Қазақстандағы АЭС жобасына жауапты «Росатом» бөлімшелеріне санкция салынды

Көркем Алдабергенова 26 февр. 2026 09:22

Ұлыбритания Ресейдің мемлекеттік «Росатом» концернінің азаматтық бағыттағы үш еншілес компаниясына атом саласындағы халықаралық жобалар портфелін кеңейтуге қатысы бар деген себеппен санкция енгізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Кезекті санкциялық пакет аясында Росатом энергетикалық жобалары АҚ-ға (Rosatom Energy Projects) және оның басшысы Андрей Рождествинге, «Росатом шетелдік генерация» құрамына кіретін инжинирингтік әрі консалтингтік REIN Engineering компаниясына, сондай-ақ Русатом Оверсиз және оны басқаратын Илья Вергизаевке қатысты енгізілді. Бұл құрылымдардың барлығы әлемдегі атом электр станцияларын салу бойынша ең ірі портфельге ие «Росатомның» шетелдегі жобаларымен әртүрлі деңгейде байланысты.

Мәселен, «Росатом энергетикалық жобалары» 2022 жылы энергетика саласындағы «Росатомның» бүкіл өнім желісін әлемдік нарықта ілгерілету және келісімшарттарға қол жеткізу мақсатында құрылған. Ұлыбритания билігі аталған компанияларды санкциялық тізімге енгізу себебін шетелде жаңа ресейлік атом нысандарын салу жөнінде келісімшарттар алуға талпыныстарымен түсіндірді. Үкіметтің баспасөз хабарламасында бұл қадам мұнай табыстарының төмендеуін өтейтін қосымша энергетикалық кіріс көзін ашуы мүмкін екені айтылған.

«Росатом» бұл мәселеге қатысты пікір білдіруден бас тартты. Концерннің өзі санкцияға ілінбеген, алайда оның басшысы Алексей Лихачев бұған дейін АҚШ пен Ұлыбританияның санкциялық тізіміне енгізілген.

Ұлыбритания бағалауынша, Ресейдің Украинаға қарсы соғысы басталған 2022 жылдан бергі ең ауқымды санкциялық пакет мұнай саласын, ресейлік банктерді, танкерлерді және басқа да секторларды қамтыды. Санкциялық тізімге Ресей мұнай экспортының 80%-ына жауап беретін мұнай тасымалының монополисі Транснефть те енгізілді. Сонымен қатар Дубайда орналасқан 2Rivers тобына кіретін 175 компания да шектеулерге ұшырады. Ұлыбритания үкіметі бұл топты әлемдегі ең ірі «көлеңкелі флот» операторларының бірі әрі ресейлік мұнайдың ірі трейдері деп атады.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove