Елдің ағасы, халықтың құрметтісі

Dalanews 24 сент. 2021 10:20 740

Осыдан 30 жыл бұрын Қазақстан Республикасы Тұңғыш  Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен Семей ядролық сынақ полигоны жабылды.

Елімізге 40 жыл қайғы-қасірет әкелген  аждаһаның үні өшті. Абыралы өңірінен шыққан азаматтар жұдырық болып жұмылып, белгілі кәсіпкер, меценат Марат Құрманбаевтың ұйтқы болуымен көңілі жабырқаған,  Полигонынан зардап шеккен тұрғындарды әлеуметтік-экономикалық жағынан қолдау бағытында осыдан 12 жыл бұрын «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қоры құрылды.

Қор негізінен Абыралы өңіріндегі халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмыстық жағдайына қолғабыс етіп, қол ұшын беруді көздейді. Есімі елге кеңінен танымал ғалымдар, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, кәсіпкерлер қорға демеу білдіруде.

"Өскелең ұрпақ білсін деген ниетпен осы өңірден шыққан тұлғалар үлгі тұту, бабалардың басынан өткерген қасіретін ел жадында сақтау мақсатында ауқымды істер атқарылуда.

Мәселен атқарған жұмыстардың бір бөлігіне тоқталсам, Қайнар ауылына мәдени демалыс саябағы, Абыралы өңірінде дүниеге келген елеулі тұлғалардың еңбектері ұлықталып, академик Рымғали Нұрғали мен көрнекті ғалым, соғыс ардагері Төлтай Балақаев, еліміздің қаржы министрі болған Рымбек Байсейітов, балалар әдебиетінің классигі Сапарғали Бегалин, арынды ақын Төлеужан Ысмайылов, ішкі істер министрі болған Қабылбек Шырақбаевқа  Қайнар ауылындағы Мәдениет үйінің жанындағы мәдени-саябақ жанынан ескерткіш бюст орнатылды.



Абыралы өңірінде полигон құрбандарына арнап биіктігі 15 метрлік монумент тұрғызып, Жеңістің 65 жылдық мерейтойына орай «Ұлы Отан соғысына аттанған абыралылықтар» деген атпен 1500-ден астам майдангердің аты-жөні жазылған тақтатас,  Абыралы көтерілісінің 80 жылдығы қарсаңында Қайнар ауылының орталығында «Бабалар ерлігі – тәуелсіздік тірегі» деген атпен тарихи ескерткіштің бой көтеруіне «Абыралы-Дегелең» қоры сеп болды", – дейді қордың президенті Марат Серікжанұлы.

Жақсылықтың жаршысы болған ел ағалары бірнеше тарихи кітаптардың жарық көруіне де жәрдем берді.

Қордың демеушілігімен  Шәкәрім Құдайбердіұлының 150 жылдық тойы қарсаңында «Шәкәрімтану мәселелері» атты 5 томды, сериялық ғылыми жинақ, «Киелі Қобыз құдыреті», «Ядролық сынақ аймағы кеше және бүгін», «Туған жерге тағзым», «Төлеужан Ысмайыловқа 80 жыл»,  «Атыңнан айналайын Абыралым», саналы ғұмырының 37 жылын радиация тозаңының астында өткізген, қалың елмен атом зардабын бірге көріп, атом бомбасының қалай пайда болғанынан бастап, қазақ даласына, Дегелең алқабына қалай жеткізілгеніне дейін ғылыми негізде нақты деректермен шебер суреттеп, Семей өңірі тұрғындарының аянышты ауыр тағдырын баяндайтын белгілі жазушы Медеу Сәрсекенің «Семей қасіреті» атты кітабының жарыққа шығуына мұрындық болды.

Жаһанды жайлаған коронавирус пандемиясы кезінде, өткен жылы Семейден 300 шақырым шалғайдағы Абыралы өңірінің тұрғындарымен кездесіп, қиын сәтте жерлестерін ұмытпай, қолдау білдіріп, елге жомарттығымен танылған   «Ақшың» корпорациясының ​ президенті, «Абыралы-Дегелең» қорының ​ жетекшісі Марат Серікжанұлы ауылдағы  әлеуметтік жағынан аз қамтылған 50 отбасыларға, көмек қолын созып, азық-түлікпен және медициналық маскамен қамтамасыз еткені ел есінде. Әрдайым сол өлкеден жарқ етіп шыққан талантқа, шаршы топты жарған спортшыға, өнерімен дүйім жұртты таң қалдырған әнші, күйші, бишіге,оқуда озат болған білімді жандарға да қолдау көрсетіп келеді.

Жыл сайын оқу маусымы қарсаңында “Мектепке жол” шарасы аясында осы елдің  барлық мектеп табалдырығын тұңғыш рет аттайтын оқушылардың білім алуға қажетті құрал жабдықтармен қамтамасыз етуде.  


Биылда игілікті іс жалғасын тауып Ақбұлақ, Айнабұлақ, Доғалаң, Қайнар, Абыралы ауылдарында бірінші сыныпқа барған барлық оқушыларға және №21 мектептегі әлеуметтік аз қамтылған 10 оқушыға ​ оқу құралдарын табыс етті.  Сонымен қатар әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардың балаларын ақылы негізде оқытуға қолдау да көрсетіп жүр.

Ауылды көркейтуге де атсалысып,  «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қоры осы өңірдегі елді-мекендердің дамуына үн қосып,  халықтың әлеуметтік-материалдық жағдайының жақсаруына әрдайым қол ұшын беруде. Осы игілікті істің басы қасында Бүгін алпыстың асқарына шыққан ел ағасы, белгілі кәсіпкер, атымтай жомарт Марат Серікжанұлы тұрғаны анық.  Ағалық ардақты асудан асып, ақсақалдық мерейлі кезеңге көтерілер бұл шағыңыз баянды болғай!!!

Азаматтық міндетім деп, әрдайым халықтың қасынан табылған Мәрт Марат Құрманбай  игілікті істерін әрі қарай жалғастыруға ниетті.  Иә, үлкен байлықпен адамға үлкен қайырым бітпейді, керісінше, үлкен қайырымдылық – жинаған байлығыңды абыройлы етпек.

Қуаныш Рахметоллаұлы


Рекомендовать
Последние новости