“Болашақ ұрпағымызды қарызға белшесінен батырамыз”: Ерлан Сайыров бюджет жобасын сынады

Қаракөз Амантай 12 сент. 2024 15:57 2041

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров 2025-2027 жылға арналған республикалық бюджет жобасын сынап тастады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутат бюджет қаржысын оңды-солды басқару болашақта үлкен мәселеге әкеп соғатынын атап өтті.

“Президент Тоқаев жолдауда қаржы саласында көрпеге қарай көсілу керегін айтты. Бюджетке назар салсақ, болашақ ұрпағымыз қарызға белшесінен бататын көрінеді”, - дейді ол.

Осы тұста ол баяндамаға сәйкес, бірнеше мысал келтірді.

“Салықтар – 15 триллион теңге, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт – 2 трлн теңге, Ұлттық қордан нысаналық трансферт – 3,2 трлн теңге, бюджеттің тапшылығы – 4,8 трлн теңге. Осы 4,8 триллион теңгені сіздер қарызға алғалы отырсыздар. 25,7 триллион теңгенің 10%-ы, яғни, 2,5 триллион қарызды сіздер қазірдің өзіндетөлеп отырсыздар. Сонда бюджеттің 15%-ы тек қана қарыз өтеумен кетеді деген сөз. Осы 4,8 триллион теңгені сіздер қандай мөлшермен алып отырсыздар? Пайызды есептегенде ол біздің халыққа қанша сомаға жетеді?”, – деп Сайыров Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмринге сауал жолдады.

Ал Азамат Әмриннің сөзінше, кірістер шығыстарға қарағанда баяу өсуде. Бұған коронавирустық пандемия кезеңі басты себеп болғанын жеткізді.

“Естеріңізде болса, пандемия кезеңі, пандемиядан кейінгі кезең, содан кейін қаңтар оқиғасы болды. Біз Ұлттық қордан жыл сайын шамамен 4,5-5 триллион теңге трансферт алып отырдық. Айта кетейік, біз негізгі шығындарға қатысты барлық бюджетті қабылдап алдық. Бұл әлеуметтік төлемдер, әлеуметтік жәрдемақылар, жалақылар, мемлекеттік тапсырмалар сынды әлеуметтік қажеттіліктер өсіп келеді”, – деді Әмрин.


Рекомендовать
Последние новости