“Әдейі итермеледі”. Қостанайлық жүргізуші полицияның әрекетіне шағымданды

Қаракөз Амантай 26 февр. 2026 17:58

Қостанай тұрғыны Серік Малдыбаев жол полициясы қызметкерлері өзін әдейі құқықбұзушылық жасауға итермеледі деп мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оқиға көпқабатты үйдің ауласында басталған. Көршілердің шағымынан кейін келген патруль қызметкерлері дұрыс қойылмаған көліктің иесін шақырып, әкімшілік хаттама толтырған. Кейін инспекторлар жүргізушіден көлікті басқа орынға жылжытуды талап еткен.

Малдыбаев қарын тазалап, полицейлердің талабын орындап, көлікті жылжытады. Сол сәтте инспекторлардың бірі одан медициналық куәландырудан өтуді сұраған. Себебі ер адамнан алкогольдің әлсіз иісі шыққаны айтылған.

Сараптама оның жеңіл дәрежеде мас болғанын көрсеткен. Осыдан кейін Малдыбаевқа тағы бір хаттама толтырылып, іс сотқа жолданған. Сот шешімімен ол 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылған.

Қостанайлық бес тәулік қамауда отырып, апелляциялық шағымы қаралғанға дейін уақытша босатылған.

Сотта Малдыбаев пен оның адвокаты мұны әдейі жасалған арандату деп отыр. Олардың айтуынша, инспекторлар ер адамның мас екенін алдын ала білген. Малдыбаевтың өзі үйінде отырып бір бөтелке сыра ішкенін, ешқайда шықпақ болмағанын айтады.

"Мені көлікті 20 метр жүргізуге полицейлер мәжбүр етті. Олар тағы бір рет жазалау үшін әдейі осылай жасады. Маған басқа таңдау қалдырмад", - дейді ол.

Бұл ұстанымды прокурор да ішінара қолдаған. Оқиға орнындағы бейнежазбаны зерттеген ол Малдыбаев көлікті қозғамас бұрын төрт минут бойы қыздырғанын, ал полицейлер осы уақыт бойы бақылап тұрғанын атап өткен.

Ал инспекторлар сотта өздеріне тағылған айыпты жоққа шығарды. Олардың сөзінше, жүргізушіні ешкім күшпен рөлге отырғызбаған. Егер Малдыбаев көлікті өздері жылжытып беруді сұраса, көмектесуге дайын болғандарын айтты. Сондай-ақ олар құқықбұзушылықтың алдын алу емес, оны тіркеу - негізгі міндетіміз деп мәлімдеген.

Іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove