Болат Назарбаевтың "оң қолына" қатысты іс: агенттік мән-жайды айтты

Сағыныш Сардарова 22 мая 2024 14:10 3297

Елдос Қоспаевқа қатысты іс бойынша тергеу аяқталуға жақын. Бұл туралы бүгін Мәжілісте Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов мәлімдеді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Елемесовтің айтуынша, қазір 13 күдіктінің адвокаттары қылмыстық іс материалдарымен танысып жатыр.

"Мәселе мынада, заттай дәлелдерді есептемегенде ол жерде 508 том бар. Салмағы сегіз терабайт болатын видеолар мен аудиожазбалар бар. Жұмыс көлемі өте үлкен және 13 күдікті бар. Сонымен қатар, олардың әрқайсында адвокаттар бар, барлығы танысуы керек. Процесс қалай аяқталады, солай істі сотқа жібереміз", - деді Жеңіс Елемесов.

Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті былайғы ортада Болат Назарбаевтың сенімді өкілі саналып келген Елдос Қоспаев бастаған қылмыстық топтың 7 мүшесін Солтүстік Кипрден Қазақстанға жеткізгенін мәлімдеген еді. Бұл операция былтыр 6 қыркүйекте жүзеге асырылды.

Бұл топқа ҚР Қаржылық мониторингі агенттігі рейдерлік жасады, ұйымдасқан қылмыстық топ құрды және оған қатысты деген күдікпен халықаралық іздеу жариялаған болатын.

"Тергеу мәліметтері бойынша оның мүшелері қорқыту және зорлық-зомбылық жасау арқылы кәсіпкерлердің мүлкін, олардың компаниялардағы үлестерін тартып алған, сондай-ақ, көлеңкелі бизнеспен айналысқан", - деп жазылған болатын мәліметте.

ҰҚК операциясы шеңберінде шетелдік әріптестермен тығыз іс-қимыл жасай отырып, топ қатысушыларының орналасқан жері анықталды.

Күдіктілер  ҰҚК "А" арнайы мақсаттағы қызметінің жауынгерлерінің айдауылымен Астанаға жеткізілді және қылмыстық қудалау органының қызметкерлеріне берілген еді.

Айта кетейік, Алматы облысында Елдос Қоспаевтың өзі тұтас бір шатқалды басып алып, онда ешқандай рұқсатсыз нағыз ранчо тұрғызған деген деректер де бар. Бұл мүлікте ол жылқы ғана ұстамаған. Үйдегі хайуанаттар бағында аю, тіпті африкалық арыстандар жұбы да болған.


Рекомендовать
Последние новости