Маңғыстау облысы ПД бастығы мен дәрігер ұшақта шетел азаматын аман алып қалды

Сағыныш Сардарова 26 февр. 2026 10:52

Маңғыстау облысы Полиция департаменті бастығы мен дәрігер ұшақта шетел азаматын аман алып қалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

23 ақпанда Астанадан Ақтауға бағыт алған әуе рейсінде 45 жастағы шетелдік жолаушының қан қысымы күрт көтеріліп, оған бортта Полиция департаментінің бастығы Сағындық Аяғанов пен дәрігер Тұрсын Шуйшбаева жедел көмектескен. Оқиға ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін шамамен бір сағат өткен соң болған.

Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің бастығы Сағындық Аяғанов Тәжікстан Республикасының азаматы дәлізде құлап бара жатқанын байқап, дереу әрекет еткен. Ол жолаушыны ұстап қалып, бортсеріктерді шақырған.

"Сол рейспен еңбек демалысымнан Ақтауға ұшып келе жатқан едім. Ер адам үстіме қарай құлап келе жатқанын байқап, ұстап қалдым. Бортсеріктерді шақырып, жолаушылар арасынан дәрігер іздей бастадық. Бағымызға орай, дәрігер табыла кетті. Өзіммен бірге үнемі аспирин алып жүретін едім, азаматқа сол дәріні ұсындым. Ұшақ жерге қонғанша азаматтың жағдайын бақылап отырдық. Жалпы мұндай жағдайда кез келген адам көмектесер еді. Мұны азаматтық борышым деп есептеймін", – деді Сағындық Аяғанов.

Жолаушыға "Ана мен бала" орталығының дәрігері Тұрсын Шуйшбаева медициналық көмек көрсеткен.

"Ұшақта ер адамның қан қысымы 220/110-ға дейін көтерілгенін анықтадық. Дәрі беріп, оттегі қосып, жағдайын тұрақтандырдық. Қан қысымын 135/85-ке дейін түсірдік. Жолаушы самай тұсы "қайнаған су құйғандай" ауырғанын айтты. Жолаушылар арасынан каптоприл мен аспирин табылды. Ол бір ай бұрын өз елінде осындай жағдаймен ауруханаға түскені, алайда дәрігер кеңесін толық орындамағаны белгілі болды", – дейді дәрігер.

Ұшақ Ақтауға қонған соң жедел жәрдем қызметі науқасты ауруханаға жеткізген. Қазір оның жағдайы тұрақты. Тәжікстан азаматы өзіне дер кезінде көмектескен жандарға алғыс білдірді.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove