Түркістандықтар цифрлық жүйенің жемісін көруде

Азамат Қойшығара 25 нояб. 2024 13:40 275

Цифрландыру жүйесі – жаһандық бәсекеде айрықша қабілеттілікке жетудің таптырмас жолы. Сондықтан да елімізде цифрлық технологияларды дамыту арқылы халықтың өмір сапасын жақсартуға, экономиканы нығайтуға және денсаулық сақтау саласының тиімділігін арттыруға баса назар аударылуда. Әсіресе ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау қызметтерінің сапасын арттыру цифрландырудың басты жетістіктерінің бірі болып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында сөйлеген сөзінде: «Бүкіл әлемде жасанды интеллект адам еңбегін алмастырып жатыр. Медициналық диагностика және заңгерлік кеңес беру сияқты күрделі салаларда да кеңінен қолданыла бастады. Тіпті, нейрожелілер сурет салып, музыка, өлең жазады.

Елімізде жасанды интеллект қауіпсіздік жүйесі, медицина, банк қызметі, логистика, білім беру салаларына ойдағыдай енгізіліп жатыр. Осы технологияны меңгерген мықты компаниялар да пайда болды. Соған қарамастан, жасанды интеллект индустриясын одан әрі дамыту үшін мемлекет кешенді қолдау көрсетуі керек.

Мәліметтер мен технологиялық инфрақұрылым барынша қолжетімді болуы керек. Сондықтан қолайлы экожүйе қалыптастыру қажет», – деген еді.

Расында да жасанды интеллект қазіргі медициналық диагностикада қолданылуы бойынша үлкен серпіліс жасап отыр. Ол дәстүрлі әдістермен салыстырғанда медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға, уақыт пен ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік береді. Жасанды интеллект адам ағзасының күрделі жүйелерін терең талдау, ауруларды анықтау және емдеу әдістерін оңтайландыру үшін қолданылатын маңызды құрал болып отыр.

Жалпы жасанды интеллект науқастың медициналық деректерін, яғни рентген суреттері, магниттік-резонанстық томаграфия, ,компьютерлік томорафия секілді құралдардың сканерлеу нәтижелерін жылдам және сапалы талдай алады. Бұл дәрігерлерге уақыт үнемдеуге және диагноз қоюда дәлдік пен тиімділікті арттыруға көмектеседі. Жасанды интелект дәрігерлердің қатесін азайтып, адамдарға тән шаршау, назардың баса жаққа ууы сияқты кемшіліктерді жояды. Бұл әсіресе шұғыл және бір топ дәрігердің көмегін қажет ететін жағдайларда маңызды рөлге ие.

Президенттің тапсырмасынан кейін Түркістан облысының денсаулық сақтау саласында жасанды интеллект технологияларын қолдану мүмкіндігі артып, бұл аймақта медициналық қызмет көрсетудің сапасы айтарлықтай жақсартуға ықпал етуі ғажап емес. Өйткені жаңашылдыққа ұмтылуда бұл облыстың белсенділігі жоғары. Түркістан облысында жасанды интеллект қолданысқа кеңінен енгізілсе, сөз жоқ денсаулық сақтау саласының дамуында жаңа серпін пайда болып, тұрғындарға жоғары деңгейде медициналық қызмет көрсету мүмкіндігі кеңейтілер еді. Әйтсе де Түркістан облысының денсаулық сақтау саласына цифрландыру жүйесін кеңінен енгізудің нәтижесінде бірқатар өміршең жобалар жүзеге асуда. Соның бірі – денсаулық сақтау мәселелеріне қатысты Call-орталықтың ашылуы.

Түркістан облысында денсаулық сақтау саласындағы сапаны жақсарту мақсатында тәулік бойы жұмыс істейтін бірыңғай медициналық-ақпараттық Call-орталық ашылды. Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасы жанынан құрылған бұл орталық тұрғындарға кез келген уақытта медициналық кеңес алу мүмкіндігін ұсынады. Орталыққа 1305 қысқа нөмірі арқылы хабарласуға болады. Ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Арман Сабитов пен Түркістан облысы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов қатысып, жаңа бастаманың маңыздылығын атап өтті. Бұл шара аймақтағы медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға зор үлес қосатыны сөзсіз.

Аталған Call-орталықтың негізгі мақсаты – облыстық медициналық қызметтердің үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету. Сонымен қатар тұрғындардың барлық өтініштерін дер кезінде қарау, ақпараттық-талдау орталығын құрып, сапалы қызмет ұсыну. Бұл орталық «Бір терезе» қағидаты бойынша қала мен облыс тұрғындарына денсаулық сақтау мәселелері бойынша біріздендірілген қызмет ұсынуға арналған мамандандырылған бағдарламаны жүзеге асырмақ.

