Доллар 600 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін бе - сарапшы пікірі

Dalanews 08 окт. 2025 13:15

 
"Бәрімізді бір сұрақ мазалайды. Неге біздің теңгенің курсы қайта-қайта құбыла береді? Және неге теңге күшейгеннен гөрі көбірек әлсірейді? Сосын бұл курсты кім бекітеді? Ол жалпы қайдан пайда болды? Мысалы6 бүгін теңгенің бағамы 541,45 болады деп кім шешті? Мұндай курсты біз қайдан алдық? Сосын неге көрші Қырғызстан, Әзірбайжан сияқты елдердің валютасы өте тұрақты, ал біздің теңге неге тұрақсыз? Міне, халықты егер асықпай жөн сұрасақ, осындай сұрақтар толғандырады" деген қаржы саласының маманы Айбар Олжаев бұл сауалдарға ақырындап бойлай отырып, егжей-тегжей жауап береді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
 
Алдымен ол валюта нарығындағы қазіргі ахуалға тоқталады.
"Қыркүйектің қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 549,07 теңгеге дейін әлсіреді. Яғни, бір айда теңгенің құлау көрсеткіші 1,9% пайыз болды. 2025 жылдың басында теңге бағамы долларға шаққанда 526,11 болғаны есте. Ал бүгін Қазақстан қор биржасында курс 541,45 көрсетіп тұр. Сонда жыл басынан бері теңге шамамен 2,9 пайызға әлсіреген", деп жазады Айбар Олжаев Facebook-тағы парақшасында.
Сөйткен ол теңгенің бағамы тұрақты болып келетін көрші елдердің ұлттық валюталарынан басты айырмасына жекелей тоқталады.
 
"Теңгенің бізді қоршап тұрған көрші елдердің валютасынан басты айырмашылығы – теңге еркін айналымдағы толық конверттелетін халықаралық валюта. Біз саналы түрде осындай шешім қабылдағанбыз. Соның арқасында көптеген ішкі және сыртқы инвесторлар біздің биржаға келуде, жұмыс істеуде. Яғни, теңгенің өз өмірі бар, ал оның бағамын нарық бекітеді. Мысалы, Әзірбайжан мен Қырғызстанның валюталары таргеттелген курс режимінде, яғни еркін валюта емес, олардың билігі манат пен сом бағамын бекітіп отырады. Енді мен әр валютаның сипаттамасы мен қазіргі жағдайын түсіндірейін. Теңге дәл қазір – ТМД аумағының басты валютасы. Себебі ол еркін конверттеледі. Сондықтан теңгенің курсын ешкім арнайы бекітпейді", - дейді маман.
Ақша бағамын айқындайтындар кімдер?
 
Ал ақша бағамы Қазақстан қор биржасындағы (KASE) алып-сату нәтижесінде белгілі болады. Қазақстан қор биржасында валюталық сауда-саттық алаңшасы деген бар. Теңгенің долларға шаққандағы бағамы сол алаңшадағы USD/KZT жұбы саудасының қорытындысы бойынша анықталады. Таңғы сауда сессиясы Астана уақытымен сағат 10:15-те басталып, 11:00-де аяқталады. Сонымен бірге, түскі және кешкі сессиялары бар. Демек сағат 11-00-ден кейін сол күнгі теңгенің алғашқы нарықтық бағамы анықталады. Ал сол күннің қорытынды курсы кешкі сессия аяқталған 17-00 сағаттан кейін белгілі болады. Осы сауда-саттыққа банктер, шетел валютасымен операция жасайтын түрлі компаниялардың тапсырмасын орындайтын брокерлер, валюта айырбастау фирмаларының өкілдері қатысады. Орта есеппен, қазіргі таңда валюта биржасында 33 белсенді ойыншы бар. Банктер де осы тізімге кіреді. Осы нарықтық қатысушылар тарапынан жасалатын сұраныс пен ұсыныс көлемі теңгенің күн сайынғы құбылуына әсер етіп, оның бағамын анықтап отырады.
 
