Бұлақ көрсең көзін аш

Dalanews 25 сент. 2023 05:22 2177

  ХХІ ғасырдың ең өзекті проблемасы – су. Расында адамзат үшін ауадан кейінгі қажеттілік суда. Сусыз тіршілік тығырыққа тіреліп, жойылу қаупі төнеді. Ал су – шектеулі ресурс. Қазір әлем елдері арасында оның көзін иелену үшін күрес шиеленісіп, кейбір аймақтарда геосаясаттың аса маңызды факторына айналып келеді.

Су проблемасы ең өткір болып отырған аймақ – Африка және Орталық Азия. Оның ішінде Қазақстанның жағдайы – өте күрделі. Ауыз суды үнемдеу керек. Сарапшылардың пайымдауынша, Қазақстан 2050 жылға қарай «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін. Қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауыз суға зәру. 1987 жылы БҰҰ-ның Дүниежүзілік қоршаған орта мен даму комиссиясы «Біздің жалпы болашағымыз» атты есебінде «қоршаған орта үшін қауіпсіз жолда экономикалық дәуірге» аяқ басуға шақырды.

Алғаш рет «тұрақты даму» концепциясы ұсынылды. «Тұрақты даму мақсаттары» – қазіргі уақыттың қажеттілігін қамтамасыз ете отырып, болашақ ұрпақтардың өзінің қажеттіліктерін қамтамасыз етуіне қауіп туғызбайтын даму. 6 тұрақты даму мақсаттарында  су мәселесі қозғалған.


Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, әлем халқының жартысына жуығы су тапшылығын сезінеді. Сарапшылардың айтуынша, жер бетінде 780 миллионнан астам адам таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Ал 1,7 миллиард адам тұщы су көздеріне зәру. Әлемде жыл сайын таза судың жоқтығынан, соның салдарынан болатын антисанитариядан мыңдаған адам көз жұмады. Оның көбі – балалар.

Кейбір елдердегідей аса қат болмағанмен, Қазақстанда да ауыз су проблемасы бар. Дегенмен еліміздегі жерасты су ресурстары арнайы зерттеліп, оның гидрогеологиялық картасы жасалған. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, судың шығынын азайтуда су шаруашылығы саласын толықтай цифрландыруға көшіру міндеті тұр. Сосын каналдар мен су қашыртпаларын назардан тыс қалдырмай, үнемі тазалап, қажетті жағ­дайларда, каналдардың табанын бетондауды қолға алу маңызды.

Су ресурстарының ең көп пайдаланылатын бағыты - ауыл шаруашылығы саласы. Агроөнеркәсіпте пайдаланылатын техниканың ескі болуы, суару тәсілдерінің ұтымды қолданылмауы көп жылдар бойы су қорларының дұрыс игерілмей келуіне алып келді. Жаһандық мәселеге айналған Арал экологиясының да ең әуелі осы ауыл шаруашылық егістіктеріне суды жолдан бұрып алып, есепсіз пайдаланудан басталғаны баршаға мәлім.Қазіргі таңда,сарапшылар Каспийдің қатты таяздануына байланысты дабыл қағып жатыр.

Теңізде қаптаған қайраңдар пайда болып, кемелердің жүзуі қиындаған. Ал Каспий – Қазақстанға санкциялар салдарынан әлемнен оқшауланған Ресейді айналып өтуге мүмкіндік беретін жалғыз әрі бірегей тасымал жолы. Жағалаудағы елдер оның эколо­гиясын жақсартуға баса мән бергені абзал.

Жалпы, Каспий Аралдың тағдырын қайталауы мүмкін бе деген қауіп те бар. Каспий тағдыры мемлекетті де алаңдатады.


Президент Қ.Тоқаев 29 маусымда өткен VI Каспий саммитінде бұл теңіздің экожүйесін сақтау – 5 ел ықпалдастығының басты бағыттарының бірі деп белгіледі. Каспий жағалауының экономикалық дамуы да, миллиондаған тұрғындардың әл-ауқаты да оның табиғи ортасын сақтау міндетімен тығыз байланысты. Қазақстан Президенті ортақ су артериясында экологиялық апатты болдырмау үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Қалай болғанда да, миллиондаған жылдың куәсі  қарт Каспийді сақтап, келер ұрпақтарға табыстау – парыз екенін ескерткен болатын.Жоғарыда аталған жайттарды ескере отыра,тұрақты даму мақсаттары аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультетінің оқытушылар құрамы мен студенттер арасында дөңгелек үстел,пікірталас сайыстары,түрлі акциялар өткізуде.Елімізде орын алған өзекті мәселелерді шешуге бізде өз тарапымыздан үлес қосудамыз.Мысалы,суды үнемдеу,табиғатты аялау,сенбіліктер т.б

Ендеше, «бұлақ көрсең көзін аш» дегенді басшылыққа ала отырып, судың өмірдің нәрі екенін ұмытпай, «судың да сұрауы бар» дегенді де естен шығармайық.

 

Тілепбергенов О.Н.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультеті қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының аға-оқытушысы,заң ғылымдарының кандидаты


Ел-тұтқа студенттер клубының жетекшісі


 

Рекомендовать
Последние новости