Тұрғындар Call-орталыққа хабарласып, медициналық мекеме немесе маманның қызметіне қатысты шағымдар білдіріп, денсаулық сақтау саласына қатысты заң аясында тұшымды жауап ала алады. Орталыққа келіп түскен шағымдар әп-сәтте қаралып, операторлар бас дәрігерлердің орынбасарларымен тікелей байланысқа шығып, іс нәтижесі бақылауға алынатын болады. Орталықта 12 қызметкер жұмыс істесе, оның 10-ы оператор, барлығы медицина саласының мамандары.

Шағымдар негізінде тоқсан сайын облыстың медициналық ұйымдарының рейтингтері жасалады. Бұл бағдарлама халыққа қызмет көрсету саласындағы медициналық мекемелер жұмысының сапасын, жеделдігін және айқындығын арттыруға мүмкіндік береді.

1305 нөміріне Түркістан облысы бойынша ұялы телефондардан, яғни барлық ұялы байланыс операторлары арқылы қоңырау шалу тегін. Сонымен бірге WhatsApp месенджері арқылы хабарлама қалдыруға немесе 1305.kz@mail.ru электрондық почтасына хат жазуға мүмкіндік бар. Бұл орталық медицина мекемелері мен халық арасындағы байланысты жақсартып, қызмет сапасын арттыруда маңыздылыққа ие.

Жақында Түркістан облысының денсаулық сақтау жүйесін дамыту бойынша 2024-2026 жылдарға арналған тұжырымдама талқыланды. Бұл маңызды мәселе облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжіліс отырысында көтерілді. Отырыс барысында медицина саласын цифрландыру мәселесі де назардан тыс қалмады. Жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев өңірдің медициналық инфрақұрылымын жақсарту және халыққа сапалы қызмет көрсету жолдары туралы кеңінен баяндады.

Бүгіінде Түркістан облысында денсаулық сақтау саласы қарқынды дамып келеді. Аймақта 45 мемлекеттік медициналық мекеме, 700-ден астам ұйым, оның ішінде 130 жеке меншік мекеме жұмыс істейді. Бұл мекемелердің ішінде 36 емхана мен басқа да денсаулық сақтау нысандары халыққа медициналық көмек көрсетеді. Облыс бойынша 35 мыңнан астам дәрігер мен орта медицина қызметкері еңбек етіп жүр. Түркістан облысы халқы жыл сайын 3 миллионнан астам клиникалық-диагностикалық қызмет алады, 900 мыңнан астам жедел жәрдем шақыртулары мен 3,5 мыңға жуық санавиация шақыртулары орын алады. 2023 жылы облыс тұрғындары 14 миллионнан астам амбулаторлы қабылдауға жүгінсе, стационарлы көмек 2 миллионға жуық науқасқа көрсетілді. Оның ішінде 547 мыңнан астам адамға ота жасалыпты.

Өңірде медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру мақсатында жаңа нысандардың құрылысы қарқынды жүруде. Сондай-ақ, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық пилоттық жобасы аясында 49 жаңа денсаулық сақтау нысанының құрылысын жүргізу жоспарланған. Бұл жобалар тек медициналық инфрақұрылымның кеңеюіне ғана емес, сонымен қатар ауылдық аймақтарда дәрігерлер мен мамандардың жетіспеушілігін жоюға, тұрғындарға медициналық көмек көрсетудің сапасын арттыруға бағытталған.

Цифрландыру саласы да өңірдің денсаулық сақтау жүйесінің дамуында маңызды рөл атқарып отыр. Қазіргі таңда Түркістан облысында медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін цифрлық технологиялар белсенді енгізілуде. Мәселен, медициналық мекемелердің жұмысын автоматтандыру, емделушілердің деректерін цифрлық форматта сақтау және өңдеу, қашықтан кеңес беру қызметтерін кеңейту сияқты бағыттар дамытылып жатыр. Жасанды интеллект пен цифрлық жүйелерді пайдалану арқылы диагностиканың дәлдігін арттыру, медициналық қызмет көрсету мерзімдерін қысқарту, сонымен қатар медициналық қызметкерлердің жүктемесін жеңілдету алдағы уақытқа жүйелі жоспарланған. Қазіргі уақытта қашықтан диагностика жүргізу, телемедицина және электронды рецептер енгізу жұмыстары өз нәтижесін беруде.

Медицина салаасындағы жаңашылдықтар мен реформалар халықтың денсаулығын жақсартуға, сондай-ақ Түркістан облысының денсаулық сақтау жүйесін еліміздің алдыңғы қатарлы аймақтарының бірі етуге бағытталған. Цифрландыру мен жаңа технологияларды енгізу арқылы облыс тұрғындарына жоғары сапалы, тиімді әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету мүмкіндігі артып келеді. Өйткені жаңа нысандар мен цифрлық жүйелер денсаулық сақтау саласындағы барлық көрсеткіштердің жақсаруына ықпал ететін маңызды қадамдардың бірі.

