Ресейлік БАҚ: «Назарбаевты тоқтатар адам табылмай тұр»

Dalanews 14 апр. 2017 04:20 875

Ресейлік БАҚ-та кешелі бері маза жоқ. Шала-бүлініп жатыр. Ақпараттық соғыста әбден төселген Кремльдің «қолшоқпарлары» Назарбаевты не түлен түрткенін түсінбей дал. Елбасы қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіруді тапсырған-тұғын. Соған сай алдағы жылдан бастап мектептерде латын қаріп үйрету үшін мамандар әзірленіп, жаңа оқулықтар шығару жолға қойылмақшы.

Ресейлік ақпарат құралдарына маза бермей отырған осы жайт. Назарбаевты ойынан айнытқысы келеді олар. Сондай мақаланың бірі «Московский Комсомолец» басылымында жарияланыпты.

Осы басылымға пікір білдірген сарапшы Даниил Кисловтың айтуынша, латын әліпбиі Қазақстанды ортағасырларға ысырып тастайды. Ол ғылымның, технологияның, коммуникацияның тілі емес. Тағысын тағы бар әйтеуір әліпбиден бас тартудың сан түрлі себебін алға тартыпты әлгі.

– Қазақ ұлтшылдары білгішсінбесін. Қазақтар кириллицаға 1940 жылы өткен. Ал латынды 1929-1939 жылдардың аралығында ғана пайдаланды. Оған дейін араб әрпімен жазды
Естідім. Оқыдым. Латын әліпбиінің көмегімен Қазақстанды өркениетті әлемге жақындатпаққа ұқсайды. Қайдағы өркениет? Керісінше, орта ғасырларға бір-ақ сырғиды

– дейді ол.

Кислов осы мақсатқа жұмсалатын ақшаға жаны ашыған сыңай танытыпты. Дәп бір өз қалтасынан шығаратындай күйіп-пысқан екен.

– Ойлап көріңізші. Миллион емес, миллиардтаған доллар кетеді. Әлемдік әдебиетті латын әліпбиіне көшіру оңай дейсіз бе? Қиын. Ақша. Уақыт. Күш керек. Ақша таусылады. Уақыт та тапшы. Күш те сарқылады. Қазақ билігінің уәжін тыңдадым. Болашақ ұрпақ үшін жасамақ екен. Иландырмады. Қазақ билігі елді екіге жаратын түрі бар. Былықтың көкесін сонда көресіз. Кириллицада хат таныған аға буын латынша жазатын жас буынның тілін түсінбей дал болады, – депті Кислов.

Латыншаға бізден бұрын көшкен Өзбекстанды да айналып өтпепті. Сынапты. Мінепті. Латыншаға осыдан 25 жыл ауысқан Өзбекстан кириллицадан әлі құтылмаған. Мемлекеттік орындарда қағаз-құжаттар әлі күнге осы кириллицада жазылады. Латынша хат таныған тәуелсіз ұрпақ екі ортада қалған. Олар оқыған тілде әдебиет атаулы мүлде жоқ. Өзбектің өз әдебиеті де, әлемдік әдебиетте те әлі күнге латыншаға аударылмапты. Кислов солай дейді.

Бізді оның Назарбаев туралы айтқаны қызықтырды одан бұрын. Расын айтқанда, осы уақытқа дейін олардың (ресейлік БАҚ-ты айтамыз) Қазақстан президентін сынап жазғанын оқыған да, естіген де жоқпыз. Иә, болған да шығар, жазған да шығар. Сонда да болса сирек сынайтын. Себеп жоқ еді. Дәл осы жолы ресейлік басылымдардың шын болмысы ашылыпты. Солай деп санадық.

Айталық, Кисловқа сауал қойған тілші Назарбаевтың латын әліпбиіне көшу туралы бастамасын «авантюра» деп атапты. Отқан май тамызға түрі деп болжадық.

Кислов болса, тіпті әріге кеткен.
– Назарбаев түсінбейді. Алда қандай қиындықтар күтіп тұрған түсінбейді. Ол саяси-идеологиялық шешімдердің тұтқыны. Жасы болса 78-ге келді. Қартайды. Осы күнге дейінгі ғұмырында атақ-марапаттың барлығына бөленді. Бірақ, оған бәрібір де аз. Өмірден өткенінде елі елжіреп еске алатындай тарихта қалғысы келеді. Оның жанында Назарбаевқа қой деп айта алатын адам жоқ

– дейді Кислов

Соған қарамай ол Қазақстанның латынға көшуінен қауіп көрмейді. Оның ойынша, мұның орыс тіліне, Ресейге, Одаққа еш қатысы жоқ. Тек қазақ этносы интеллектуалдық һәм мәдени деңгейде деградацияға ұшырауы мүмкін. Соған алаңдаулы екен. Кислов қазақ билігіне «өкініп қалмаңдар» дегенді аңғартыпты осы арқылы.

«Орыс әлемінің» ақпараттық шабуылдары осындайдан басталады. Бұл басы ғана...

Думан БЫҚАЙ 


 


Рекомендовать
Последние новости