Ганадан төмен: Қазақстан зейнетте жайлы өмір сүру рейтингінде 77-орын алды

Сағыныш Сардарова 26 февр. 2026 12:11

U.S. News & World Report сарапшылары зейнет жасында жайлы өмір сүруге қолайлы елдердің рейтингін жариялады. 89 мемлекетті қамтыған тізімде Қазақстан 77-орынға тұрақтады. Бұл көрсеткіш елдің өмір сүру құны, салық, денсаулық сақтау жүйесі, климат, меншік құқығын қорғау және жалпы өмір сүруге қолайлылық сияқты бірнеше фактор бойынша бағаланған, деп хабарлайды Dalanews.kz energyprom.kz дерегіне сілтеп.

Рейтингте Қазақстаннан төмен орын алған елдер қатарында Әзербайжан (81), Өзбекстан (84), Украина (85), Беларусь (87) және Ресей (89) бар. Соңғы орында Иран. Ал алғашқы ондыққа Еуропаның дамыған елдері, сондай-ақ, Жаңа Зеландия, Аустралия және Канада енген. Мәселен Гана (75), Қытай (61), Жапония (34) және Түркия (33) Қазақстаннан жоғары тұр.

Сонымен қатар, елдегі зейнеткерлер саны артып келеді. БЖЗҚ дерегінше, зейнетақы төлемін алушылар саны 1,52 млн адамға жеткен. Оның 684,4 мыңы - жасына байланысты зейнеткерлер.

2024 жылғы мәлімет бойынша салымшылардың 65,4%-ы жылына 9-12 рет жарна аударған. 2025 жылғы сауалнама нәтижесіне сәйкес қазақстандықтардың 39,3%-ы болашақта негізгі табыс көзі ретінде зейнетақы қорындағы жинағына сенеді. 25%-ы мемлекет төлейтін зейнетақыға үміт артса, 15,6%-ы өзге жинақтарына, 11,6%-ы бизнесіне сенім білдірген.

Сарапшылардың бағасы субъективті болуы мүмкін. Дегенмен зерттеу нәтижесі қазақстандықтардың зейнет жасындағы қаржылық тұрақтылық мәселесіне алаңдайтынын аңғартады.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove