Франция, Моңғолия, Бішкек, АЭС мүмкіндігі: Тоқаевтың кейінгі сапарларының Қазақстан үшін маңызы қандай?

Сағыныш Сардарова 08 нояб. 2024 13:35 2299

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше елге мемлекеттік сапармен барды. Саясаттанушы Асхат Қасенғали бұл сапарлардың Қазақстан үшін қандай маңызы барын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Президент өткен аптада Моңғолияға мемлекеттік сапармен барып, бірқатар келісім жасады. Одан соң Францияға Макронның шақыртуы бойынша барды, қайтар жолда Бішкекте Түркі мемлекеттерінің жиынына қатысты. 
 
"Моңғолия. Моңғолия мен Қазақстан тауар айналымын жарты млрд долларға жеткізу туралы уағдаласып қайтты. Бұл көп қаржы емес. Бірақ Моңғолияның мүмкіндігі де үлкен емес. Халық саны аз, экономикасы да кіші. Дей-тұра, Моңғолия бізге маңызды елдің бірі деп ойлаймын. Өйткені экономикалық байланыстан бөлек, Моңғолиядағы саны жағынан екінші халық қазақтар саналады. Бұл да болса Моңғолиямен қарым-қатынасты ұлғайтуға себептің бірі деп санаймын. Сандарды қарасам 100 мыңнан асады дейді. 100-120 мыңның арасында. Моңғолиядағы халықтың саны 3,5 млн болса, соның бір 4-5 пайызы қазақтар", - деді сарапшы.
Саясаттанушы Франция сапарының маңызына тоқталды. Бұл ел - ядролық қаруы заңдастырылған әлемнің бес алпауытының бірі.
 
"Францияның мүмкіндігі де мол. Берері де, алары да көп ел. Бізден тонналап мұнай алады, астық алады, фосфор алады. Ал біз не аламыз? Бір жылда 11 ұшақ, 820 дана түрлі техника (бульдозер, жүк көтеру техникалары, арнайы техникалар), 1100 трансформатор, 195 трактор алыппыз. LSM келтірген сандар солай дейді. Одан бөлек 921 тонна түрлі әтір, косметика тағы бар. Фғәнцуздар әтірдің ата-бабасы ғой. Ол жағын қатырады. Мыңдаған тонна дәрі-дәрмек тағы алыппыз. Бұл ә дегенде ауызға түскені. Айтылмаған ұсақ-түйек жетеді. Францияның тағы бір ерекшелігі, ол әлем бойынша атом технологиясындағы көшбасшы елдің бірі. АЭС бойынша білімі алға басқан ел. Өзінде ондаған реактор тұр.
 
2023 жыл Франция үшін жағымды болмады. Неге? Себебі Африкадағы бірнеше елде төңкеріс болып, Франция бірқатар ықпал ету аймағынан айырылып қалды. Африкадағы бірнеше елден уран алып отыр еді. Едел-жедел Макрон тығырықтан шығар жолды іздеді. Қарашада қар ұшқындатып Астанаға келді. Келісім жасасты. Артынша Өзбекстанға аттанды. Келісім жасасты. Макрон қазақ пен өзбектен уран сұрап келді дейді сарапшылар", - дейді ол.
 
Сарапшы Францияның АЭС саласындағы әлеуетін Қазақстан пайдалану керек деп бағамдады.
 
"Франция Қазақстанға АЭС бойынша таптырмас ел деп санаймын. Ақыры АЭС салынады екен. Мейлі тіпті ол консорциум болған күннің өзінде де, АЭС-тің маңызды құрылысын осы салада атомның электронын шашып, ядросын ішкен Франция сияқты ел салуы тиіс қой. Осы сапарда бұл талқыланды деп ойлаймын. Франция қару саласында да мықты мемлекет. Париж әлемде қару сату бойынша Мәскеуді артқа тастап, екінші орынға шықты. Бірінші орында Вашингтон тұр", - деді саясаттанушы.
Франциядан кейін Тоқаевтың ұшағы Бішкекке ұшты.
 
"Бішкек. Бішкектегі отырыс өзіміз ғой. Өзіміз дегенім – ТҮРКІЛЕР. Түркі мемлекеттері жыл сайын бірнеше мәрте бас қосады. Бұрын кеңес еді, қазір ұйым болды. Бағыты бар, жоспары бар. Арнайы бағдарламалары бар. Жыл өткен сайын қанаты қатайып келеді. 
 
Франция, Моңғолия, Түркі әлемі. Алдағы аптада Әзербайжанда СОР29 конференциясы өтеді. Қазақстан басшылығы баруы мүмкін. Қақтығыстары артып, мәмілесі азая түскен сәтте, көпвекторлы саясатты ұстап қалу үшін байланысты барлық тараппен арттыра түсу маңызды. Басқа жол жоқ", - деп түйіндеді ол.

Рекомендовать
Последние новости