Боранбаевтан қайтарылған нысанның орнына не салынбақ? — Досаев жауап берді

Қаракөз Амантай 06 дек. 2024 14:28 1935

Боранбаевтан мемлекетке қайтарылған “Алмалы” сауда орталығының орнына балаларға арналған ғылым музейі салынады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың мәлімдеуінше, музей құрылысы 2025 жылы басталады. Бұл жобаға қала бюджетінен 12,2 млрд теңге бөліну жоспарланып отыр.

Айта кетейік, өткен жылы Қайрат Боранбаевтың құны 33,75 млрд теңгені құрайтын дүние-мүлкі мемлекет меншігіне өткені туралы жазған едік. Атап айтқанда, “Алмалы” сауда орталығының ғимараты, Unity Hall ЖШС, “Алматы Тауэрс” бизнес орталығы мен Fitnation фитнес клубтар желісі.

ҚМА-ның хабарлауынша, мемлекет меншігіне жалпы құны 33,75 млрд теңге болатын кеңсе, сауда және ойын-сауық кешені, сондай-ақ сауықтыру және фитнес желісі өткен.

“Атап айтқанда, оңтүстік мегаполистің орталығында орналасқан “Алмалы” сауда орталығының ғимараты, сондай-ақ жалға беру және мүлікті басқарумен айналысатын “Unity Hall” ЖШС. “Алматы Тауэрс” бизнес орталығында орналасқан нысанның ауданы 11 мың шаршы метрден асады. Сондай-ақ, “Fitnation” фитнес клубтар желісі мемлекет меншігіне өтті. Нысандар Астана, Алматы және Қостанай қалаларында орналасқан", -делінген хабарламада.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бұл нысандар сауықтыру және білім беру орталықтарын ұйымдастыра отырып, әлеуметтік мақсаттарға пайдаланылады.


Рекомендовать
Последние новости