Дау болған дабыл жүйесі: бұл жолы қанша ақша бөлінбек?

Сағыныш Сардарова 05 мар. 2024 11:37 2141

Алматы әкімі Ерболат Досаев қалада жер сілкінісі кезінде хабарлайтын жаңа жүйе енгізілетінін айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл Мемлекет басшысының 2024 жылғы 25 қаңтардағы тапсырмасы аясында іске асырылмақ.

"Алматы қаласы әкімдігі пилоттық режимде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, қала тұрғындарын төтенше жағдайлар туралы жедел хабардар ету үшін биыл мамырдың соңына дейін 475 миллион теңге бөлінген Cell Broadcast технологиясын пайдалана отырып, Mass Alert қағидаты бойынша халықты жедел құлақтандыру жүйесін енгізуді жоспарлап отыр", - деді ол.

Оның сөзінше, бұл жүйенің дәстүрлі SMS-тен айырмашылығы Cell Вroadcast технологиясы желіге қосымша жүктеме түсірмейді және барлық абонент үшін жедел әрі жаппай хабар таратуға, хабарлау уақыты мен жиілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, қаңтарда да Алматыда тұрғындар жер сілкінісін сезді. Осы оқиғадан кейін төтенше жағдай кезінде тұрғындарға ертерек хабарлайтын дабыл жүйесі істен шыққаны туралы ақпарат тарады. Кейін бұл Антикордың назарына іліккені белгілі болды. Бүгін брифингте төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтен Алматыдағы жер сілкінісін хабарлайты дабыл жүйесіне қатысты тергеу барысы туралы сұралды. Су жаңа министр бұл сұраққа мардымды жауап бермеді.

"Алматы Төтенше жағдай департаментіне байланысты 23 қаңтардан кейінгі іс-қимылдарға қатысты тексеріс жүргізіліп жатыр Әзірге қорытынды шыққан жоқ. Тергеу барысы, нәтижелері туралы аяқталғаннан кейін білеміз. Тексеріс дабыл жүйесі бойынша және осы жүйені сатып алу жөніндегі іс-қимылдарға байланысты жүргізіледі", - деді ол.

Бұған дейін "Әділдік жолы" қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов Facebook-те Алматыдағы жер сілкінісі туралы ертерек хабарлауға жауапты және бұл қызметі үшін 1,1 миллиард теңге алған компания Нұралы Әлиевке тиесілі деп мәлімдеген болатын.

Ал одан кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілі Алматыдағы жер сілкінісін хабарлайтын дабыл жүйесіне қатысты тексеріс болатынын мәлімдеді.

Тиісті өтінішті ведомствоның Алматы қаласындағы департаменті тіркеген болатын.


Рекомендовать
Последние новости