Досаев Алматы тұрғындарына мемлекеттік наградаларды тапсырды

Dalanews 22 сент. 2022 14:12 795

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мемлекеттік наградаларды Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев 84 тұрғынға салтанатты түрде тапсырды. Бұл туралы Dalanews.kz Алматы қаласының әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Марапатталғандар тізімінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына елеулі үлес қосқан алматылықтар болды.

Олардың қатарында Алматы қаласының Құрметті азаматы, Алматы қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы, III дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталған Ақан Бижанов бар.

Мемлекет басшысының Жарлығымен «Парасат» орденімен Наталья Сац атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік академиялық орыс театрының жетекші актрисасы Валерия Крымская және еңбек ардагері, конькимен сырғанаудан еңбек сіңірген жаттықтырушы Май Хван марапатталды.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері құрметті атағы композитор, қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры, 80-нен астам ән авторы Агиме Исағұловаға берілді.



«Қала әкімі Мемлекет басшысының атынан алматылықтарға «Құрмет», «Еңбек даңқы» ордендерін, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» және т.б. медальдарды табыс етті. Мемлекеттік наградалармен атап өтілгендердің қатарында денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, бизнес және өнеркәсіп, құрылыс, көлік және энергетика салаларының өкілдері, қоғам және саяси қайраткерлер, мемлекеттік қызметшілер және басқалар бар.

Атап өтерлік жайт, мерекелік күндер күнтізбесіне 13 жылдан кейін оралған Республика күні қарсаңында мемлекеттік наградаларды тапсырудың салтанатты рәсімі осыдан 32 жыл бұрын Қазақ КСР Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылданған залда өтті.


Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының, қаланың қоғамдық кеңесінің, жастар ұйымдарының өкілдері, мәдениет қайраткерлері, ЖОО ректорлары, мәслихат депутаттары және т.б. қатысты», - делінген қала әкімдігі таратқан хабарламада.

Рекомендовать
Последние новости