Теміртауда зейнеткерді қорлаған бір топ жасөспірім 5 жылға сотталуы мүмкін

Қаракөз Амантай 26 февр. 2026 15:01

Теміртауда зейнеткерді қорлаған айыпталушыларға қатысты прокурор нақты бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады, деп хабарлайды Dalanews.kz агенттігі ҚазТаг-қа сілтеме жасап.

Айыптаушы тараптың мәліметінше, тоғыз адамнан тұратын топтың басым бөлігі - жасөспірімдер. Прокурор соттан оларды 5 жылдан 5,5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады.

"Қылмыстың қоғамдық қауіптілігін, алдын ала сөз байласу арқылы топ болып жасалғанын, бөтен тұрғын үйге заңсыз кіріп, егде жастағы жәбірленушіге ауыр дене жарақатын салғанын ескере отырып, айыпталушыларға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау қажет деп санаймын", - деді прокурор жарыссөз барысында.

Іс материалдарына сәйкес, айыпталушылар зейнеткерді қорлап қана қоймай, тонау бабы бойынша да жауапқа тартылып отыр. Қазір сотталушылар кінәларын ішінара мойындап, өздерін бостандықтан айырмауды сұраған.

Еске салайық, бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. Тергеу нұсқасына сәйкес, 2025 жылдың наурызында бір топ адам алдап кіріп, пәтерінде отырған 67 жастағы ер адамды соққыға жығып, қорлаған. Олар әрекеттерін видеоға түсірген. Оқиғадан тағы бір адам да зардап шеккен.

Қорлық сәттері түсірілген видео әлеуметтік желіде таралып, қоғамда қатты наразылық туғызды. Жұртшылық жасөспірімдерге қатаң жаза беруді талап еткен.

Кейін бұл жағдай жаңа жанжалға ұласып, зейнеткерді қорлады деген күдікке ілінгендердің кейбірін өзге жастар соққыға жыққан. Бұл оқиға қоғамда «өз бетінше жаза қолдану» ретінде бағаланды. Айыпталушылардың ата-аналарына да қоқан-лоқы жасалғаны айтылды.

Оқиғадан кейін Теміртау әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасарына қатаң сөгіс беріліп, күдіктілер оқыған білім беру ұйымдарының бірқатар басшылары тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Қылмыстық іс бойынша сот талқылауы жалғасып жатыр.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove