Өңірлерде орман өртіне қарсы қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев баяндады. Осыған байланысты ведомство басшысы өңір әкімдерін ормандардағы өрт қауіпсіздігін сақтауға мұқият назар аударуға шақырды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның мәліметінше, жыл басынан бері еліміздің мемлекеттік орман қоры аумағында жалпы ауданы 4402 га болатын 25 орман өрті тіркелген.
«Облыс әкімдіктері дала өрттерінің алдын алу және жою, орман шаруашылықтарының күштері мен құралдарын толық жауынгерлік әзірлікке келтіру жөнінде жан-жақты шаралар қабылдауы қажет.
Қазгидрометтің болжамы бойынша биылғы жаз өте ыстық болады. Облыс әкімдіктері ормандарда өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша барлық шараны қабылдауы қажет», - деп атап өтті Ерлан Нысанбаев.Төтенше жағдайлар министрлігі Экология министрлігімен бірлесе отырып, ведомствоаралық жоспарды бекіткен, табиғи өрттерге, оның ішінде шекаралас мемлекеттермен әрекет ету алгоритмдері түзетілген. Бұл туралы Үкімет отырысында төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев мәлімдеді.
"Әкімдіктерге өрттің қауіпті кезеңіне дайындық жеткіліксіздігі туралы 700-ден аса ескерту берілді. Сонымен қатар, Қазгидрометтің болжамына сәйкес жаз құрғақ болады деп болжанып отыр, сол арқылы өрт қауіптілігінің жоғары қаупі сақталады", - деді ТЖМ өкілі.
Қазір ҚР ТЖМ Командалық орталығында тәулік бойы жедел топ жұмыс істейді. «Орман» және «Табиғат» ақпараттық жүйелері, орман шаруашылықтарының бейнебақылау деректері, космомониторинг және ТЖ геоақпараттық жүйесі арқылы өрт жағдайына мониторинг жүргізіледі.