Доллар арзандап жатыр! Рубльге жалтақтаған теңге есін жия бастады - сарапшы-маман

Кәмшат Тілеухан 06 дек. 2024 15:51 3449

Ұлттық банктің 6 желтоқсандағы күндізгі сауда-саттық қорытындысы бойынша 1 АҚШ долларына белгілеген бағамы – 524,65 теңге. Ал қор биржасының кешкі сессиясында америкалық валюта бірден 9,31 теңгеге арзандап, бағам 514,65 деңгейінде қалыптасты. Бұл арзандауды экономист Ғалымжан Айтқазин рубльдің тұрақтана бастауымен байланыстырады, деп жазады Dalanews.kz.

Ал Ресей рублі биліктің шалт қабылдаған шараларынан кейін өз-өзіне келе бастады. "Ресей өз газына тек санкцияға ұшыраған банкі арқылы төлем жасау талабының күшін жойды", деп жазады Bloomberg басылымы.

Агенттік Ресей Федерациясының президенті Путиннің жарлығына сүйене отырып, ресейлік газды шетелдік сатып алушылар үшін төлем жасау тәсілі өзгергенін жеткізеді. Осылайша АҚШ-тың Газпромбанкке салған санкциялары газ тасымалын тоқтатып, өздеріне қиын болады деп қорқып-үркіп отырған Еуропаны Ресей билігі сабырға шақырғандай болды.

Дегенмен, Газпромбанк әлі де төлемдер жасалатын уәкілетті банк болып қала бермек. Бірақ, АҚШ санкцияларына ұшыраған қаржылық ұйым төлемдерді тек рубльмен қабылдайды.

"Бұл ресейлік газды сатып алушылардың, егер шетел валютасында төлем жасағысы келсе, өзге банкте шоттары болуы керек дегенді білдіруі мүмкін. Ал өзге банк ақшаны Ресей валютасына айырбастап, оны Газпромбанкке аударуы қажет болады. Осылайша,Ресей бұл жарлығы арқылы газын сатып алушыларға, соның ішінде Еуропалық Одақ үшін мұндай транзакциялар жасаудың өзге жолын ашады, яғни бұл арада осыған дейін қолданылмаған тәсіл - үшінші тараптар арқылы төлемдер жасауға мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар, бұл шешім үшінші тұлғаларға нақты сатып алушылардың орнына ресейлік газ үшін төлем жасауға жол ашып қана қоймай, сонымен қатар ресейлік газ алыбы мақұлдаған жағдайда сатып алушылар мен "Газпром" арасындағы өзара есепайырысудың көзі болуына мүмкіндік береді. Газ бойынша қарыз рубльмен де, шетел валютасымен де өтеле беруі мүмкін, бірақ бұрын жеткізілімі тоқтатылып, қайта жаңғыртылып жатқандары бойынша төлемдер рубльмен жүргізілуі шарт. Путиннің осы Жарлығы жариялана салысымен, газдың еуропалық базалық бағасы 2,3% - ға төмендеді. Ресей тағы да Еуропаға газ тасымалдауды жалғастыру үшін санкцияларды ішінара айналып өтудің компромисті шешімін тауып, бір қатердің бетін қайтарды. Бұл болашақта теңге бағамына жасалатын қысымның да төмендейтінін білдіреді", деп жазады Ғалымжан Айтқазин.

Сонымен Ресейдің валюта нарығында да жағдай тұрақталып келеді. Бүгінгі күні құлдыраған солтүстік көршінің ақшасы аптығын басып, рубльге шаққанда 1 АҚШ доллары 100 рубль деңгейінде қалыптасқан. Оған қоса, бүгін америкалық валютаға шаққанда теңгенің аздап нығайғанының куәсі болып отырмыз.

"Осыдан кейін теңге бағамы ресейлік рубльдің жағдайына қарайламайды дегенге кім сенеді? Егер 2022 жылы соғыс басталғанда және өткен жылы рубльге жалтақтаған теңге РФ-ға Қазақстан реэкспорты (РФ-мен арадағы өзара сауда-саттықта тапшылықты төмендетуші)  салдарынан айтырлықтай әлсіресе,бюджетке түсетін қосымша салықтық түсімдер жұмсалған осы реэкпорттан алшақтауда «рубльге жалтақтауымыз» одан да қатты білініп қалды", - дейді маман.


Рекомендовать
Последние новости