Депутат АЭС-ті Семей полигонына салуды ұсынды

Қаракөз Амантай 08 нояб. 2024 09:39 134127

Сенатор Андрей Лукин АЭС құрылысына қатысты пікір білдіріп, станцияны Абай облысындағы Курчатов қаласына орналастыруды ұсынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Лукиннің сөзінше, бұрынғы Семей ядролық полигонының маңында атом энергетикасы саласында зерттеу орталықтары болған және олар әлі күнге дейін жұмысын жалғастырып келеді. Қала бюджетінің елеулі бөлігін осы орталықтардың салықтық түсімдері құрайды.

“Курчатовтың бұл салада маңызы жоғары, себебі қала сейсмикалық тұрақты аймақта орналасқан. Инфрақұрылымы дамыған және энергетикалық қуат көздерін апаттық жағдайда резервке ала алады. Ғылыми-техникалық қолдау жеткілікті деңгейде, радиоактивті қалдықтарды сақтайтын ресурстар мен су қоры да бар”, - деп атап өтті Лукин.

Айта кетейік, күні кеше жұмыс сапарымен Қазақстанға келген Ресейдің Сыртқы істер министрі Лавров Ресей Қазақстанда бірінші атом электр станциясын салу жөніндегі халықаралық консорциумға қатысуға дайын екенін мәлімдеген еді.

"Ресей көмектесумен ғана шектелмей, АЭС құрылысына қатысты ұсыныстарын да  дайындап қойды. Біз Қазақстанда өткен референдумды мұқият бақылап, президент Тоқаевтың атом энергетикасын дамыту жоспарларына қолдау көрсеттік. "Росатом" осы мәселеде қазақстандық достарымызбен бірлесіп жұмыс істеуге толық дайын. Сондай-ақ басқа мемлекеттердің тиісті агенттіктерімен және құрылымдарымен ынтымақтасуға ашықпыз", – деді Лавров.

Еске салайық, 2 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. 

Референдум бойынша дауыс беру 6 қазанда сайлау учаскелерінде сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтті. Бұл ретте 80-нен аса учаске өз жұмысын 06:00-де бастады. Республика бойынша дауыс беруге арналған 10 000-нан аса учаске құрылды.

Шетелде Сеул мен Токиода учаскелер бірінші ашылды.

АЭС салуды дауыс бергендердің 71,12 пайызы қолдады. Референдумға дауыс беру тізіміне 12,3 миллионға жуық қазақстандық енгізілген.


Рекомендовать
Последние новости