– Қазіргі уақытта Түркістан облысында медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін 73 нысанға қажеттілік туындап отыр. Бұл мәселені шешу мақсатында арнайы инвесторлар тартылып, өңірдің медициналық инфрақұрылымын жақсарту бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынған. Жыл сайын бұл салаға бөлінетін қаржы көлемі артып, ауруханалардың заманауи талаптарға сай жаңартылуы мақсатында көптеген жобалар жүзеге асырылуда.

Биыл 8 аудандық аурухананың ғимараттарында күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынды. Бұдан бөлек, өңірде медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін Ұлттық жоба аясында 4 аудандық аурухана көпбейінді ауданаралық аурухана ретінде қайта бейімделуде. Мұндай ауруханалардың заманауи медициналық талаптарға сай жұмыс істеуі үшін қажетті жаңартулар мен құрылыс жұмыстарын жүргізу өте маңызды. Бұл өзгерістерге сәйкес ауруханаларда таза аймақтардың құрылуы міндеттелді. Нақты айтқанда, Жетісай, Ордабасы, Сайрам аудандарында, облыстық клиникалық ауруханада және Кентау қалалық ауруханасында арнайы таза аймақтар құүрылуда. Бұл іс-шаралар жұқпалы аурулардың алдын алу, инфекциялардың таралуын болдырмау үшін маңызды қадам болмақ.

Сондай-ақ, Түркістан облысының денсаулық сақтау саласында көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыру мақсатында сервистік модельді енгізу ұсынылуда. Бұл модель пациентке бағытталған бастама. Қазіргі уақытта халықтың медициналық қызметтерге деген сұранысына жауап бере отырып, қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік берілуде. Пациенттерге көрсетілетін қызметтер тек медициналық емес, сондай-ақ этика мен деонтология тұрғысынан да қарастырылатын болады. Мұнда пациенттердің қауіпсіздігі мен жайлылығына ерекше назар аударылған. Сонымен қатар медицина қызметкерлерінің арасындағы коммуникация деңгейін арттыру, медициналық этиканың сақталуы, және технологияларды жетілдіру мақсатында түрлі іс-шаралар қолға алынып жатыр.

Медициналық қызметтерді жақсартудағы басты мақсат – халықтың денсаулығын нығайту және медициналық көмек көрсету саласында сапа мен қолжетімділікті арттыру. Бұл бағытта атқарылатын жұмыстар тек қана медициналық нысандарды жаңартумен шектелмей, қызмет көрсету мәдениетін, халықпен байланыс жасау тәсілдерін, әрі технологиялық процестерді жетілдіруді де қамтиды. Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан бұл ауқымды өзгерістер медициналық қызметтердің стандарттарын жақсартып, облыс тұрғындарының денсаулығын қорғаудағы шешуші рөлге ие, – дейді басқарма басшысы.

Жалпы Түркістан облысында денсаулық сақтау саласының дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер мен оңтайлы шешімдерді іздеу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі – материалдық-техникалық жарақтандыру мәселесі. Қазіргі таңда көп жағдайда ескірген жабдықтар мен техникалар денсаулық сақтау қызметінің сапасын төмендетуде. Осыған байланысты, облыстың медициналық мекемелерінде қолданылатын техника мен жабдықтардың жағдайы сарапталып, жаңарту үшін нақты қажеттіліктер анықталды. Бұл процесс тек қана жаңа технологияларды енгізуге ғана емес, медициналық қызмет көрсету сапасының артуына да оң әсер етуде.

Әрине, заманауи құрал-жабдықтар мен жаңа технологиялар денсаулық сақтау саласының тиімділігін арттырғанымен, медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін жетілдіру де маңызды факторлардың бірі болып есептеледі. Осы мақсатта облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы базасында симуляциялық оқу орталығын құру жоспарлануда. Бұл орталық дәрігерлер мен медбикелер үшін заманауи білім алу мен дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беретін оқу алаңы болмақ. Мұнда медициналық қызметкерлер кәсіби тәжірибеден өтіп, түрлі жағдайларда қалай әрекет ету керектігін үйренеді. Бұл іс-шаралардың мақсаты – кадрлардың даярлығын арттырып, медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту.