"Биыл орта есеппен USD/KZT жұбында бір күнде 220 миллион долларға сауда-саттық операция жасалып жүр. Бір айда шамамен 20 жұмыс күні бар деп есептесек, биылғы алғашқы 9 айда теңгенің доллармен алыс-беріс айналымы 39-40 миллиард долларға жеткендігін есептеп шығаруға болады. Теңгенің курсы долларды сатып алу/сатудың Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықта тіркелген өткен ең төменгі бағасы мен ең жоғарғы бағасының ортақ мәнінен құралады. Мысалы, ең төменгі мәміле бір долларға 545,86 теңге, ал жоғарғы мәміле долларына 549,07 болса, осы екеуін қосыңыз да, екіге бөліңіз. Сонда теңге құны сол сессия нәтижесінде 547,46 болып белгіленеді. Биржалық стакан деген ұғым бар. Егер биржада ойыншылар долларды көбірек алып жатса, онда долларға сұраныс көп болып, оның курсы өседі. Керісінше теңгеге сұраныс көп болса, демек теңге күшейеді деген сөз. Бәрі таза нарық", деп сөзін толықтырады Олжаев.
 
Оның айтуынша, осы теңгені басып шығаратын Ұлттық Банк оның бағамын таргеттеу, яғни курсты реттеу режимінен 10 жыл бұрын кетіп қалған. Қазір Ұлттық банк инфляцияны таргеттеу режимінде жұмыс істейді. Яғни басты бағыты – инфляцияны белгілі бір шек аясында ұстап тұру. Бір сөзбен айтқанда, теңге тағдыры нарықтың жеке қолына берілді. Ал мемлекет бар күшін тек инфляцияға салады.
 
Мемлекеттің "интервенция" деп аталатын "рычагы" бар
"Бұл өте жақсы. Себебі, бұған дейін бірнеше рет орын алған күтпеген девальвациялардан кейін халықтың теңгеге деген сенімі жоғалып кеткен болатын. Ал девальвациялар, әу баста, теңгені нарық емес, мемлекет өзі реттеп отырғандықтан болды. Яғни, оның курсы жасанды түрде, түрлі саяси науқандарға, мысалы Назарбаевтың сайлауы қарсаңында, соған қатысты қолдан ұсталып отырды. Теңгені қолдан ұстап тұру өте қымбатқа түседі. Оған бір айда 2-3 миллиард доллар керек. Ашығын айту керекпіз, мысалы 2014-2015 жылдары бізде мемлекеттің алтын-қор резервінен, шамамен 20 миллиард доллар босқа жағылып кетті. Енді нарық жағдайында мемлекет теңге бағамына резервтерін құртпайтын болады. Бірақ бұл мемлекет қор нарығында валюталық операциялармен айналыспайды деген сөз емес. Мысалы, Ұлттық Қордан республикалық бюджетке қаржы аударғанда, биржада қордан келген долларды теңгеге ауыстыру қажет болады. Оның іс-қимыл кестесі алдын-ала жарияланады. Нарық қатысушылары бәрін көріп, бақылап жүреді. Яғни, мемлекет валюта нарығында күтпеген іс-қимылдар жасамайды. Одан бөлек, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры керісінше халықтан теңгелей жиналған зейнетақы салымдарын бекітілген график бойынша долларға ауыстырып отырады. Онымен бірге, Ұлттық Банк алтын операцияларын айналайды. Ол не деген сөз? Еліміздегі алтын өндіруші компаниялар сол алтындарын Ұлттық Банкке өткізуге міндетті. Ұлттық Банк олармен теңгемен есептеседі. Сол уақытта, нарықта басы артық теңге массасы көбейіп, инфляция күшеймеуі үшін Ұлттық Банк сол алтынның нарықтық құнын доллармен биржаға шығарады, яғни алған алтынына парапар долларды биржада сатады", деп жазады маман желіде.
 
Оның айтуынша, сонда мемлекет те күнделікті режимде осы биржаның қатысушысы болып табылады. Мемлекет екі жағдайда, Ұлттық Қор ақшасын бюджетке аударған кезде және алтын операцияларын айналау кезінде долларды сатады. Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына доллар керек кезде, керісінше долларды сатып алады. Күнделікті режимде мемлекеттің биржа операцияларындағы үлесі шамамен 12-13 пайыз болады. Қалғаны нарықтікі.
"Бірақ мемлекеттің "интервенция" деп аталатын рычагы бар. Ол өте сирек қолданылады. Егер биржада дүрбелең туындап, инвесторлар қашып, теңге "шок" ұстап, бағасы төмен құлдырайтын болса, Ұлттық Банк бірден өзінің резервіндегі долларларды көп көлемде сатып, интервенция жасайды. Сонысымен теңге бағасын тұрақтандырады. Бұл уақыты шектеулі, бір реттік амал болып табылады. Себебі, интервенция жасай берсек, онда біз теңге құнын қолымен ұстап тұратын режимге қайта оралдық деген сөз. Ал күніне 200 миллион доллар жағып отыру ақылға сыймайтын нәрсе ғой", - деді ол.
 
