БҚО-дағы қайғылы өрт: Нариман Төреғалиев жағдайды жеке бақылауына алды

Ақтоты Жапатова 04 июн. 2025 19:40

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Сырым ауданында өрттен қаза болған балалардың ата-аналары мен жақындарына көңіл айтты,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Сырым ауданында өрт салдарынан бес бала қаза тапқан болатын.

– Сырым ауданында қаза тапқан балалардың ата-аналары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Менің тапсырмам бойынша оқиға орнына орынбасарым барды, аудан әкімі оқиға орнында, барлық қажетті қызметтердің жұмысын үйлестіріп жатыр.

Әкімдік тарапынан барлық қажетті көмек көрсетіледі: жерлеу рәсімін ұйымдастыру, психологиялық көмек көрсету, баспанамен қамтамасыз ету және өзге де әлеуметтік қолдау шаралары.

Қазіргі уақытта оқиға орнында ТЖД мамандары, полиция департаментінің қызметкерлері, медицина қызметкерлері және басқа да тиісті қызмет өкілдері жұмыс істеуде. Жағдай менің жіті бақылауымда, – деді облыс басшысы.

Еске салайық, Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 112 пультіне Сырым ауданы Жымпиты ауылында Сағырбаев көшесінде жеке тұрғын үй өртеніп жатқаны туралы хабарлама түскен.

"Өрт сөндірушілер оқиға орнына қоңырау түскеннен кейін 5 минуттан кейін жетті. 30 шаршы метр аумақта заттар мен жиһаз жанып жатқан Құтқарушылар бес баланы ес-түссіз күйде тапты. Өкінішке қарай, балалар ауруханада қайтыс болды", - деді ТЖД өкілдері.


Рекомендовать
Последние новости