Еліміздегі алманың атасы Сиверс алмасы жойылып кетудің алдында тұр

Dalanews 04 апр. 2017 03:28 1587

Қазақ орман шаруашылығы және агроорман мелиорациясы ғылыми-зерттеу институтының ғалымы Б.Мәмбетованың жетекшілігімен Қазақстанның оңтүстік-шығыс орманды алқаптарында жабайы жеміс ағаштарын қалпына келтірудің технологиясы әзірленді, – деп хабарлайды «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ Қоғаммен байланыс бөлімі.

Ғылыми жұмыс барысында дүниежүзіндегі алманың атасы саналатын Сиверс алмасы мен абрикостың генетикалық қорын сақтап қалу бойынша көптеген жұмыстар атқарылғанын атап өтуіміз керек. Сонымен қатар ғылыми-зерттеу жұмысын іске асыру барысында жабайы жеміс ағаштарын өсіру, орман ішіне қажетті көшеттер алу, Жоңғар Алатауы табиғи саябағында жеміс ағаштарының табиғи таралымын қалыпқа келтіру мәселелері жан-жақты зеределенген.

Бұған дейін Қазақстан, АҚШ және Еуропаның жетекші ғалымдары қазақ жерінде өсетін жабайы Сиверс алмасы жершарына таралған алманың негізгі түбірі екенін ғылыми тұрғыдан дәлелдеген-ді. Бүгінде дүниежүзінің түкпір-түкпірінде коммерциялық бағытта өсірілетін, ғасырлар бойы көптеген селекциядан өткен алма сорттарының негізгі атасы Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік-шығыс аймағында өсетін Сиверс алмасы екенін әлем ғалымдары мойындаған.

Генетикалық деградация, климаттың өзгеру, жаңа зиянкестер мен түрлі аурулардың пайда болуы салдарынан заманауи алма сорттары өзінің өнімділігін жыл өткен сайын жоғалтып жатқаны емес. Мамандар Қазақстанда күні бүгінге дейін сақталған Сиверс алмасының генетикалық қоры алма сорттарының өнімділігін арттырып, түрлі ауруларға қарсы тұрақты иммунитет қалыптастыруға жол ашатынын алға тартуда. Сол себепті Қазақ орман шаруашылығы және агроорман мелиорациясы ғылыми-зерттеу институты ғалымдары Қазақстанның ормандарында өсетін жабайы Сиверс алмасын жан-жақты зерттеп, белгіленген аймақта кең таралуына күш салуда.

Ғалымдардың есебінше қазіргі таңда алманың атасы саналатын Сиверс алмасы Тарбағатайда 297,2 гектар жерге таралса, Іле Алатауының баурайында 5496 гектар жерді, ал Жоңғар Алатауында 14037 гектар аумақты алып жатқанын анықтаған.

Сондай-ақ олар еліміздегі 15 селекциялық-генетикалық учаскеде 1932-2007 жылдар аралығында, яғни, 75 жыл бойына ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жабайы Сиверс алмасы Іле Алатауының баурайында 80 пайызға, Жоңғар Алатауында 28 пайызға қысқарғанына көз жеткізген.  Осы бір көрсеткіштен-ақ, жабайы алманың жойылып кетуідің аз-ақ алдында тұрғанын байқауға болады.

Ғалымдардың мәліметінше Іле Алатауындағы гибридті-мәдени сорттардың қатарына жататын алма ағаштарының көлемі 20-40 пайызға дейін төмендепті. Жабайы Сиверс алмасының бұлайша сиреуіне көп жағдайда генетикалық эрозияға ұшырауы әсер етуде.

Жабайы Сиверс алмасын сақтап қалу үшін ізденушелір тау бөктерінде, түрлі биіктік деңгейінде (теңіз деңгейінен 1125-1385 метр биіктік аралығында) алма көшеттерін отырғызылған. Сонымен қатар алма көшеттерінің қасына ағашты және бұталы өсімдіктер – үйеңкі, долана, мойыл, сиырқарақаттарда отырғыпты. Көшеттердің өсіп, жетілу барысын зерттеген ғалымдар оның 24 пайызының әлсіздігін, ал 6 пайызының  қурап қалғанын байқаған.

Сонымен қатар ғалымдар соңғы жылдары Сиверс алмасының дәні арқылы табиғаи жағдайда өсіп-өнуі мүлде тоқтағанын алға тартуда. Нақтырақ айтсақ, соңғы 20-25 жылда алма атасының табиғи өсіп, жетілуі пышақ кескендей тоқтаған. Ғалымдар Сиверс алмасының өсіп, өнуіне соңғы уақыттары пайда болған ауру түрлері қатты әсер еткенін анықтады.

Тау баурайындағы жабайы алмалардың өнімділігі де айтарлықтай төмендеген. Алма ағаштарының жеміс беруіне ауа райының тұрақты болмауы әсер етуде. Көктемде ауа-райы күрт суытқан кезде алма түйнектерін үсік шалып, алма біткеннің бәрі жеміссіз қалатын кездері жиі орын алатын болған.

Қазақ орман шаруашылығы және агроорман мелиорациясы ғылыми-зерттеу институты ғалымдары жүргізген зерттеу жұмыстарын еліміздің орман шаруашылығын сақтау бағытында жұмыс істеп жатқан кәсіпорындар мен шаруашылықтар кеңінен қолдануына болады. Бұдан басқа өзге де ғылыми жобаларға негіз болатынан айта кетуіміз керек.

Рекомендовать
Последние новости