Депутат Мұқаев жұрт жаппай қымбат жүзім сатып алып жатқанын сынады

Сағыныш Сардарова 08 нояб. 2024 14:44 3029

Желіде Дубай шоколадынан кейін Shine Muscat деп аталатын жүзімнің жарнамасы жер жарды. Мәжіліс депутаты, танымал блогер Дәулет Мұқаев жұртшылықтың бұл әрекетін сынады, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Депутат мұны көрсеқызарлық немесе маркетинг құрбаны болу деп бағалады.

"Дубай шоколады" деген шығып еді, енді "кәріс жүзімі" (Шэйн мускат дей ме) деген шықты. Инстаға кіріп қалсаң болды, шырт-пырт деп жеп отырғандар қатары көбейді. Соны жалпақ жұртқа жарияламай-ақ жеуге болады ғой... Кішкентай Дубай шоколадының бағасы 15-20 мың теңге болып еді, енді мына жүзімнің кішкене бір бөлігі 5-10 мың теңге деседі. "Ақша жоқ-жоқ" дейді де, талап алып жатыр халық. Оның құрамында не бар, несі пайдалы, не зиян, ол туралы басымызды ауыртқымыз келмейді. Бастысы жұрттан қалмау керек. Алла біледі, бұны да 12/24 айға бөліп төлейтіндер шықса таң қалмаймын.

Ақшаңыз артылып жатса, ала беріңіз. Қарсылығым жоқ. Бірақ елден, трендтен қалмайын деген ой - әбестік. Одан да мына қоңыр күзде ет жеңіздер, сорпа ішіңіздер. Міне, нағыз пайдалы тағам", - деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін DALA INSIDE Дубайдағы шоколад фабрикалары толық қуатта жұмыс істеп жатқанына, ал олардың өнімін қазақтар талап әкетіп жатқаны жөнінде зерттеу жариялаған еді.

"Дубайдан жеткізілетін атышулы шоколадтың бағасы 20 мың теңгеге жетіп отыр, ал оның шынайы құндылығы бұл соманың жартысына да татымайды.

Осынау құбылыс халықтың тұтыну мәдениетін ғана емес, сонымен бірге елдің қаржылық сауаттылығы қандай деңгейде екенін көрсетеді. Шоколадқа жұмсалған 20 мың теңге, бір ғана тұтынушы тұрғысынан елеулі болмауы мүмкін. Бірақ, мұндай транзакцияның саны еселенген сайын, бұл миллиондаған теңгенің шетелге ағуына алып келеді. Шетелдік тауарға тәуелділік ұлттық капиталдың ішкі нарықта тұрақтауына кедергі жасайды", - деп топшылаған еді арна.


Рекомендовать
Последние новости