Димаш әлемге танылғанда таныстарым қазақ екенімді еске салды

Dalanews 20 мар. 2017 01:54 838

Бейжіңдегі «Jebe» компаниясы Димаш Құдайбергенов туралы анимациялық фильм түсіреді, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Димаш танымалдылыққа ие болған кезде, барлық таныстарым мен де қазақ қызы екенімді еске сала бастады. Димаш үшін және барша қазақ халқы үшін кеудемді мақтаныш кернеді. Сол кезде Димаштың аниме-образын жасап, ол туралы, оның әндері туралы 3-4 минуттық анимациялық фильм түсіру идеясы туындады», – деді «Jebe Visual arts studio»-ның тең құрылтайшысы Жарқын Мұратқызы.

Жарқынның Шыңжаң университетін бітіргеннен кейін, 6 жыл бұрын,  Бейжіңге келіп, ниеттес бірнеше адаммен анимациялық студияларда жұмыс істей бастаған. 2013 жылы Се Госюнмен бірлесіп, жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрған.

«Қазіргі уақытта бізде 13 адам жұмыс істейді, өнімдеріміздің дені жарнамалық роликтер, 3D-форматқа өңделген көркем және мультипликациялық фильмдердің эпизодтары. Алдағы уақытта өскелең қазақ жастары үшін халқымыздың мәдениетін, дәстүрін насихаттайтын мультфильмдер сериясын жасауды жоспарлап отырмыз. Мультфильмдер арқылы балаларға ұлттық мәдениетке деген махаббатты тиімді сіңіруге болады. Қазақ ертегілері экранда көрсетіліп жүрген «Дисней» мультфильмдерінен еш кем түспейді», – деді Жарқын Мұратқызы.

Jebe аниматорлары Димаштың аниме-образынан бөлек, Қытайға танылған қазақстандық волейболшы Сабина Алтынбекованың да образын жасаған. Қытай қазақтары анимация саласында үлкен табыстарға қол жеткізуде.

Рекомендовать
Последние новости