Вакциналауды тоқтатуды талап еткен олар министрлікке қарасты Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаевты соққының астына алған.
Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті шенеунікке дөрекілік көрсеткен 6 әйелге айыппұл салғаны белгілі болды. Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәлімет бойынша долы әйелдердің бір тобы Министрліктер үйіне баса-көктеп кірген, ал бұл өткізу ережелеріне қайшы.
Полиция қызметкерлеріне тіл тигізіп, оларды қол-аяқтарымен соққылап, күзетшілер мен денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлеріне су шашқан.
Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты қызметкерлері диалог құруға, мәселелерді түсінуге және олардың шешімін табуға тырысқанда, әйелдер оларға балағат сөз айтып, беттерінен соғып жіберген, киімдерін тартып жұлқылаған.
"Мұндай әрекеттерді қоғам құптамайды және заң бойынша әкімшіліктен қылмыстық жауапкершілікке дейін қудаланады. Заңға қайшы әрекеттері мен бұзақылық әрекеттері үшін 6 әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әрқайсысына 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды", – делінген ресми мәлімдемеде.
Еліміздегі 1 АЭК мөлшері – 2917 теңге.
Кейін аталған жағдайға байланысты Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев түсініктеме беріп, әйелдер ғимаратқа баса-көктеп кіріп, кінәсіз қызметкерге, мүмкіндігі шектеулі адамға агрессия көрсеткенін айтқан еді.
"Осы әйелдердің ашуына тап болған мүмкіндігі шектеулі қыз сияқты балаларды тәрбиелеп отырған аналардың қатыгездігіне қайранмын.
Егер олар осындай қорғансыз адамға күш көрсете алса, мүгедектердің құқықтарын қорғауды талап етуі екіжүзділік болып шықпай ма? Мүмкіндігі шектеулі адамға аналардың агрессия көрсетуі дұрыс па?
Біз әрқашан диалогқа және тиісті реакцияға, тыңдауға, көмектесуге, ымыраға келуге дайынбыз, өйткені біз зайырлы және құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз.
Мен барлық азаматтарды саналы болуға шақырамын!", – деген болатын шенеунік.
https://dalanews.kz/news/65371-bir-top-ayelden-taiaq-zhegen-densaumin