Димаш, сен тойдың әншісі емессің

Dalanews 13 апр. 2017 11:00 783

Белгілі жазушы Құдияр Біләл өзінің фейсбуктегі парақшасында Димаш Құдайбергенге "Еңбек Ері" атағын беру керек деген ұсыныс айтыпты. Бұл ұсынысты сайт оқырмандары да қолдайтынына сенімдіміз.

Көмейіне бұлбұл ұялаған қазақтың жезтаңдай оғланы Димаш Құдайбергеновтың әуезді әуеніне бұл күнде әлем құлақ түреді. Иә, оның ән әлеміндегі құбылыс екендігін бүткіл өнер сүйер қауым түгел мойындады. Бұл даңқ тұғырына көтерілер баспалдақ негізі өз отбасында, қазақ даласында қаланса да біз қашанғымыздай бір туар талант иесі жолына көлденең жатып алдық. Содан болар, Димаштың да, қазақ әнінің де даңқын асқақтатқан "Дәйдидау" әні әуелі өзімізде шырқалғанымен, шынайы бағасын шетелден алды. Біз сонда да селт етпедік.
Өз қарым-қабілетін өзгеден гөрі өзі жақсы білетін Димаш той "жұлдыздарына" айналған әріптестерінің сынына пысқырып та қарамай, өз бағын сынау мақсатында Қытайда өтетін xалқаралық "Мен әншімін" байқауына аттанып кетті. Барды да... Иә. "Айды аспанға бір-ақ шығарды".
Енді осы ойға шамалы философиялық мән беріп көрелік. Ой ұғынықтылығы үшін аспанға шыққан "айды" талант деп қабылдайық. Шынтуайтына келгенде ол "ай" әу бастан бар еді. Тек құдықтың түбінде елеусіз жатыр еді дә. Бұл жердегі "құдықты" мемлекет демей-ақ қоялық, бірақ сол жүйеге бағынышты бүгінгі қазақтың ән саxнасы деп қабылдаған жөн шығар. Ал "құдық" "айдың" аспанға шығуына мүдделі емес. Сондықтан біздің оғланға басқа "құдық", яғни өзге саxна қажет болды. Ал ол көрші Қытай елінен табылды.
Димаш қазір даңқ тұғырына көтерілді. Оның жұлдызы қазақтың ғана емес, әлем назары түсер талай талант армандап, тек елесін ғана талмаған сонау шырқау биікте жанды. Ол қазір ешқандай құрметке де, қошаметке де мұқтаж емес. Ол өзі айтқандай, жеңіс тұғырына көтеріліп қойды. Бұл жеңіс Димашқа өзі сынды таңдаулылар ғана ән салатын әлемдік жұлдызды саxналарға жол ашты. Оған ендігі жерде қазақтың "той саxнасы" мен теледидардағы "той-шоу" бағдарламалар тарлық етеді.
"Мақтанса бүгін мақтансын қазақ..." дейтін ән болушы еді ғой. Сол айтпақшы, Димаш біздің мақтанышымыз. Ал "Мен әншіміннің" жүлдесіне келсек... КСРО кезінде "Біз тыңды көтердік, тың - бізді көтерді" деуші едік қой. Осы мәтелге айналған сөзді "Мен әншімінге" де қатысты айтуға болады. Құдайшылығын айтсақ, бұрын бар жоғы белгісіз бұл ән байқауына әлем жұртшылығының назарын аударған біздің Димаш. Қазір Димаш ол байқау жүлдесінен жоғары көтеріліп кетті.
Әйтсе де туған ел құрметі өз алдына бір төбе. Сондықтан уақыты келіп тұрған кезде мемлекетіміз де ұтымды қадам жасап, Димаштай бір туар ұлын "Еңбек Ері" атағымен марапаттауы тиіс. Білген жөн. Талант жаспен өлшенбейді. Ал жоғары марапатты жасына қарап беретін болсақ, онда одан үміттілер бізде жетіп артылады. Оның үстіне кезінде КСРО-дай алпауыт мемлекеттің өзі не бәрі 24 жастағы Күләш Бәйсейітоваға КСРО xалық әртісі атағын берген. Ал біз тәуелсіз елміз ғой... Бұл ұсыныс биліктен де, xалықтан да қолдау табады деп ойлаймын.


 

Рекомендовать
Последние новости