Экономиканы әртараптандыру – Қазақстан дамуындағы қозғаушы күш

Қуаныш Әбілдақызы 04 июн. 2024 11:45 4038

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдаулары мен маңызды мәлімдемелерінде бүгінде Қазақстанда макроэкономикалық жағдай тұрақты екенін, экономикалық даму деңгейі оң динамика көрсетіп келе жатқанын ұдайы айтып келеді. Алайда Президент Қазақстан экономикасын дамыту, өзін-өзі қамтамасыз ететін деңгейге жеткізу, оған қоса ел экономикасын әртараптандыру, халық табысын арттыру мәселелері қашан да өзекті болып қала беретінін мәлімдеді. 

Бүгінде күллі жаһан елдері ішкі экономикасын әртараптандыруға тырысып жатыр. Өйткені бір ғана салаға немесе шикізатқа иек артқан қай-қай елдің де келешегі туралы сөз қозғау қиын екені анық. Бұл тұста Қазақстан экономикасын әртараптандыру үшін өнеркәсіпке, соның ішінде агроөнеркәсіпке, индустрияға, салаларды цифрландыруға ден қойған жөн.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін экономиканы әртараптандыру ісінде шағын және орта бизнестің де өзіндік рөлі барын атады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты жолдауында да халықаралық аренада геосаяси жағдай ақсап тұрған шақта еліміздегі ішкі экономиканы дамыту бойынша бірқатар міндеттерді көрсетті. Президент бұл тұста даму да жоқ емес екенін айтты.

Мәселен, 2022 жылы жалы ішкі өнім көлемі 104 триллион теңгеге жеткен. Бұл тұста 28 миллиард доллар инвестиция тартылған, аталған көрсеткіш рекорд деңгейге жатады. Сыртқы сауда-саттық деңгейі 136 миллиард долларға жетсе, соның ішінде 84 миллиарды экспортқа тең келген. Президент мұндай іргелі жетістіктерге қарамастан Қазақстан қуатты өнеркәсіптік негіз жасақтай алуы қажет екенін, сонымен қатар, экономиканы өзін-өзі қамтамасыз ететін жағдайға жетуіміз қажет екенін тапсырды. «Біз ел тағдыры үшін айрықша мәні бар бірқатар жобаны жүзеге асыруымыз керек. Экономиканы әртараптандыру бұрынғыдан да маңызды міндетке айналуда», - деп көрсетті Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы әртараптандыру жолында метал өңдеу, мұнай-газ, көмір саласы, ауыр машина жасап шығару, автобөлшектер мен тыңайтқыштар шығару секілді бағыттарды қолға алуды тапсырды. Яғни өңделген өнім шығаратын деңгейге жетудің маңызына тоқталды. Оған қоса Қазақстанның туризм саласын көш ілгерілету, бұл бағытта жобаларды қолға алу экономиканы әртараптандырудағы бағыттардың бірі екенін айтты.

Бүгінде ел экономикасын дамыту, өзін-өзі қамтамасыз ету бойынша мемлекет тарапынан түрлі іс-шаралар атқарылып жатыр. Экономиканы әртараптандыру Қазақстан дамуында драйвер, қозғаушы күш болатыны анық. Экономикалық өсімді еселеп арттыру, дамыту жолында мемлекеттік саясатты соған лайықтау оң, түбегейлі өзгерістер әкеледі.

Қуатты экономика құру үшін де әртараптандырылған, сондай-ақ, инновациялық экономика құрудың, экономика және сауда саласында дипломатияны, қарым-қатынасты белсенді дамытудың, оған қоса теңгерімді аумақтық дамудың маңызы зор. Мұның барлығы Қазақстан экономикасына және бюджетке иек артады.

Экономиканы әртараптандырудың өзі бірнеше жылдарға созылған экономикалық реформалардың заңды жалғасы секілді көрінеді. Бұл дегеніміз қара алтын саналатын мұнайға деген тәуелділікті шектеу, мұнай секторынан тыс экономика жасақтау, жалпы әр бағытта даму. Осы тұста бірнеше салаға инвестиция тартудың да маңызы өте зор.

