Болат Назарбаев "Самал" атты сәйгүлікті тартып алмақ болған

Айкерім Ханша 30 янв. 2024 16:00 46391

Бұған дейін Дубайда өткен аламан бәйгеде «Кәбірхан» дейтін қазақ тұлпары топ жарғаны есіңізде болар. Осынау жеңісті естіген ел бөркін аспанға атып қуанған. Ал әлемжелідегі жұрт «Болат Назарбаев тірі болса, екі сөзге келмей тұлпарды тартып алар еді...» деген пікір білдіруде.

Бұл тегін емес. Даудың басы Назарбаевтың інісіне жылқы бермегені үшін 14 жылға бас бостандығынан айырылған Есбол Жаппасовта деп жазады Dalanews.kz. 

Оқиға былай өрбіген: 2018 жылы Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Беріктас ауылындағы бәйгеде қордайлық Есболдың "Самал" атты сәйгүлігі мәре сызығын бірінші болып кеседі. Шабысты бәсекенің несібесіне екі жеңіл көлік берілген.

Көпті еліктірген тартудан соң, Алматы облысы Талғар ауданының сол кездегі әкімі жеңісімен құттықтап, айғырға көз салған Болат Назарбаевқа беруді ұсынған. Бірақ Есбол түбегейлі бас тартқан. Кейін әкім қайта келіп, әңгімені әріден өрбіткен. Екеуара диалог әкімнің «Қайтармасаң, өзің кінәлісің!» деген ашулы сөзімен аяқталған.

ACCA порталының ақпаратына қарағанда уақыт оздырмай Қордай ауылына Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері келіп, жылқышының өмірін зерделеуге кіріскен. Артынша оның қоластында істейтін әйелдің баласы кезінде істі болып, басы дауға қалғаны осы оқиғаның ушығуына себеп болған.

Өйткені әйел ұлын босату үшін Жаппасовтан 3 мың доллар қарыз алған. ҰҚК қызметкерлері мұны ұтымды пайдаланып әйелді Жаппасовтың үстінен жала жабуға мәжбүрлеген. «Бас тартсаңдар, пара алу туралы іс қозғаймыз, ұлын түрмеге жібереміз» деп қорқытқан. Әрине, әйел бауыр еті баласын таңдаған...

Араға бірнеше күн салып, Жаппасов іс-түссіз жоғалып кеткен. Туыстары екі апта іздеген. Кейін ҰҚК қызметкері хабарласып, Жаппасовтың қауіпсіз үйде екенін, жақын арада босатылатынын айтып сендірген.

Туыстарының айтуынша, оны шығаратын күні Жаппасовтың құрылысы бітпеген үйіне пулемет, көлігіне ҰҚК тәркілеп қойған тапанша жасырылған. Осыны негізге алып, Есбол Жаппасовты түрмеге қамаған.

Тергеу барысында Есбол Жаппасовтың Қырғызстан парламентінің депутаты Дамирбек Асылбекулумен бірлесіп Қытайдан Қазақстан мен Қырғызстанға контрабандалық жүк тасымалдаумен айналысатын трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны анықталыпты-мыс. Бұл тұздық болып, 14 жылға бас бостандығынан айырылған. Ізінше Қордайға белгісіз біреулер келіп, сәйгүлікті тартып алмақ болған. Бірақ Жаппасовтың туыстары бермеген.

Атышулы оқиғаның жай-жапсарын осыдан екі жыл бұрын Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Жаппасовтың туыстары егжей-тегжейлі айтып берген еді. 

«Есбол абақтыда бекер отыр. Оның шын себебін бәрі біледі. Бірақ үнсіз отыр. Қаңтар оқиғасына дейін билігін асырған дөкейдің көреалмаушылығы», – деген еді Есболдың туысы Әділхан Шынтасов.

Ең қызығы сотталған Жаппасовтың ауылдастары сот шешіміне қарсылық білдірмек болған. Алайда ҰҚК қызметкерлері іске қайта араласып, бастапқы шешім сақталыпты. Бұл іске белгілі қазақстандық заңгер және құқық қорғаушы Айман Омарова кіріскен.

Жаңа Қазақстанда әділеттілік орнап, Есбол бостандыққа шықты ма? Dalanews оқиғаның мән-жайын анықтау үстінде.

 


Рекомендовать
Последние новости