Түркістан облысының денсаулық сақтау жүйесінде жаңа технологиялар мен цифрлық жүйелерді енгізу бойынша да жұмыстар жемісті жалғасуда. Бұл жүйе денсаулық сақтау көрсеткіштерін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта облыста шетелдік серіктес клиникалармен байланысты дамытуға баса назар аударылуда. Олардың тәжірибелері мен озық технологияларын енгізу арқылы медициналық қызметтердің сапасын арттыру және жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізу көзделген. Түркістан облысындағы денсаулық сақтау жүйесін халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті ету үшін инновациялық медициналық қызметтер мен жүйелерді құру, жаңа технологияларды енгізу әрі қызмет көрсету тиімділігін арттыру маңызды. Бұл облыс тұрғындарының денсаулығын сақтауда саланың жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашады.

Сондай-ақ, басқосуда денсаулық сақтау саласында профилактикалық шаралар мен ерте диагностиканың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Денсаулық сақтау жүйесінің басты міндеті – халықтың денсаулығын сақтау ғана емес, сонымен қатар ауруларды алдын ала болжау мен олардың даму деңгейін ерте кезеңде анықтау. Мұндай жүйелердің дамуы халықтың өмір сүру сапасын арттырып, медициналық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.

Жалпы Түркістан облысындағы денсаулық сақтау жүйесінің жетілдірілуі жаңа технологияларды енгізумен қатар, тұрғындардың денсаулығын қорғау, алдын алу шаралары мен медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған ауқымды өзгерістерді қамтиды. Цифрландыру мен инновациялар денсаулық сақтау саласына жаңа мүмкіндіктер ашып, облыс тұрғындарының медициналық көмекке қолжетімділігін арттыруда маңызды рөл атқарады.

Бір айта кетер жайт, сөзімізге тұздық үшін Түркістан қалалық орталық ауруханасының заманауи құрал-жабдықпен қамтылғанын атап өтсек болады. Бас дәрігер Жанболат Ділдәбековтің сөзіне сүйенсек, жалпы мұнда 340 төсек-орын бар. Аурухана компьютерлік томография, рентген, жеке медициналық газ стансасымен жабдықталыпты. Ондағы палаталар 2-3 науқасқа арналған және орталықтандырылған оттегімен, таза ауыз сумен қамтылған. Науқастар 150 білікті маманның қызметін алуда.

Аурухананың құрылымы көптеген заманауи бөлімшелер мен қызметтерді қамтиды. Мұнда 12 клиникалық бөлімше, параклиникалық бөлімшелер, клиникалық, бактериологиялық және серологиялық зертханалар, сондай-ақ эндоскопия, ультрадыбыстық зерттеу, рентген және компьютерлік томография кабинеттері жұмыс істейді. Сонымен қатар урология, оториноларингология, пульмонология, гинекология, жақ-бет хирургиясы сияқты қосымша бөлімшелер де қызмет көрсетеді.

Түркістан облысындағы жедел медициналық жәрдем қызметі маңызды рөл атқаратынын да айта кетуіміз керек. Облыс бойынша 140 жедел-жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Қала мен аудан аумағында жалпы 22 бекет, 1 оперативті және 1 медициналық авиация бөлімі бар. Бұл бөлімдерде 36 дәрігер мен 104 фельдшер қызмет атқарады. Біз жоғарыда сөз еткен цифрландырудың арқасында қол жеткізілген игіліктердің осы мекемеге де қатысы бар. Бұл туралы ақпаратты бізге облыстық жедел медициналық жәрдем стансасы басшысының орынбасары Ақайша Аманжолова айтып беірді.

Қазіргі таңда бұл жедел медициналық жәрдем станциясында 177 санитарлық автокөлік бар. Аталған көліктер жедел медициналық көмек көрсету үшін қажетті барлық құралдармен жабдықталған. Оның ішінде дефибриллятор, кардиостимулятор, кардиоверсия, кардиомонитор, электрокардиограф, жасанды тыныс алу аппараты, оттегі жүйесі, электрлік және механикалық сорғыш аппараттары бар. Бұл жабдықтар қызметкерлерге науқастарға жоғары деңгейде көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтау саласында цифрлық технологияларды енгізу бүгінгі күннің ең маңызды бағыттарының бірі болып отырғанын айттық. Оның ішінде заманауи цифрлық құралдар дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп, медициналық көмек көрсету үдерісін тиімді ететіні ең маңызды мәселе. Сонымен қатар бұл технологиялар жергілікті емдеу мекемелерінің өзара байланысын нығайтып, медициналық орталықтармен бірлесе отырып, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыруда да артықшылықа ие. Тоқ етерін айтқанда, Түркістан облысында цифрландыру нәтижесінде халықтың денсаулығын қорғауға бағытталған шаралар тиімді жүзеге асырылуда. Соның арқасында түркістандықтардың денсаулығын жақсартуға зор үлес қосылып, өңірдің медициналық саладағы болашағы баянды бағытқа бет бұрып келеді.

 

 


Рекомендовать
Последние новости