Астанада бірнеше рет алаяқтық жасады деген күдікке ілінген 30 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Елорда полициясы департаментінің мәліметінше, тергеу материалдары күдіктінің кемінде 20 алаяқтық эпизодына қатысы болуы мүмкін екенін көрсеткен. Тергеу барысында оның таныстарының сеніміне кіріп, "ақшаңызды инвестициялап, көбейтіп беремін" деп уәде бергені анықталған.
Алғашында ол бір-екі рет аздаған соманы қайтарып, өзін сенімді адам ретінде көрсеткен. Осылайша жәбірленушілердің сеніміне әбден кіргеннен кейін, олардан ірі көлемде ақша алып, қаражатты жеке басының қажетіне жұмсаған.
Салдарынан азаматтар қомақты қаржысынан айырылған. Полицейлердің айтуынша, жәбірленушілердің біріне келтірілген шығын көлемі 2,25 млн теңгені құраған.
Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды. Тәртіп сақшылары оның басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
