамызда негізінен жеке тұлғалардың салымдарының 0,8%-ға 26,1 трлн теңгеге дейін өсуі және репо операцияларының 22,5%-ға 2,5 трлн теңгеге дейін өсуі нәтижесінде 2,3%-ға 56,9 трлн теңгеге дейін (2025 жылдың басынан бастап 8,0%-ға өсу) ұлғайды.

Депозит нарығы

Депозиттік ұйымдардағы резиденттердің депозиттері 2025 жылғы тамызда негізінен ұлттық валютадағы депозиттердің 1,0%-ға 33,3 трлн теңгеге дейін өсуі нәтижесінде 1,0%-ға 42,8 трлн теңгеге дейін ұлғайды.

Шетел валютасындағы депозиттер 0,8%-ға 9,5 трлн теңгеге дейін өсті. Нәтижесінде 2025 жылғы 1 қыркүйектегі долларландыру деңгейі 22,2%-ды құрады (01.01.2025ж. - 22,5%).

Заңды тұлғалардың депозиттері негізінен шетел валютасындағы депозиттердің 2,1%-ға 5,1 трлн теңгеге дейін өсуі нәтижесінде 2025 жылғы тамызда 0,8%-ға 18,7 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Ұлттық валютадағы депозиттердің 1,5%-ға 19,7 трлн теңгеге дейін ұлғаюына байланысты жеке тұлғалардың депозиттері 1,1%-ға 24,1 трлн теңгеге дейін өсті.

Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі 2025 жылғы тамызда 15,4%-ды (01.01.2025ж. – 14,0%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша – 14,3%-ды (01.01.2025ж. – 13,2%) құрады.

Банктердің меншікті капиталы 2025 жылғы тамызда негізінен ағымдағы жылдың бөлінбеген таза пайдасының ұлғаюы нәтижесінде 3,1%-ға 9,8 трлн теңгеге дейін (2025 жылдың басынан бастап 10,1%-ға өсу) ұлғайды. 2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 19,7%-ды (01.01.2025ж. – 20,4%), меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) – 21,1%-ды (01.01.2025ж. – 22,0%) құрады, бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір асып түседі және банк секторындағы әлеуетті тәуекелдерді өтеуді қамтамасыз етеді.

2025 жылғы қаңтар-тамызда банктердің таза пайдасы 1 864 млрд теңгені құрады, бұл 2024 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 14,7%-ға артық. Банк активтерінің рентабельділігі (RОА) 2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 4,5%-ды (01.08.2025ж. – 4,6%), капиталдың рентабельділігі (ROE) – 30,8%-ды (01.08.2025ж. – 31,5%) құрады.

Айта кетсек, 2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторында 23 екінші деңгейдегі банк бар, оның ішінде 15 банк шетелдік қатысумен, оның ішінде 10 еншілес банк.

Бұған дейін бағалы қағаздар нарығы бойынша статистиканы жариялаған болатынбыз. 2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, акциялар нарығын капиталдандыру 39,6 трлн теңгені құрап (2025 жылдың басынан бастап 20,4%-ға өсті) тамызда 5,1%-ға өсті.


Рекомендовать
Последние новости