Теңге биыл неге әлсіреуде?
 
Егер елге импорт көп келетін болса, онда біздегі биржада долларға сұраныс көп болады. Себебі, импортерлерге сырттан тауар сатып алу үшін доллар керек. Ал экспорттық түсім импорттан артық болатын болса, тиісінше теңгенің позициясы жақсы болады. Біздің негізгі экспорттық түсім мұнай бағасынан келеді. Егер мұнай бағасы арзандаса, бізге экспорттан келетін мұнай долларлары азаяды. Мұнай компанияларының салық пен жалақы төлеу үшін биржада доллар сататын операцияларының көлемі қысқарып қалады. Онда биржада теңгеге деген сұраныс азайып, биржалық стакан доллардың қүнын көтеріп, теңгені керісінше түсіре бастайды.
 
"Мұнайдан кейінгі фактор – рубль. Теңге мен рубльді бірнеше миллиард долларлық экспорт пен импорт байланысы ұстап тұр. Сондықтан рубль құласа, биржадағы ойыншылар психологиялық тұрғыда теңгенің де құлауын күтеді де, теңгенің барлығын құтылу үшін асығып биржада сата бастайды. Үшінші фактор – маусымдық құбылыстар. Жыл сайын 4 рет жүретін салық аптасы кезінде компаниялар салық төлеу үшін долларларын теңгеге айырбастай бастайды. Ол кезде теңге күшейеді. Және жазғы демалыс пен қысқы жаңа жылдық демалыс маусымы алдында халық шетелге шығу үшін долларды айырбастау бекетінде көптеп ала бастайды. Сол кезде теңге әлсіреп, доллар күшейеді", - дейді маман.
Ұлттық Банктің ресми бағамы не үшін керек?
 
Ал егер теңге бағамын нарық саудасы анықтап реттесе, біз естіп жүргендей Ұлттық Банк неге әр күннің өзінің ресми курсын бекітеді? Оның нақты себебі бар:
"Ұлттық Банктың валюта бағамы биржадағы нарықтық бағамға сәйкес бекітіледі. Біздегі ішкі операциялар, төлемдер теңгемен жүретіндіктен, ресми курс шетел валютасымен келген табысқа теңгелей салық төлегенде, басқа да төлемдер жүргізгенде қажет болады. Барлық есеп-айырысулар осы ресми бағамды есепке ала отырып жүргізіледі. Мысалы сіз 18 қарашада доллармен пайда таптыңыз. Одан теңгелей салық төлеу керексіз. Сізге осыны есептеу үшін нақты бекітілген ресми курс керек".
 
Неге осы Қырғызстан мен Әзірбайжанда сом мен манаттың курсы өзгермейді?
 
Дәл қазір Қырғызстанда сомның долларға шаққандағы курсы - 87,45. 2010 жылы сом бағамы долларына 44,7 болған. 15 жылда сом да долларға шаққанда 95 пайызға құнсызданды. Ал теңге долларға соңғы 15 жылда 370 пайызға құнсызданған. Сом мен теңге бағамының құнсыздануы арасындағы айырмашылық екі елдің экономикалық құрылымы мен соған сәйкес таңдалған валюталық режиміне байланысты. Мұны тереңірек түсіндіре кетейін.
 