Экономикалық қарым-қатынастың жаңа бағытын құру арқылы әртараптандырылған, инновациялық экономиканы дамытуда түрлі реформалар да іске асырылып келе жатыр. 2024 жылдың басында, алғашқы екі айда экономикалық өсім 4,2 пайызға жеткен болатын. Соның ішінде нақты секторлар бойынша өсім 5,1 пайызды көрсетсе, қызмет көрсету саласында 3,5 пайыз болған. Ел экономикасында көлік және қоймалау, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс салалары бойынша өсім тіркелген.

Сондай-ақ, Қызылорда, Түркістан, Жетісу облыстары, Астана қаласы көш бастаған. Өңдеу өнеркәсібі бойынша өндіріс көлемі 7,4 пайызға жеткен. Бұл тұста 16 өңірде өсім тіркелген. Соның ішінде Ақтөбе облысы, ШҚО, Қызылорда облысы, Батыс Қазақстан облысын ерекше атап өтуге болады. Экономиканы әртараптандыру бойынша машина жасап шығару көлемі 23 пайызға, металлургия 11 пайызға, химия өнеркәсібі  25 пайызға, металл бұйымдары 24 пайызға, жеңіл өнеркәсіп 2,3 пайызға, жиһаз өндірісі 23 пайызға өскен. Бұдан бөлек биыл экономика 5,3 пайызға дейін өседі деген болжам бар.

Қазақстанда экономиканы әртараптандырудың ресурсы мол. Бұл тұста цифрландыру мәселесіне де көңіл бөлген жөн. Бүгінде замана көшіне ілесу үшін барлық дерлік сала цифрланып жатыр. Цифрландырудың өндіріске де тигізер үлесі зор. Демек цифрландыру экономиканы әртараптандырудағы маңызды фактор деуге негіз бар. Бұл туралы экономист мамандар да жиі айтып жүр.

Бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбатының бірінде экономист Оразбек Мырзағали экономиканы әртараптандыру үшін отандық, ұлттық өнімді өндірумен шектелмеу қажет екенін, оған қоса өндіріс ең аз дегенде 50 пайызға дейін цифрлық инновациямен қамтылуы қажет екенін айтқан болатын. Сарапшы мамандар сонда ғана еліміздің экономикалық даму қарқыны, ішкі һәм сыртқы нарықтағы күші бәсекеге қабілетті бола түсетінін айтқан еді. Бұл үшін Қазақстанда шикізат қоры да жеткілікті. Мамандар тек оны ел ішінде өңдейтін деңгейге жетуіміз керек дейді.

Экономиканы дамытуда ақпараттық технологияларды енгізудің берері мол. Бұл туралы басылымдарға берген сұхбаттарының бірінде тағы бір экономикалық бақылаушы Әсем Қасымханова да айтқан еді. Ол экономикасын әртараптандырғысы келетін ел цифрлық дамуға баса көңіл бөлуі қажет екенін мәлімдеді. Саясаттанушы әрі экономикалық сарапшы Әсем Қасымханова Эстониямен салыстыра отырып, бүгінде бұл мемлекеттің посткеңестік елдер ішінде жан-жақты дамыған ел екенін айтты. Ал Эстонияның осыншалық табысқа жетуінің құпиясы телекоммуникация һәм электронды жүйе болған.

Сарапшы Қазақстан экономикасын дамытудағы тағы бір шешім аймақтарды, ауылдарды дамыту екенін айтты. Шағын және орта бизнеске жағдай жасау, отандық өнім шығарушылардың әлемдік аренаға шығуына мүмкіндіктер беру өз кезегінде ел дамуына да оң ықпал етеді. Расында да, экономиканы әртараптандырудағы тағы бір маңызды фактор өңірлерді дамыту болып отыр. Бұл тұста Президент 2029 жылға дейін жалпы ішкі өнім көлемін 450 миллиард долларға дейін көтеруді тапсырды. Өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы дамыған, жалпы өз ішінен шығатын өнімін жоғары сапаға жеткізген мықты өңірлер экономиканы әртараптандыруда маңызды рөл атқарады.

Экономиканың дамуы – елдің дамуы, әлем елдерімен тең дәреже болуға мүмкіндік. Бұл жолда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен салаларға баса көңіл бөлу, сонымен қатар, экономиканы әртараптандыру, экономикалық реформаларды жүзеге асыру Қазақстан дамуындағы қозғаушы күш болары сөзсіз.


Рекомендовать
Последние новости