Әр бесінші қазақстандық елден көшуді ойлайды - зерттеу

Сағыныш Сардарова 05 дек. 2024 13:29 1669

MediaNet Халықаралық журналистика орталығының DEMOSCOPE қоғамдық пікірдің эспресс-мониториң бюросы қазақстандықтар арасында қызық сауалнама жүргізген. 13-24 қараша аралығында жүргізілген сауалнама тақырыбы - "Қазақстандықтардың шетелге кеткен білікті мамандар туралы ойы". Сауалнама нәтижесінде әр бесінші қазақстандық елден көшуді ойлайтыны анықталған,- деп хабарлайды Dalanews.kz.

DEMOSCOPE бюросы Қазақстан азаматтарының көші-қонға қатысты ойын және білікті мамандардың елден кету себептеріне деген көзқарасын зерттеді. Сауалнама нәтижесі бойынша әр бесінші респондент (21%) елден көшу туралы ойланатынын айтты.

Олардың ішінде 6,9%-і алдағы 2-3 жылда көшуге ниетті. 5,6%-і көшуді жоспарлап отырғанымен, әзірге мүмкіндігі жоқ, ал 8,4%-і белгілі бір жағдай болса, көшу мүмкіндігін қарастырып отыр. Сонымен қатар, сауалнамаға қатысушылардың 78,5%-і жақын арада елден кетуді жоспарламайтынын айтты.

Анализ көрсеткендей, көшуге деген ниет көбінесе респонденттердің жасына байланысты.

Көшіп кетуге ең көп ниет білдірген респонденттер – жастар мен орта жастағы адамдар арасында байқалды. Мысалы, 18-29 жас аралығындағы жастардың шамамен 25% көшу туралы ойланса, 30 жастағылар арасында бұл көрсеткіш 30%-ке жақын. Одан кейінгі жас санатындағы әр оныншы адам нақты көшуге ниетті (10,7% – «алдағы 2-3 жылда көшуді жоспарлап отыр»).

Респонденттердің басым көпшілігі (83,7%) Қазақстанда туған, 9,3%-і елде 20 жылдан астам уақыт тұрып келеді. Ал 6,8%-і Қазақстанда 20 жылдан аз уақыт тұрады.

Елден кетуді жоспарлаған респонденттерден оларды көшіп кетуге итермелейтін нақты себептер туралы сұрақ қойылды.

Көпшілігі жоғары жалақы алуға (24,5%), өздері мен балалары үшін перспективаның жоқтығын (23,9%), сондай-ақ жақсы жұмыс табу ниетін (14%) атады. Бір қызығы, жастардың көбі сапалы білім алуға және өзін-өзі дамытуға жағдай жасауға ұмтылады, ал орта және үлкен жастағы топтар өздері мен балалары үшін мүмкіндіктердің жоқтығын жиі айтады.

Сондай-ақ, респонденттер көші-қонға қатысты төмендегі себептерді атады:

  • Өзін-өзі дамытуға жақсы жағдай (13,2%)
  • Сапалы білім (11,7%)
  • Сапалы медициналық қызмет (4,9%)
  • Кәсіби өсу мүмкіндігі (4,4%)
  • Қолайлы экология мен климат (3,8%)
  • Саяхаттау (3,3%)
  • Өмір сүруге қауіпсіз жер (3%)
  • Туыстарға жақын жерге көшу (2,6%)
  • Ортасын кеңейту (1,3%)
  • Бизнес дамыту (0,7%)
  • Тарихи отанына оралу (0,6%).

Ресми деректерге сәйкес соңғы екі жылда Қазақстанда – елге келген адам саны кеткендерге қарағанда көп. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2024 жылдың алғашқы үш тоқсанында Қазақстанға 20 мыңнан астам адам көшіп келген, ал елден кеткендердің саны екі есе аз – 10,2 мың адам.

Алайда көші-қонның оң сальдосы тек сандық көрсеткіштерді ғана көрсетеді, сапалық көрсеткіштерді ескермейді. Көші-қон процестерін талдаудағы негізгі индикатор мигранттардың білім деңгейі мен кәсіби біліктілігі.

Елден кеткендердің арасында сұранысқа ие техникалық мамандық иелері (1,2 мың адам), экономистер (589 адам), педагогтар (385 адам), сәулетшілер мен құрылысшылар (261 адам), сондай-ақ заңгерлер (170 адам) үлесі көп.

Ресми деректерге қарамастан, DEMOSCOPE сауалнамасының нәтижесі бойынша, респонденттердің жартысына жуығы (45,9%) соңғы 2-3 жылда таныстары, достары немесе әріптестерінің шетелге біржола көшіп кеткенін айтты.

Қазақстандықтардың басым бөлігі (63,3%) отандастарының шетелге қоныс аударуына түсіністікпен қарайды. Респонденттердің 11,4%-і оларды сынаса, 21%-і бейтарап екенін айтты.

Сыртқы көші-қон тенденцияларын болжау мәселесінде респонденттердің көбі (39,2%) алдағы 3-5 жылда Қазақстаннан білікті мамандардың кетуі арта түседі деп санайды. Қарсы пікір білдіргендер 21,7%-ті құрайды, олар керісінше, елге мигранттар ағымы артады деген ойда. Ал 18,7%-і келушілер мен кетушілер саны шамамен тең болады деп есептесе, 20,4%-і нақты жауап бере алмады.

Зерттеу қазақстандықтар үшін эмиграцияға ең тартымды елдерді де анықтады. Көш бастап тұрған елдер – АҚШ (7,7%), Ресей (6,2%), Еуропа елдері (5,1%), Түркия (4,6%) және Канада (2,6%). Сонымен қатар, респонденттердің 35%-і көшуге ниет білдіретін ел жоқ екенін айтты.


Рекомендовать
Последние новости