"Қазақстан мен Қырғызстанның экономикасын абсолютты цифрлармен салыстыруға болмайды. 2024 жылдың қортындысы бойынша бізде ішкі жалпы өнім 295 миллиард доллар, ал Қырғызстанда 17,5 миллиард доллар болды. Біздің экономикамыз көрші елден 27 есе үлкен. Сондықтан барлық салыстыруларды пропорционалды бойынша қараған дұрыс. Қырғызстан импортер ел. Яғни, оның сыртқа экспорт сатып ақша алғанынан, сырттан импорт қабылдап ақша жаратуы көп. Сондықтан Қырғызстанда сыртқы сауда балансы минуста. Қазақстан керісінше экспортер ел. Біздегі экспорт импорттан артық. Қырғызстанның әлеммен тауар айналымының шамамен 76 пайызын импорт құрайды. Демек, сом құлдыраса, Қырғызстанда бәрі автоматты түрде қымбаттамақ. Мұндай жағдайда, халықтың кем дегенде орташа жағдайын қамтамасыз ету үшін сомның курсын қатаң ұстап тұру керек. Қырғызстанға сомның айналымы шектеулі, импорты көп, халқы азғандай болғандықтан, сомды қолдан ұстап тұрған дұрыс. Себебі, олардың импорты 12,2 миллиард доллар, ал экспорты 3,8 миллиард доллар. Қырғызстанда сом біздегі теңге сияқты ашық биржада сатылып, айырбасталмайды. Олар мысалы сомды долларға валютты своп операциялары арқылы конверттейді. Оларда бір жылда осы своп операцияларының көлемі шамамен 40 миллион доллар. Ал Қазақстанда теңге-доллар сауда-саттығының көлемі бір күнде 220 миллион доллар. Немесе жылына 53 миллиард доллар. Масштаб айырмашылығын сезген боларсыздар. Қырғызстан үшін сомның курсын өзгертпей ұстап тұру үшін бір жылда 25 миллион доллар жетіп жатыр. Ал біз мысалы, теңгені еркін айналымнан шығарып алып, курсын мемлекет өзі тырп еткізбей ұстап тұрамыз деп шешсек, онда бізге жылына тек қана теңге бағамын ұстап тұру үшін 30 миллиард доллар керек. Сондықтан Қазақстанға теңгенің еркін нарықта, ашық валюта болғаны тиімді. Ал Қырғызстанның қазіргі жаңдайында, оларға сом бағамын қолдан ұстап тұрған дұрыс. Себебі, қырғыз экономикасы еркін конверттелетін сом режиміне шыдай алмайды", деп қаржы маманы екі ел арасындағы цифрлық айырмаларды алға тартады.
 
Қырғызстан мен Әзірбайжан "курс таргеті" режимінде, ал Қазақстан "инфляция таргеті" режимінде жұмыс істейді. Яғни, монетарлы биліктері, бір сөзбен айтқанда Орталық банктері әртүрлі, бірақ өздеріне қолайлы және қисынды бағыт таңдаған.
"Әзірбайжан манаты туралы айта кетсем. Бір рет девальвация жасап алған 2014 жылдан бері манат бағамын Әзірбайжан Орталық банкі белгілі бір нақты коридорда ұстап отырады. Қазір ол бір долларға 1,7 манат. Сонғы жылдары бағамды осы коридорда ұстап отыру үшін Орталық банк шамамен жылына 2 миллиард доллар шығындап келеді. Бірақ егер мұнай бағасы барреліне 60 доллардан арзандап кетсе, онда төлем балансының профициті нашарлап, интервенцияға қажет қаржы 3 миллиард долларға дейін артуы мүмкін. Менің болжауымша, биыл мұнай барреліне 69 доллар деңгейінде болғандықтан, Әзәірбайжан Орталық банкі манат курсын ұстап тұру үшін осы жылы 2,5 миллиард доллар жағуы тиіс. Бұл оларға курсты еркін айналымға жібергеннен көрі тиімді. Енді қараңыздар. Теңге – халықаралық, аймақтық ашық валюта. Оны ТМД-ның доллары десе де болады. Ал сом мен манат жабық ішкі валюта деп саналады. Қазақстан өзінің биржасын, қаржылық архитектурасын экстенсивті форматқа, яғни ашық, сырттан кез-келген инвестор қатыса алатын қылып, халықаралық интеграция принциптеріне негіздеп жасаған. Осы арқылы теңгелік операциялар масштабын үлкен қылдық. Біздің қаржылық құралдарды шетелдік инвесторлар қуана алады. Бұның бәріне белгілі бір минусы – теңге сыртқы шоктарға өте сезімтал. Бірақ біз өз таңдауымызды дұрыс жасадық. Енді ішкі экономикамыз бен өндірісімізді күшейтіп алсақ, теңгенің қуаты еселене түседі", - дейді Олжаев.
 
Оның пікірінше, дәл қазір Қазақстанға теңгенің долларға шаққанда тым күшті болуы керек емес. Әсіресе, үкіметке. Біз жыл сайын зейнетақы төлеуге керек 2 триллион теңгені Ұлттық қордан, яғни мұнайдан түскен доллардан аламыз. Сонда қазіргі курспен 3,6 миллиард доллар жұмсаймыз. Егер доллар 120 теңге тұрса не болар еді? Бізде онда тек зейнетақыға жылына 16,6 миллиард доллар қажет болады. Біздің бюджет те, Ұлттық қор да тез сарқылып, мемлекет дефолт жариялар еді.
 
