Бишімбаевтың адвокаты “Кәсіби шеберлігі үшін” медалімен марапатталды

Қаракөз Амантай 06 дек. 2024 11:35 3757

Республикалық адвокаттар алқасы экс-министр Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжановқа “Кәсіби шеберлігі үшін” медалін табыстады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Buzyq телеграм-арнасының мәліметіне сүйенсек, медальді алқа төрағасының орынбасары әрі Нүкеновтер отбасының адвокаты Игорь Вранчев табыстаған. 

“Бұл марапат – еңбегім мен жетістіктерімнің белгісі. Сонымен қатар адамдардың құқығы мен бостандығын қорғау жолындағы қызметімді ары қарай жалғастыруыма шабыт сыйламақ”, — деп атап өтті Ерлан Ғазымжанов.


Айта кетейік, азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен 24 жылға бас бостандығынан айырылған экс-министр Қуандық Бишімбаевты адвокат Лейла Рамазанова, Назкен Құсайынова, Ерлан Ғазымжановтар қорғаған еді.

Осы тұста Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Айдын Бикебаев әріптестеріне үндеу жолдаған болатын.

Жиында "Бишімбаев ісіне" бас сұққан адвокаттарды жария талқылауды тоқтату туралы мәселе қозғалды. Ол аталған оқиға адвокаттардың кәсіби әдебіне нұқсан келтіріп жатқанын атап өткен еді.

"Адвокаттарды Бишімбаев ісіне қатысатын әріптестерін жария талқылауды тоқтатуға шақырамын. Бұл әрекеттер кәсіби әдеп кодексін бұзуға әкелуі мүмкін. Әр нәрсенің шегі болуы керек. Әрбір адвокат адвокатураның беделін ойлауы тиіс", - деп мәлімдеген болатын.

Еске салайық, былтыр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен қамауға алынды. Оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.

Бишімбаевқа екі бап бойынша айып тағылды:

  • аса қатыгездікпен кісі өлтіру (15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру);
  • қорлау (4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе осы мерзімге бас бостандығынан айыру).

13 мамырда Бишімбаев ісі бойынша үкім шыққан болатын. Алқабилер шешімі бойынша, Бишімбаев 24 жылға, Байжанов 4 жылға бас бостандығынан айырылды.


Рекомендовать
Последние новости