17 адам керемет дивиденд алды, ал халық бір сәтте 80 пайызға кедей бола түсті
 
"Ашық мойындау керек, өз валютамызға қиянат көрсеткен кездеріміз аз болмады. Сондықтан барлығын әлемдік нарықтар мен сыртқы құбылыстарға ғана байланыстырып көрерменді алдағым келмейді. Теңге тамырына жеке мүдде жолында іштен балта шапқандар да кездесті. "Кейінгі Назарбаев" дәуірінде, яғни 2010-2015 жылдары біз үлкен қателіктер жібердік. Қазіргі тұрғыдан алғанда монетарлы қателік деп айтамыз ғой, бірақ ол кезде Назарбаевқа жақын олигархтық топтар жоғары билікті теңге девальвациясына мәжбүрлеп, содан үлкен дивидендтер алғаны жасырын емес. Мұнай, газ, метал, көмір экспорттаған ірі қаржылық топтар валюталық түсімді өзара келісіп шоғырландырып алды да, түнде үлкен кабинетке кіріп шығып, теңгені қолдан құлдыратып, артынан біршама доллар сатып, банктердегі теңгелік кредиттерін, кәсіпорындар қарыздарын, жұмысшылар айлығы сынды барлық мәселелерін шешіп тастады. Шамамен 17 адам керемет дивиденд алды, ал 19 миллион Қазақстан халқы бір сәтте 80 пайызға кедей бола түсті. Бір жауапты тұлғаның "девальвация туралы өзім жаңа ғана білдім" деп қатыратыны да осы кез. Теңге 2014 жылдың басында 20 пайызға, одан еркін айналымға кеткеннен кейін тағы 30 пайызға құлдырады. Осы кезде экономиканы саясат белден басып, тағы үлкен қателік жасадық. Теңгені еркін айналымға жібергеннен кейін оның толық фундаменталды нарықтық деңгейіне құлап бітуін күту керек еді. Сол кезде 400-ге құласа да, қазанның түбіне жетіп, өзі тоқтап, ары қарай толық нарықтың қолына өтіп кетер еді. Оған саяси батылдық жетпей, 2015 жылдың сәуірінде өткен Назарбаевтың кезектен тыс сайлауының алдында халықты дүрліктірмес үшін 2014 жылдың күзінен 2015 жылдың көктемі аралығында теңгені ұстап тұру үшін резервтен 20 миллиард доллардан астам валюта жағылып кетті. Сайлау өткеннен кейін бір ай болмай жатып, теңге бәрібір құлады. Біз болмайтын жерде резервтен айрылдық. Қазір осы артық 20 миллиард доллар екі жылдың бюджеттік дефицитті жабуға оңай жетер еді", деген маман өткен тарихқа да көз жүгіртеді.
 
Сондықтан теңгенің қазіргі проблемаларының 30 пайызы өткен дәуірдің қателігі. Ол бүкіл экономикалық агенттердің, яғни компаниялардың, инвесторлардың, халықтың теңгеден қорқып қалуына, оған сенімсіздікпен қарауына алып келді. Қит етсе валюта айырбастау бекетіне жүгіру, ұзақ позициядағы капиталды теңгеде ұстамау, теңгені тек қысқамерзімді операцияларда қолдану әдеті осыдан пайда болды.
 
"Біз мұнын зардабын ұзақ уақыт тартып келе жатырмыз. Теңге курсында теңгеге деген психологиялық сенім де үлкен рөл ойнайды. Ал жалпы енді теңгенің тұрақты болуы үшін бізге теңгені нарықтық еркін айналымда ұстай отырып, ішкі өндірісімізді күшейтуге барын салу керек. Дәл қазір мұнай бағасы құламай тұра тұрса, бізде ішкі өндіріс көбейсе, онда теңге өзінің бір тұрақты коридорын табады да соның ішінде ұзақ жылдар бойы жүре береді. Және біз оған мемлекеттің ақшасын, резервін құртпайтын боламыз. Бұл ең дұрыс, ең тиімді жол. Бастысы өткеннің қателігін қайталамайық. Дәл қазір теңгенің болашағы күшті болып тұр. Себебі біз ұлттық валютаны ауыр, шок жағдайындағы трансформациядан өткізіп алдық. Көп елдер бұған тіпті дайын емес. Теңге ең ауыр жолды өтіп кетті де, оның еркін валюта екеніне біз де, халықаралық қауымдастық та үйреніп алдық. Осымен барлығын түсіндірген сияқтымын. Ал 1 доллар 600 теңгеге бара ма деген сұраққа биыл ондай сценарий болмайтын сияқты деп жауап берер едім", - дейді Айбар Олжаев.

Рекомендовать
Последние новости